Туризмге тың серпін беру қажет


Елордада VIII сайланған ҚР Парламентінің бірінші сессиясы өтті. Онда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен Парламентке туризмді дамытуға байланысты бірқатар тапсырма берді.

-- Үкімет пен Парламент туризмді дамыту мәселесіне баса назар аударуға тиіс. Еліміздегі туризмнің әлеуеті зор, көрікті жерлеріміз өте көп. Бірақ, сол жерлерге барып, демалуға әлі де жұрттың қолы жете бермейді. Бұл салаға тың серпін беру үшін ең алдымен инфрақұрылым мәселесін кешенді түрде шешіп, қызмет сапасын түбегейлі жақсарту қажет, -- деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Сонымен қатар, Президент кәсіпкерлердің туризмнің болашағы зор екенін көруі керектігін де айтты. Елімізде сырттан келген саяхатшылар көріп-қызықтайтын, қарап-тамсанатын жерлер өте көп. Дегенмен, туризм саласының біз үміт еткендей  жоғары деңгейге көтеріле алмай келе жатқаны рас. Республика аумағындағы табиғаты көркем, тарихы терең шежіреге бай киелі жерлерді туризмге айналдыруға не тосқауыл болып отыр? Елімізде жаңадан жасақталған Парламент алдағы уақытта осы мәселені анықтауға белсенді түрде кірісетін болады. Ел арасында киелі орындарға алып баратын жолдардың сын көтермейтіні, онда қонақтарға көрсетілетін сервистік қызметтердің нашарлығы жиі айтылады. Мұның да алдағы уақытта оң шешімін табатынына сенім мол.  

Ұлжалғас МҰСТАФАЕВА,

ҚР Мәдениет қайраткері.

 

Пікір қалдырыңыз