Бақ қонған үй

Дилара Бименова, «Оңтүстік Қазақстан».

Қазақ тумысынан балажан халық қой. 38 жасында 9 баланы дүниеге әкеліп, кеудесіне алтыннан алқа таққан шымкенттік Гүлмира Айтқұлова туралы жазбақ болып, оның үйіне барғанымызда алдымыздан жүгіріп шығып, бірінен кейін бірі аман-саулық сұрасып, «Сәлеметсіз бе?» деген тәрбиелі балаларды көргенде ет жүрегіңнің елжіреп сала бермеуі мүмкін емес.
Әр  отбасының өз ерекшелігі болады. Кейіпкеріміз Гүлмира Әріпханқызының отбасы көп балалы болғанымен ерекшеленетін шығар дегенбіз. Тіл-көзіміз тасқа, бұл бір жағынан көп балалы, екінші жағынан ғалымдар ұрпақ өрбітіп отырған шаңырақ екен. Сондықтан  мақаланы жазу барысында осы жағына да мән беруге тырыстық.
Әрине, көп балалы әкеден гөрі ғылым жолына түсу әсіресе көп балалы анаға қиын. Гүлмира Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін бітіріп, білімін магистратурада жалғастырады. Кейіннен М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне докторантураға түскенде, оның диссертациялық жұмысына жетекшілік етуге көптеген ғалымдар келісімін бермейді. «Көп балалы ана ғалым бола алмайды» деген ұстанымдарын ашық айтып, жас ғалымның болашағына күмәнмен қарайтындықтарын жеткізеді. Әрине, бұл жағдай Гүлмираға оңай соқпайды. Дегенмен, көп ұзамай Шымкент университетінде «Филология» кафедрасының меңгерушісі болып жұмыс істейтін Райхан Қожабекова арқылы филология ғылымдарының докторы Раушангүл Аваковамен танысады. Раушангүл Әмірденқызының қолдауы оның кеудесіне үміт отын қайта жағып, қазір кейіпкеріміз ғылыми жұмысын жазуға құлшына кіріскен.  
Гүлмира мен Нұрланның отау құрғанына биыл – 16 жыл. Бүгінде олардың шаңырақтарында екі ұл мен жеті қыз өсіп келеді. Үлкендері Гауһар қазір 9-сыныпта оқиды. Ал, кенжелері Нұрмұхаммед жақында жасына толды.
– Балаларымның үлкені Гауһар мен Әлихан Шымкенттегі М. Х. Дулати атындағы үш тілде оқытатын мамандандырылған №8 гимназия мектебінде оқиды. Алтыншы сыныпты бітіргеннен кейін өздері сол білім ұясына барып, емтихан тапсырып түскен. Қазір онда тереңдетілген білім алуда. Одан кейінгілерім Томирис пен Раяна жекеменшік «Жалын» мектебінде, ал, Бибісұлтан мен Аружан Сағадат Нұрмағамбетов атындағы №72 жалпы орта мектепте оқиды, – деп Гүлмира балаларының сабақ үлгерімі жайлы айта бергенде Бибісұлтан бізге Аружанды мектепке өзі апарып-әкелетінін және үй тапсырмаларын қадағалайтынын жеткізді.
Бибісұлтан қазір 3-сыныпта, ал, Аружан 1-сыныпта оқиды екен.
– Онысы рас. Аружан
5 жасқа келгенде мен кенжем Нұрмұхаммедті босандым да, ешқайда шыға алмай қалдым. Содан оны мектепке апарып-әкелу, сабағын оқыту осы Бибісұлтанға жүктелді. Аружан – сыныбында ең үздік оқушы. Бір минутта 127 сөз оқып, бәрімізді қуантты.
Шынымды айтсам, мен негізі балаларымның ішінде Гауһар мен Әлиханның  ғана сабағына қатты көңіл бөлдім. «Алдыңғы арба қайда барса, соңғы арба сонда жүреді» демекші, қалғандары бір-біріне қарап, әріп танып, есеп шығарып үйренді. Тіпті, әлі мектепке бармаған 5 жасар Ұлжаным да оқып, жаза алады, – дейді
Гүлмира.
Мұндай көрініс көп балалы отбасылардың көпшілігіне тән. Ағалы-інілі, апалы-сіңлілі болып көп балалы отбасыда мейірімге бөленіп өскен бала айналасына қамқор, бауырмал болады. Жалпы, отбасыда жалғыз өскен баланы тәрбиелегеннен гөрі үйелмелі-сүйелмелі көп баланы тәрбиелеген әлдеқайда жеңіл.
– Гауһар қызымның маған көмегі көп. Ол үш жасынан бастап артынан ерген інілері мен сіңлілеріне қарады. Міне, өзіңіз көріп отырған Иллийина мен Нұрмұхаммедтің арасы 11 ай. Бұларды бәрі егіздер деп ойлайды. Олар егіз емес, құрдастардай өсіп келе жатқан бауырлар. 2 жасар Иллийина
1 жасар інісі Нұрмұхаммедті ойнатып, тамақтандырады, –деді көп балалы ана.
Расында да енді ғана былдырлап сөйлей бастаған Иллийина Нұрмұхаммедтің тілін біледі. Өзі жейтін тамағының жартысын бауырының аузына салып отырды. Екеуі бір кеседен шай ішті.
Гүлмира Шымкент университетінде филология кафедрасының аға оқытушысы болып жұмыс істейді. Ал, жолдасы Нұрлан заң ғылымдарының кандидаты. Ол да Шымкент университетінде студенттерге дәріс оқиды. Бір байқағанымыз бұл отбасыда есін білгендердің барлығы да білімге құштар.
– Көп балалы әйел өте шыдамды, төзімді болу керек. Қазіргі заман ағымына ілескісі келіп «үйде отырып қалдым, жұмыс істеп, табыс таппадым» деп шу шығаратындар да бар ғой. Меніңше, әйел адамның өмірге келгендегі ең басты міндеті – ұрпақ өрбіту. Қыздарымыз соны ұмытпауы керек. Біз отбасын құрған уақытта жатақханада тұрдық. Үш перзентім сонда өмірге келді. Аллаға шүкір, бүгінде міне, үлкен отбасыға айналып отырмыз. Жер алып, өз баспанамызды тұрғыздық. Әрқашан Алладан жәрдем сұрап, өз күшімізге ғана арқа сүйеп үйренгенбіз. Неге бұлай деп отыр дейтін боларсыз, көпшілік менен «мемлекеттен үй алдыңдар ма?» деп жиі сұрайды. Біз осы күнге дейін үйдің де, жердің де кезегіне тіркелмеппіз. Ондайды жолдасым құп көрмейді. «Барлығына өзіміз адал еңбегімізбен жетуіміз керек» дейді. Балаларына да солай айтады.
Сосын «кішкентай мәселе деген болмайды. Кез келген мәселеге үлкен жауапкершілікпен қарау керек» дейді. Әсіресе, бала тәрбиесіне келгенде салғырттық танытуға болмайтынын жиі ескертеді, – дейді Гүлмира.
Гүлмира мен оның жолдасы Нұрлан Бижан  бала тәрбиесіне келгенде бірін-бірі толықтырып отырады. Дегенмен, Нұрлан көбіне іссапарда болады. Сондықтан бұл отбасыда Гүлмираға артылар жүк те, сенім де үлкен екенін байқадық. Ол – «Алтын алқа» иегері. Тоғыз баланы дүниеге әкелу бір бөлек те, оны бағып-қағу, тәрбиелеп, жеткізу бар. Осы жағынан алғанда Гүлмираны көпке үлгі етуге әбден болады. Ол жолдасының және тоғыз баласының алдындағы жауапкершілігі мен жұмысын қатар алып келе жатқан қазақ әйелі.
Жолдасы да оның жұмыс істеуіне қарсылық білдірмеген. Қайта білімін жетілдіре түсуіне қолдау көрсетеді екен.
– Күйеуім Нұрлан да, мен де көп балалы отбасыдан шыққанбыз. Ол «балаға тәрбиені айтып бермеу керек, көрсету керек» дегенді берік ұстанады. Әр ісін ұл-қызына көрсетіп жасауға тырысады. Осы үйді салып жатқанда да «құрылыс басына барасың ба, әзірге бір- екі бөлмені ғана бітірдім. Балалар да өз үйлерінің қалай салынып жатқанын көріп өссін» деді. Сөйтіп, алғашқыда үйіміздің екі бөлмесін бітіріп кіргенбіз. Ол кезде мұнда су да болмайтын. Су таситын жүк көліктер аптасына бір рет келіп, ыдыстарымызға су құйып кететін. Газ құбырлары да кейін тартылды. Десек те, біз сол уақытта өз үйіміздің барына шексіз қуанушы едік, – дейді Гүлмира.
Кейіпкеріміз әңгімелесу барысында өзінің анасы мен енесінің де осы балалар десе ішкен асын жерге қоятынын айтып, оларға алғысын жаудырды. Қара шаңырақта тұратын енесінің бұлардың үйіне келген күні кішігірім мереке болатынын жеткізді. Келін үшін ененің орны әрқашан да биік қой. Қазақы салт-дәстүрді сақтап келе жатқан ақ жаулықты аналардың өнегесі мен тәрбиесін бойына сіңіріп өскен Гүлмирадай қазақ әйелдері көбейе берсінші деп тіледік. Теңіздің дәмін бір-ақ тамшысынан білуге болады дейді. Сол айтпақшы, біз көп балалы үйдің босағасынан аттағаннан-ақ шын бақыттың балалардың бал күлкісіне толған осындай жерге келіп қонатынына куә болып қайттық. 

2 пікір

  • Наймантаева Раушанхан Валиханқызы, Алматы қаласы
    Наймантаева Раушанхан Валиханқызы, Алматы қаласы

    Айналайын Гулмира мен Нуреке, өмірдегі ең улкен арман-максат Улкен шаңырак *Отбасы, деген ата -бабамыз, сол міндетті екеуіңіз ьір болып, жеттіңіздер, енді Ұрпактарыңыз бен мың жасаңыздар!

  • Айтқұлов Мелдехан
    Айтқұлов Мелдехан

    Ассалаумағалейкум қазақ елі, мінеки от басы бақытты деген осы шығар,Аллам денсаулық,құт береке,бақ даулет берсін от басыңа,бұл иманның тазалығын,сабырдың мықтылығн білдіреді,Нұреке Гүлмира ұл қыздарың аман болсын

Пікір қалдырыңыз