Президент чемпиондарды құттықтады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев грек-рим, еркін және әйелдер күресі бойынша Астанада өткен Азия чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін жарқын жетістіктерімен құттықтады.
– Сіздер байрақты бәсекеде топ жарып, ел абыройын асқақтаттыңыздар. Боз кілемде жеңіске деген ерік-жігер мен шеберліктің озық үлгісін көрсетіп, жанкүйер қауымға зор қуаныш сыйладыңыздар. Бұл – табандылық пен қайсарлықтың, тынымсыз еңбектің нәтижесі. Сіздердің жеңістеріңіз спортты серік еткен жастарды жігерлендіріп, биік белестерге бастайтыны сөзсіз. Еліміз күрес өнерін дамыту үшін барлық жағдайды жасап отыр. Балуандарымыздың дүбірлі додаларда үздіктер қатарынан көрінуі – соның айқын дәлелі, – деп жазылған Президенттің құттықтау хатында.
Мемлекет басшысы спортшыларымыздың алдағы уақытта да аламан сайыстарда жоғары нәтиже көрсетіп, ел мерейін көтере беретініне сенім білдірді.

Пікір қалдырыңыз