Мақсатымыз – сапалы мамандар даярлау
Мемлекет басшысы ұсынған Жаңа Қазақстан идеясының түпкі мәні – заман үдерісіне сай лайықты білім берумен қатар озық технологиялармен қаруланған мамандар даярлау арқылы инновациялық экономиканы дамыту. Себебі, еліміздің болашағы, оның халықаралық аренадағы беделінің өсуі, ұлттық қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуі, мемлекет алдында жоғары жауапкершілікке ие мамандарға байланысты.
Осы тұрғыдан келгенде, Шымкенттегі Орталық Азия инновациялық университеті – бүгінгі заман талаптарына толық жауап беретін жоғарғы оқу орындарының бірі. Университет Ресей, Польша, Тәжікстан және Өзбекстан сияқты мемлекеттермен тығыз байланыс орнатып, жаңа инновациялық технологияларды бірлесіп жасауда. Оқыту базасы жаңа технологиялармен жабдықталған жоғары оқу орны студенттерге тәжірибелік бағыт-бағдар бере отырып, болашақ мамандардың білімін шыңдайды.
Университеттегі «Химия, биология және экология» кафедрасы 1998 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Кафедрада 6В01501 – «Химия», 6В01503 – «Биология», 6В01505 – «Химия – Биология», 6В05201 – «Экология» және 7М01501 – «Химия», 7М01502 – «Биология» білім беру бағдарламасы бойынша мамандар даярланады. Материалдық-техникалық базасы заман талабына сай жабдықталған. Қазіргі уақытта кафедраны ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Ақмарал Бердалиева басқарады.
Мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, ерекше шәкіртжандылықты, мейірімділікті қажет ететін мамандық, ол – ұстаздық. Кафедрада Қазақстанды шетелдерге танытуға бар күш-жігерін салатын ғылыми мансапты жүзеге асыруға нақты мүмкіндіктер беретін профессор-оқытушылар құрамы жұмыс істейді. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Е.Байбеков, Н.Айтбаев, биология ғылымдарының кандидаттары Н.Есқараев, К.Муминова, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаттары Г.Қылышбаева, Ж.Сапарова, А.Исабаева сияқты ғалымдар ұжымда үлкен беделге ие.
Ширек ғасырлық тарихы бар оқу орнының бүгінгі беделі түлектеріміздің қол жеткізген кәсіби жетістіктерімен бағаланады. Бұл бағытта университет түлектерінің толайым табыстарын мақтана айтуға болады. Себебі, олардың еңбек жолындағы үздік жетістіктері – университет үшін зор мақтаныш. Олардың әрбірі табанды еңбектерімен ел экономикасын дамытуға лайықты үлес қосып келеді. Қорыта айтқанда, біздің университетке түскен, оның ішінде біздің кафедрада білім алғысы келетін түлектер ертеңгі күні жұмыссыз қалмайды.
Орталық Азия университетінің «Химия, биология және
экология» кафедрасының ұжымы.