Жылан жайлаған кітапхана...

Дилара БИМЕНОВА, «Ońtústik Qazaqstan».

Бүкіл түркі әлемінің назары ауған Түркістан облысында іші жыланнан арылмайтын кітапхана бар дегенге сенесіз бе? Басында біз де сенбегенбіз. Сосын көзбен көрмек болдық, бірақ жылан шіркін журналист келеді деп күтіп жатпайды ғой. Дегенмен, мәселені зерттеп көруді ұйғардық. 


Біз көрген кітапхана Сауран ауданының Ораңғай ауылдық округіне қарасты Құсшы ата елді мекеніне орналасқан. Бұрын бұл ауыл «Бостандық» деп аталыпты. Ауыл мектебінің жанында әбден ескіріп тозған, қабырғалары қайта-қайта әктеле беріп, әк жұқпайтындай жағдайға жеткен екі ғимарат қатар тұр. Кітапхана соның бірінде орналасқан. Көк есік кітапхананыкі екен. Ішке ендік. Құдды алдымыздан басы қылтиып жылан шыға келердей жүрексініп тұрмыз. Көзіміз бозғылт тартқан бөлмедегі кітап сөрелеріне түсті. Биыл мерейлі жасқа толатын ақын-жазушылардың шығармалары мен жаңадан келген кітаптар оқырмандар назарына ұсынылыпты. Мұндағы 11 564 кітап қоры пойыздың вагоны секілді бір-біріне жалғасып кете беретін ішкі бөлмелерге қойылған. Бірінші бөлмеге кіріп, көгеріп, зәктенген қабырғалары мен жырым-жырым болған еденін суретке түсіріп алдық. Ал, одан кейінгі күн көзі түспейтін, қабырғалары опырылып түскен қараңғылау бөлмеге қарай жүруге жүрегіміз дауаламады. Қорықпайтын да ма едік, кітапханашы «қабырғалардан құлаған топырақтарда жыландардың ізі бар» деді.   

Мәдина Беристемованың мұнда жұмысқа тұрғанына 6 ай ғана болыпты. Бұл бөлмеге жалғыз кіруге ол да қорқады.  

– Әлі жылан көргенім жоқ. Бірақ, бұрын жұмыс істеген кітапханашылар мұнда жыланның көп болатынын айтып, сақ болуымды ескертіп отырады. Өткенде күн кішкене жылына бастағанда кітап сөрелерінің арасы сыбдырлап, жылан жорғалап жүргендей, бір кезде бір-екі жылан сылқ етіп жерге құлап түскендей болды. Барып көруге жүрегім дауаламады. Сондай сәттерде «жылан қай жерден шыға қалар екен» деп біресе сөрелерге, біресе едендегі тесіктерге қарап үрпиіп отырамын, – дейді Мәдина. 

Кітапханадан кейін аттам жерде Құсшы ата ауылының пошта ғимараты тұр. Бір бөлмелі жатаған там. Ол ғимараттан осы күнге дейін жылан шықпаған. Пошта қызметкері Ерехан Төлеуов мұнда 1984 жылдан бері жұмыс істейді. Ерехан ағай қайбір жылы екі кірпіні кітапханаға кіргізіп жіберген екен. Содан кейін 2-3 жылдай жылан көрінбепті. Сол жылдары кітапханада қызмет еткен Гүлжәмила Адилованы да іздеп тауып, тілдестік.  

– Кітапханада 1997 жылдан 2019 жылға дейін еңбек еттім. Менің алдымда кітапханашы болған Еркінгүл апа мұнда жылан бар екенін айтатын. Қорқып жүрдім. Бірде оқырманым кітап сөрелеріндегі кітаптарды қарауды өтінді. Рұқсат беріп, өзі сұраған салаға қатысты кітаптардың қайда тұратынын көрсеттім. Ішке кіргені сол-ақ еді «жылан!» деген жан дауысы шықты. Зәрем ұшып кетті. 

Пошта қызметкері Ерехан Төлеуов кітапханаға екі кірпіні кіргізіп жіберген еді. Содан екі жылдай жылан көрмедік. Алайда, мұнымен жыландар мүлдем жоқ болып кетті дей алмаймын. Балалар әдебиетіне арналған кітап сөресінен де дәу жыланның дөңгеленіп оратылып жатқанын көрдім. Түскі үзілістен соң кітапхана есігін ашып, босағаны аттай бергенімде алдыма төбеден екі жылан сылқ етіп құлап түсті. «Ертең зейнеткерлікке шығамын» деген күні кітаптар сақталатын бөлмеге кіргенмін. Сөрелердің бірінен екіншісіне қарай өте бергенімде қарсы алдымда қаққан қазықтай қақайып дәу сұр жылан тұр. Зәрем ұшып, бір жүгіріп, бір құлап, алды-артыма қарамай қашқаным әлі есімнен кетпейді, – дейді Гүлжәмила апай.    

Мақаланы жазу барысында Еркінгүл Түлкібаева апаны үйіне іздеп барып, одан да жылан жайлаған кітапханада қызмет еткен жылдары жайлы айтып беруін сұрадық. 

– Бұрынырақта ол ғимарат монша болған екен. Ал, оның жанындағы мектеп ғимараты о баста балалар үйіне арналып салыныпты. Мен жұмыс істеген уақытта, яғни 1959 жылы моншаның пеші бар еді. Ішінде жыландар құжынап жүретін. Сөрелерден жыландар төмен қарай созылып түсіп тұратын. Үлкен үстелдің үстіне газет-журналдардың тігіндісін қоятынмын. Солардың да арасында жыландар жататын. 

Бізде кітап қоры ішкі бөлмеде сақталады ғой. Сол бөлмеге арқамды беріп, жазуымды жазып отырамын. Тыныштық орнаған кезде жан-жақтан ысылдап жыландар келе бастайды. Еденнің үсті айқыш-ұйқыш жыланға толып кетеді. Ұзын сызғышыммен еденді ұрғылап, жандалбасалап, «Әй, кетіңдер, кетіңдер» дейтінмін. Содан кері бұрылып, көрінбей кететін. Оқушылар кітап өткізуге келіп тұрғанда да, сөмкемнің ішіне жыланның кіріп бара жатқанын көріп қалдым. Балалар қорқып қалмасын деп, дереу сөмкенің бетін жаба салғаным бар. Осындай-осындай талай оқиға бастан өтті ғой. 

Ол кезде егіс алқаптарына барып, мақташыларға кітап оқып беретінбіз, – дейді Еркінгүл апа.

Кезінде бұл кітапхананың кітап қоры 25 мыңға дейін жетіпті. Ораңғай ауылдық округіне қарасты бірқатар ауылдарда кітапханалар жабылып, ондағы кітаптар осында тасымалданған көрінеді. Біздің айтпағымыз, қазір мұндағы 11 мыңнан асқан кітап қорымен аядай жерде сығылысып отырған кітапханаға жаңа үй керек. Өйткені, қалыпты температурада сақталмаған соң кітаптардың ылғал тартып, жарамсыз күйге түсуі әбден мүмкін. «Кездесе қалса, басына айран құйып, ұн сеуіп шығарармын» деп ағарғандарын қасына алып, барға қанағат еткен кітапханашылар өздеріне емес, бірінші кезекте осы кітаптардың тағдырына алаңдайды. 

Жалпы Құсшы ата ауылында Мәдениет үйі жоқ. Мұнда мәдени орталық ретінде кітапхана ғана жұмыс істеп тұр. Ал, оның жағдайы осындай... 

Қазір заман талабына сай жабдықталған кітапханаларда интернет желісі, өз-өзіне қызмет көрсету орталықтары, түрлі мәдени іс-шаралар өткізілетін арнайы залдар бар. Біз әңгімемізге арқау еткен кітапханада оның бірде-біреуі жоқ. Мұндай технологияны былай қойғанда, оқырмандар отыратын оқу залы мен кітапханашыларға арналған бөлмені де көре алмайсыз. Жылу жүйесі жүргізілмеген. Қызметкерлер электр тогымен жылытылатын пешті пайдаланады. Кітапхана шатырының әбден тозығы жеткен. Жауын-шашын болса төбесінен су ағып, кітапханашы оған шелек қойып әуре-сарсаңға түседі. Ылғалдан еденге төселген тақтайлар да шіри бастаған. 

Өңірімізде жеке ғимараты жоқ кітапханалар да бар. Көбі Мәдениет үйлерінің ішінде орналасқан. Жалпы, облыста 395 кітапхана бар. Оның 18-і – аудандық орталық, 18-і – аудандық балалар кітапханасы, қалғандары – ауылдық кітапханалар. Төрт ауылда қосымша балалар кітапханасы жұмыс істейді. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай 25 ауылдық кітапхана «модельді кітапханалар» қатарына енген. Яғни олар интернетпен және газет-журналдармен толыққанды қамтылған, кітап қорын жаңартып отыру мәселесі де қарастырылған. Құсшы ата ауылындағы кітапханаға да осы заманға лайықты жаңа ғимарат керек-ақ. 

Қалай болғанда да ауылдың қандай екенін оның кітапханасына қарап ажырататын күн туарына сенгіміз келеді. 


Пікір қалдырыңыз