Әлемді мейірімділік құтқарады!

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

«Әлемді әдемілік құтқарады» дейді. Біздіңше, әлемді дәл қазір мейірімділік құтқарады. Бір жылы сөз, бір ізгі амал адам жанын жадыратып, көңіліне көрік, өміріне медеу болғаны осыны ұқтырмай ма?! Оңтүстік өңірдің сонау бір шалғайында жатқан Шардарадан әлемге әйгілі спорт клубын ашқан Арман Қарсыбаев мұны әлдеқашан ұққандай. Арман Романұлы кешегі аптада үлкен бір сауапты іс жасап, көпшіліктің алғысына бөленді. Тарқатып айтайық...
«Шардара АрмСпорт» клубының негізін қалаушы, есім-сойы бүгінде бүкіл әлемге белгілі бапкер Арман Қарсыбаев қасиетті Рамазан айында көп балалы отбасыға баспана сыйлап, сауабы мол іс жасады. Мейіржан Сүлейменов жұбайы екеуі осыған дейін 8 баламен бір бөлмелі пәтерде қысылып-қымтырылып тұрып келген екен. Ол баспана да өзінікі емес, кісінің үйі. Бұлар жалдап тұрған. Арман Қарсыбаев осы отбасыға қасиетті Рамазан айында Шардара қаласының орталығынан 4 бөлмелі үйдің кілтін табыстады.
– Армандай азаматтың бұл ісіне мың да бір рахмет айтамыз. Бұл қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. «Қайырсыз адам – сараң, құм ішінде шөлмен тең, қайыры мол адам – суаты шалқар көлмен тең» дегендей, ауданымыздағы баспанасыз, аз қамтылған отбасыларға шамасы келгенше көмектесіп, қол ұшын созып жүрген Арман Романұлының деніне саулық, отбасына амандық, қажымас қайрат тілеймін, – дейді Мейіржан Сүлейменов.
Айтпақшы, бұл отбасы кенже баласының есімін Арман Қарсыбаевтай азамат болсын деп Арман қойған екен. Жалпы – бұл Арман Романұлының алғашқы қайырымдылығы емес. Естеріңізде болса, былтыр Шардарада тұратын жалғызбасты көп балалы ана Жанар Айымбетованың үйін өрт шалып, дүние-мүлкі түгел отқа оранған. Сол кезде Арман Қарсыбаев жомарттық танытып, жалғызбасты ананың үйіне қажетті тұрмыстық техникалар сатып әперген-ді.
Ал, 2019 жылы Арман Романұлы Шардарада тұратын жалғызбасты ана Әлия Жасұзаққызына 4 бөлмелі үй сыйлаған еді. Сонда Әлия апайымыз да көзіне жас алып, Арман Романұлына шексіз алғысын білдірген-ді.
Пікір қалдырыңыз