«Бесбармақ» емес, «атадәм» деп атасақ...

«Жылқының еті жесең тісіңе кіреді, жемесең түсіңе кіреді» деген сөзді қазақ тегін айтпаған. Етті жақсы көретін қазақ ұлттық тағамымызды бүгінде «бесбармақ» деп атап жүр. Осының өзі қисынға келеді ме? Көненің қойнауынан бүгінгі күнімізге келіп жеткен асыл асымызды бір өңірде «қамыр тамақ» дейді. Оңтүстікте көбіне «бесбармақ» деп атайды. Осы сөз маған онша ұнай қоймайды. Неге? Өйткені, тамаққа бес бармақты сұғып жейтін болған соң кезінде солай аталып кеткен. Біз бармақ сормаймыз. Сондықтан «бесбармақ» дегеннің орнына «атадәм» деп атасақ қалай болар еді?! Сөздік қорымызда «атажұрт», «атамекен», «Ата заң», «ата салт», «ата-мұра», «ата-баба», «Қамбар ата», «Шопан ата», «Сексек ата» деген сияқты құлаққа жағымды атаулар жиі кездеседі емес пе?! Сол сияқты, атадан келе жатқан ұлттық тағамымызды «атадәм» деп атасақ, біздіңше жарасып-ақ кетер еді. «Алдымызға атадәм тартылды», «атадәмнен алып отырыңыз» деген сездердің өзі де құлаққа жағымды естілер еді. Өйткені, оның бізге атамыздан қалған, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан дәм екені рас қой.
 Таяуда қолымызға 2012 жылы Алматыдағы «Слон» баспасынан шыққан «Қазақтың этнографиялық категориялары, ұғымдары мен атауларының дәстүрлі жүйесі» деп аталатын энциклопедиялық кітаптың 2-томы түскен еді. Соны оқып отырып, ұлттық тағамымызға қатысты бүгінде архаизмге айналып кеткен көптеген деректерді кездестірдім. Мысалы, кітапта етке қосылып пісірілетін қамырды оңтүстікте «қамыр», «күлшетай» десе, Көкшетау жақта «құлақ нан» деп, батыста – «ет наны», солтүстікте – «жұқа нан», Батыс Қазақстан өңірінде – «іңкәп», еліміздің шығыс өңірінде, Қытайдағы, Моңғолиядағы қазақтар арасында – «шелпек», Қарақалпақстан мен Түркіменстан қазақтарында «күртік» деп атайтыны туралы айтылыпты. Сондай-ақ, «бесбармақ» деген сөздің тілдік қорымызға орыс отаршыларының кемсітіп атауымен енгені жөнінде айтылады. 
Ендеше, неге ата дәмімізді әлі күнге дейін осы атаумен атап жүрміз? 
Ұлттық тағамымызды «атадәм» деп атайық, ағайын! Біздің бұл ұсыныс бастамамызды қолдайтындар ел арасынан көптеп табылады деген сенімдеміз.

Бекен ЕЛУБАЙҰЛЫ,
журналист.
Пікір қалдырыңыз