Басты байлыққа басымдық берілуі тиіс


     «Он екі мүшең сау болса, қара басың ханмен тең» дейді халық даналығы. Адамзат үшін денсаулықтан асқан байлық жоқ. Ең алдымен, әрбір азамат салауатты өмір салтын ұстанып, саулығын жас кезінен күту керек. Гигиенаны сақтап, зиянды әдеттерден бойын аулақ болса, тазалықты мұқият ұстанса, онша-мұнша ауру жоламайды. Ақ желеңділер әрдайым Гиппократ антына адал, денсаулық күзетінде қырағы тұр. Кей сәттерде тәуекелге барып, науқасты ажалдан арашалап алу үшін операция үстелінде бірнеше сағат бойы тұруға мәжбүр. ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Медицина қызметкерлерінің құқығын заң арқылы қорғалуы тиіс» деген сөзін естіп, қуанып қалдым.

     Расында да медицина қызметкерлерінің  әлеуметтік жағдайы талайдан бері назардан тыс қалып келе жатқаны рас. Әрине, бізден жауапкершілік қатты сұралады. Өйткені, әрбір науқастың тағдыры сенің мойныңда болады. Оларды емдеп, ауруынан айықтырып, қатарға қосқанша бар білім мен біліктілігіңді, қажыр-қайратыңды жұмсайсың. Егер ауруы әбден асқынып, ем қонбай, пациент көз жұмса, алғаш соққы алатын — дәрігер...

       Жоғары жақтан сенің жұмысыңа қызметтік тексеру жүреді, емдеу әдісіңді саралайды. Оның үстіне марқұмның туған-туысқандары қайғылы оқиғаны түсіністікпен қабылдаса, бір сәрі?! Неше түрлі адамдар кездеседі... Осындай жүйке жұқартатын жәйттер жетерлік.  40 жылдық дәрігерлік тәжірибемде мұндайлардың талайын басымыздан өткердік қой, жақсы білеміз. Арнайы заңда медицина саласының беделін арттыруға байланысты баптар қабылданып жатса, нұр үстіне нұр!

                                                                                   Елдос Сұлтанов,

                                                      Леңгір қалалық ауруханасының бас дәрігері.    

Пікір қалдырыңыз