Аманкелді Иманов ұрпақтары және Түркістан өңірі

Шыңғыс ханның дәстүрі басшылыққа алынды
Тәуелсіздікке, азаттыққа қол жеткізу ұлтымызға оңайға соққан жоқ. Орта Азия мен Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт- азаттық көтерілістер – ақ патшаның отарлау саясаты мен ғасырлар бойғы жасаған езгісіне іштегі ыза-кектің лықсып сыртқа шығуы еді. Орыс патшасының 1916 жылғы 25 маусымдағы Жарлығы – сол көтеріліске себеп болды.
Бұл қозғалыс – қайсар халықтың ерлігі мен елдігін танытқан тарихи оқиға. Сол кезеңде ұлт-азаттық көтерілістер қазақ даласын тұтас шарпыды десе де болады. Оның ішінде Аманкелді Иманов бастаған Торғай қозғалысы Қазан төңкерісіне ұласып, сол дәуірдің түп-тамырымен өзгеріске ұшырауына себепкер болды.
Біз «сол кезеңде ұлт-азаттық көтерілістер қазақ даласын тұтас шарпыды» дегенді тектен-текке айтып отырған жоқпыз. Мәселен, 1916 жылғы патша жарлығынан кейін Торғайда Әбдіғаппар Жанбосынов пен Аманкелді Иманов бастаған қыпшақтар көтерілсе, Қарқарада албандар көтерілді. Алматының батысында Бекболат Әшекеев бастаған дулаттар атқа қонса, Шығыс Қазақстан өлкесінде арғындар мен наймандар дүр ете қалды. Айжарқын Қанайұлы бастаған кіші жүз рулары еліміздің батыс өлкесінде ақырып теңдік сұрады. Осының бәрін тұтастай алғанда ұлт-азаттық қозғалыс болып шығады деп есептейді тарихшылар. Өкінішке қарай, бұл көтерілістерде өзара байланыс болған жоқ. Бұл көтерілістердің қозғаушы күшін, әлеуметтік негізін қазақ шаруалары құрады. Сонымен қатар оған байлар мен болыстар, билер мен демократ зиялылар да қатысты.
Қазақ зиялы қауым өкілдерінің 1916 жылғы көтеріліске қатысты көзқарастары біржақты болған жоқ. Нақтырақ айтатын болсақ, тыл жұмыстарынан босатылғандар патша Жарлығын қолдап отырды. Қазақ зиялыларының, сондай-ақ, патшаның жұмылдыру туралы жарлығына қарулы қарсылық көрсету мәселесіне де көзқарастары әртүрлі болды. Жетісуда Тоқаш Бокин, Сырдария облысында Тұрар Рысқұлов, Ақмола облысында Әділбек Майкөтов, Бөкей Ордасында Сейітқали Меңдешев пен Әбдірахман Әйтиев, Торғай облысында Әліби Жангелдин, Бәймен Алманов, Оразғали Асауов, Маңғыстауда Жалау Мыңбаев сынды ұлттық-демократиялық бағыттағы интеллигенция өкілдері қалың бұқараның мәжбүрлеп жұмылдыруға қарулы қарсылық көрсету туралы шешімін қолдап қана қоймай, өздері де көтеріліске қатысқан.
Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов сынды либералды интеллигенция мен олардың пікірлестері көтеріліске қарсы болды. Алғашқылары да, соңғылары да өз көзқарастарын халыққа көмектесуге деген ынтасымен, елге тиетін моральдық, физикалық және экономикалық зардаптарды барынша азайтуға ұмтылысымен түсіндірді.
Осы жерде мына мәселені айтпай кетуге болмас: Алаш зиялылары өздері армандаған жарқын болашаққа қантөгіссіз баруды да ойластырды. Оның мысалы М.Дулатовтың «Еңбекші қазақ» газетінде 1926 жылы шыққан мақаласындағы төмендегідей жолдар: «Төңкеріс жолында қазақ жұрты құрбан болып-ақ кетсін деуге дәтіміз шыдамады. Сондықтан біз екінші жолды қаладық – көну керек дедік». Алаш зиялыларының мұндай адамгершілікті басшылыққа алған гуманистік көзқарасы өзінің ұлтына деген сүйіспеншілігінің, оған шексіз берілгендігінің тағы бір айқын көрінісі еді. Қазақстанның тәуелсіздік алуынан кейінгі кезеңде жарық көрген қазақ зерттеушілерінің еңбектері бұл пікірді мұрағат және баспасөз деректеріне сүйене отырып, ғылыми тұрғыдан нақты дәлелдеп берді, – деп ой тұжырымдайды тарихшы ғалым Т.Омарбеков. («Қазақпарат» тілшісі С.Жолдасовпен сұхбат. Алматы. 2016).
1916 жылғы халық қозғалысы жайлы зерттеулер мен құжатты деректер, қайраткерлер мен белгілі тұлғалардың ғылыми еңбектерін зерделеу арқылы қазіргі таңда сол ұлт- азаттық көтерілістердің көптеген белгісіз қырлары ашыла түсуде. Қазақстандағы қозғалыстардың ішінде көбіне Торғай қозғалысы ерекше аталатыны бекер емес. Бұл тарихи ірі оқиғаның ғылыми тұрғыда зерттелетін тұстары әлі де жеткілікті. Елімізге белгілі тарихшы ғалымдар Мәмбет Қойгелдиевтің, Талас Омарбековтің, Берекет Кәрібаевтың, т.б. зиялы қауым өкілдерінің бұл тараптағы берік ұстанымдарымен ақпарат құралдары арқылы таныспыз.
Осы орайда Торғай көтерілісі қазақ даласындағы басқа көтерілістерден несімен ерекшеленеді деген заңды сұрақ туады. Деректі зерттеулерге үңілсек, Торғай халқын азаттық қозғалысына ұйымдастырған ұлт зиялыларының Шыңғыс ханның ежелгі әскери дәстүрі бойынша жасақталғанына көз жеткіземіз. Сардарлар және оның орынбасарлары, мыңбасылар, жүзбасылар, онбасылар тағайындалды. Билер мен елбегілер бекітілді. Ұсталар тобы үздіксіз қару соқты. Олардың арасында қолдан бесатар жасаған әруақты шеберлер де болды.
Ұлтқа деген сүйіспеншілікті жоғары ұстанған көтерілісшілер арасындағы қарым-қатынастан қазақ халқының тағдыры қатал сынға түскен кезеңдерде қол бастаған тарихи тұлғалар Жәнібек тархан Шақшақұлы, Абылай хан бабаларымыздың елді шапқыншылықтардан аман алып қалу дәстүрі осылайша Торғай даласында жалғасын тапты деп айтуға болады.
Тіпті, кеңестік дәуірде жарық көрген Е.Бекмахановтың «Қазақстан тарихы» оқулығына енгізілген тақырыптар мен Ә.Қастеевтің «Аманкелді» картинасы арқылы да біздің жадымызға Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісі сақталып қалған.
Аманкелдітану: ұшқан ұя, тарихи тағлымдар, деректі зерттеулер
Торғайдағы ұлт-азаттық қозғалысының бас сардары Аманкелді Имановтың тарихи тұлға болып қалыптасуын зерттеген кезде ең алдымен әлеуметтік факторларға зер салу керек. Ақ патша отаршылдығы басталғаннан 1916 жылға дейін Қазақстанда 500-ге жуық ірілі-ұсақты көтерілістер мен ереуілдер орын алды. Солардың ішінде Кенесары Қасымов бастаған көтерілістің орны ерекше болды. Кенесары хан қазақтың жері мен елін патша отаршылдығынан қорғау үшін саналы түрде ұлы күрес жолын таңдады. Оның қасында халқымыздың көптеген біртуар батырлары болған. Солардың бірі – Иман Дулатұлы еді.
Иман Дулатұлы Кенесары көтерілісіне қатысқанда жасы 40-тан асқан азамат екен. Ал, Кенесары Қасымов Қырғызға аттанғанда жасы алпыстың үстіне шыққан еді. Иман – өте ақылды, парасатты батыр болған. Иман батырдың тапқырлығын, ержүректігін Кенесары құрметтеген. 1916 жылғы көтерілістер арасында Торғай көтерілісінің ерекше сипат алуының бір сыры Хан Кене мен Иман бастаған қазақ батырларының ерлік дәстүрлерге адалдығында жатыр еді. Халқымыздың бақытына қарай, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістер Ресейдегі 1917 жылғы ақпан революциясына ұласып, ұлтымыз ақ патша әскерінің жаппай жазалауынан аман қалды.
Аманкелді Иманов – 1873 жылы 3 сәуірде Иман батырдың қарашаңырағында дүниеге келді. Әкесі Үдербай момын шаруа адамы болыпты. Аяп Нұрқановтың жазуынша, «Үдербай жарғақ құлағы жастыққа тимей, қысқы аяз, үскірік боранда мұз ойып, балық аулады. Жазда кетпен шауып, егін салды, оны шелектеп суарды, кейде жаяу шығып, аң да аулап жүрді. Осындай ауыр азаптан Үдербай ауруға шалдықты, төсек тартып жатып қалатын болды. Үдербай науқастан 1879 жылы 51 жасында қайтыс болып, Қалампыр шиеттей үш баламен жесір қалады» (А. Нұрқанов. «Дала қыраны». 3-4-беттер).
Үдербайдың ағасы Балық (Бердіқожа) 1903 жылы 83 жасында қайтыс болған. Одан көп ұрпақ тарайды. Үдербай дүние салғаннан кейін үш жылдан соң Балық Қалампырды әмеңгерлікпен алып, Есентай деген бала туады. Ол 1884 жылы Терісбұтақта туып, 1933 жылы Шымкент облысы, Мақтаарал ауданында қайтыс болған. Есентай Амангелді қайтыс болғаннан кейін оның әйелі Балымға үйленеді. Одан Рақым (1927), Рақымқұл (1930) туады. Рақым 2012 жылы, ал, Рақымқұл 2021 жылы қайтыс болған. Екеуінен де көп ұрпақ тараған.
Аманкелдінің анасы Қалампыр Қақуқызы (1849-1926) күйеуі Үдербайдан 30 жасында жесір қалады. Ол өте қайратты, денелі кісі болыпты. Ұлдарына жақсы тәрбие береді. Аманкелдіні өзінің туысқаны Бердікей ишанның медресесіне оқуға (1881-1887) береді. Сөйтіп, Аманкелді аталған мешітте оқып, мұсылманша сауатын ашады.
Аманкелді ер жеткен соң Рахмет болыстың және Тоқпан Таутабай байдың жалшысы болады, солардың қойларын бағады. Одан соң ел ішіндегі әралуан шаруаларға араласып, алғырлығымен, өткірлігімен, жігерлілігімен көзге түседі. Аманкелдіге атасы Иман туралы көп әңгімелер айтып, тәрбие берген әкесінің ағасы Балық Иманұлы.
Келе-келе Аманкелді Терісбұтак, Жыланшық, Батпаққара, Торғай өңіріндегі белді азаматтардың біріне айналады. Ол жалшыларын қанаған байларды қыспаққа алады. Елде әділеттіліктің орнауына күш салады. Байлар еш амал таппағандықтан онымен санасатын болады. Дегенмен, олар да қарап жатпайды, Аманкелдіні қаралап, уезге арыз жазып, түрмеге де қаматады.
Алайда, Аманкелді бұл қиянаттардың ешқайсысына жасымайды, қайта өзінің әділдігімен бұқара халықтың құрметіне бөленеді. Байлардан беделі еш кем болмайды. Халық оны Иман батырдың немересі деп ардақтайды. Енді оның есімін бүкіл Торғай, Қостанай өңірі жақсы біледі. Сондықтан болар, 1916 жылғы құрылтайда Әбдіғапар хан оны халықтың қалауымен сардар етіп тағайындайды. Ол өзіне үміт артқан халықтың сенімін артығымен ақтап, қаһарман қолбасшы дәрежесіне көтерілді.
1916 жылы Торғай уезінің ел ағалары мен ақсақалдары патшаның 19-31 жас аралығындағы жастарды қара жұмысқа алу туралы жарлығына қарсы шықты. Аманкелді Үдербайұлы халық арасынан шыққан батыр болатын. Аманкелді көтеріліске коммунистік-кеңестік өкіметті орнату үшін емес, халқының азаттығы үшін шықты! Өкінішке қарай, коммунистер осы ақиқаттың өңін айналдырып жіберді. Анығында Аманкелді Иманов 1916 жылы көтеріліске шыққанда 1917 жылы Ресейде ақпан көтерілісі болатынын білген жоқ. Ол ұлтын ақ патша отарлығынан құтқару үшін атқа қонды.
Аманкелді көтеріліс барысында ержүрек батыр ғана емес, қолбасшы-көшбасшы бола білді. Қарулы қақтығыстарды түрлі айла-тәсілдермен ұйымдастырып, жеңіске жетіп отырды. Осылайша көтерілісшілерді рухтандыра білді. Көтерілісшілер Аманкелдіге зор сенім артты.
Аманкелді өмірінің қысқаша хроникасы оның бел баласы Шәріп Иманов құрастырған «Батырдың биік тұлғасы» [7] атты кітапта жарияланған. Білім беру саласында Аманкелдітану сабақтарына қолдануға тиімді, түсініп қабылдауға оңтайлы болсын деп сол мәліметтерге негізделген хронологиялық кестені оқырман назарына ұсынамыз.
Аманкелді Имановтың өмірі мен қызметінің қысқаша хроникасы
Кесте Ш.Имановтың «Батырдың биік тұлғасы» /Алматы.1986/ атты жинағының 70-74-беттеріндегі мәліметтер бойынша дайындалды
Жылы Болған оқиғаның қысқаша мазмұны Қай жерде Кімдермен
1873.03.04
Дүниеге келді Торғай уезі Қайдауыл б.
№3 ауыл
1881-1884 Ауыл молдасынан сауат ашты
№3 ауыл
1908 Қарулы қақтығыс ұйымдастырғаны үшін Түрмеде
1909 Танысты Атбасарда Әділбек Майкөтовпен
1912-1913 Ауылдарды аралады Торғай обл Әліби
Жанкелдинмен
1914.02 Шаруаларды ақтау үшін Петербургке
1916.07
тамыз
қыркүйек
17.09.
23.10
Қараша
3.11.
6.11.
Ай соңы
1917.12.01
Алғашқы отрядын ұйымдастырды
Бас қолбасшы етіп сайлады/сардар/
Партизандық отряды сәтті ұрыстар жүргізді
Партизандық отрядтар шоғырланды
Торғайды қоршады
Жау шегінді
Жалпыхалықтық сипатты, саны 5000-дай
Шабуылға шықты
Штаб құрылды
Жол алынды Торғай
Торғай уезіне
Торғай өзені бойында
Батпаққарада
Шолақсай И.Деевпен
Петропавл, Атбасар,Сырдария обл., Перовск, Қостанай уезінің партизандық отряды
Ақпан
Наурыз Қайта оралды Батпаққараға
Жазалаушылар қудалады Торғай уезінің
Наурызым
болысы
1917.07
Жаз, күз Алашордашылар байлар соты А.Имановты 10 жылға Сібірге айдады. Бірақ Ұлы Октябрь социалистік революциясы жеңді, (патша құлады) үкім орындалмады
Кедейлерге үгіт жүргізілді Торғайда Н.Токарев, Қ.Қайдосов, Х.Токин
1917 күз Уақытша үкіметті әшкереледі А.Иманов Торғайда Н.Токарев
Қ.Қайдосов
Х.Токин
1917 соңы
1918 басы Совет үкіметі орнады Торғай уезінде
1918
21.03-
03.04 Торғай облыстық бірінші съезіне қатысты Орынборда
26.03 Съездің шаруашылық істері жөніндегі комиссиясына мүше А.Иманов Орынборда
04.04 Дутовшылардың шабуылына тойтарыс берді Орынборда Облыстық съезд депутаттарымен
1918
сәуір
мамыр Болыстық советтерді құруға және нығайтуға, жер туралы декретті түсіндірді. Май айында контррев төңкеріс болды Торғайда
маусым-
желтоқсан Дутовтың контррев-л бандалары мен алашордашыларға қарсы партизандық қозғалысты ұйым-ды
желтоқсан Ақ гвардияшылар мен алашордашылардан азат етті. Торғай қаласын Ә.Жанкелдин
И.Киселев
А.Иманов әскери комиссар болды Большивиктік партия құрды. РКП(Б) мүшелігіне өтті. Торғай уезінің
1919.08.01 Қызыл Армия бөлімдерін құру үшін қолхатпен 10 мың сом ақша алды. Торғай
1919
18 сәуір
19 сәуір Губерниялық атқару комитетінен Ақтөбе майданына өз отрядыңмен қосыл деген бұйрық алды.
А.Иманов барлық әскери мекемелердің Торғайдан көшуіне жарлық берді
Шалқарға
1919 ж.
20 сәуір Таранның отряды келді. Торғайға Л.Таран
К.Иноземцев
1919
20.04 Торғайда Совет
өкіметі құлатылды, А.Иманов тұтқындалды. Торғай Л.Таран
К.Иноземцев
1919
18.05 А.Иманов алашордашылар қолынан қаза тапты.
Авторлардан ескертпе: осы хронологиялық кестені дайындау кезінде жоғарыда аталған кітаптағы Аманкелді сарбаздарының саны 50000 деген дерек «5000» деп өзгертілді. Себебі, 2016 жылы жарыққа шыққан «Аманкелді елі» альбом шежіре жинағының 34-бетінде осылай түсініктеме берілген.
Ой түйін.
Аманкелді Имановтың балалары Шәріп пен Рамазанұлы Батырланның жарыққа шығарған кітаптары бойынша зерделенген анықтамалықтың бірі жоғарыда аталған сызба бойынша ұсынылды. Ал, енді Амангельдиев Батырлан Рамазанұлы «1916 жылғы Торғай көтерілісі және Амангелді» деп аталатын еңбегін ҚР Орталық мемлекеттік архиві мен ҚР Президенті архивінің базасындағы құжаттарды негізге ала отырып, 2015 жылы жарыққа шығарған. Кітаптың соңында 147 пайдаланылған әдебиеттер мен қосымша құжаттар тізбесі берілген, сілтемелер көрсетілген. Осы кітаптағы атап көрсетілген Аманкелдінің тұлғалық қасиеттерін ұлттық рухани азаматтық құндылықтардың құрамдас бөлігі ретінде жүйелеп, ой түйін жасауға болады.
Осы орайда жоғарыда атап көрсетілген Аманкелдітану зерттеулерін негізге ала отырып, оның тұлғалық қасиеттерін ғылыми тұрғыдан жалпыадамзаттық құндылықтар аясында қарастыруға әбден болады. Атап айтқанда, батырдың бойындағы қалыптасқан зияткерлік қыры – ақиқат, адамгершілік қыры – сүйіспеншілік, физикалық қыры – парыз ақтау, дұрыс іс-әрекет жасау, рухани қыры – қиянат жасамау, эмоциялық қыры – жан тыныштығы екендігіне көз жеткізуге болады.
Амангельдиев Батырлан Рамазанұлының «1916 жылғы Торғай көтерілісі және Амангелді» деп аталатын кітабында пайдаланылған әдебиеттер мен қосымша құжаттардан батырдың адамгершілік (моральдық) сезімін – жеке адамдармен және өзіне деген эмоциялық қарым-қатынасын, Отанға, достыққа, намысқа, борышқа деген көзқарастарын жайдары мінезді; ақпейіл; әділ; турашыл; өткір; батыл; күшті; жігерлі; қайсар; намысқой; қызуқанды делінген сипаттамалардан байқауға болады.
Ал, интеллектуалдық (көшбасшылық) қабілетін – ақыл-ой процесінде пайда болған жеке дара сезімін терең, ішкі толқыныстардың қанағат, жаңалыққа ұмтылуын қару-жарақ жасаудың кәсіби шебері; кәсіби аңшы; тез шешім қабылдай алады; топжарған; ән салады; өлең шығарады, домбырашы; көшбасшы; ұста; батыл; жігіттің сұңқары; талантты мерген; құла мерген; сөз тапқыш; ойы ширақ; бірегей; шабандоз; сөзге шешен; зиялы демократ деп берілген мінездемелерден танысақ керек.
Сондай-ақ, патриоттық (отансүйгіштік) қасиетін – адамгершілік сезімінің бір саласы деп қарастыра отырып, ел сенімін ақтауға ұмтылысын, ел басқаруға араласуындағы ерекшеліктерін, халқының бейбіт, тыныш өмір сүруі мен жарқын болашағы үшін қызмет етудегі жетістіктерін:
әйгілі батыр; хас батыр; қаһарман; қайсар; нартәуекелшіл; өктем; көсем; айлалы қолбасшы; ел ағасы; халық данасы; сардарбек болғандығын дәйектейтін анықтамалықтардан білуге және түсінуге, талдауға, заманауи білім беру жүйесіне енгізуге, батырдың дара ерекшеліктерін оқып үйренуге, ерлік шежіресін бағалауға болады.
Осылайша ғылыми әдебиеттерге зер салып зерделеу барысында жалпыадамзаттық құндылықтарды бойына жиған батырдың елін сүйген елжанды, ұлтын ұлықтаған ұлтжанды, толыққанды патриот азамат екеніне көз жеткізесіз.
Даңқты батырдың өмірі өз дәуіріне сәйкес қайшылықтарға толы болды. Алайда, ол қанша қудаланса да, түрме көрсе де жасымайды, мойымайды. Бар өмірін кейінгі ұрпақтың азат та тәуелсіз өмір сүруі үшін сарп етті. Азаптап өлтірілді. Бірақ, даңқты батырдың ерлігін ұрпағы да ұмытпақ емес. Есімін қастерлейді. Батырдың балалары мен туған-туыстарының бірнеше отбасы солтүстіктен оңтүстікке 1928-32 жылдарда ауа көшкен. Олардың көпшілігі ыстық ауа райынан, материалдық-тұрмыстық тапшылықтан қайтыс болған. Батырдың жары Балым оңтүстікте 1933 жылы қайтыс болған. Балымнан туған 2 баланың бірі қазақ, бірі өзбек отбасыларында тәрбиеленген. Батыр әулеті кешегі аштық, соғыс жылдарында күнкөріс қарекетімен бірінен-бірі ажырап та қалған. Араға бірнеше жыл салып бірін-бірі іздеп тауып, бүгінде ұрпақтары бұтағын жайған бәйтеректей еліміздің бірнеше аймақтарында өмір сүруде.
Осы орайда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 24 қарашадағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы» Жарлығында басты міндет – халықаралық стандарттар мен құндылықтар негізінде саяси қуғын-сүргіннің жазықсыз құрбандарына қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіру, олардың адал және игі есімдерін халық пен ұрпақтарына қайтару міндеті тұрғанын айта кетейік. Қазіргі таңда осы жағдайларға байланысты толыққанды мәліметтерге қол жеткізу үшін елімізде ауқымды зерттеулер қолға алынды. Аманкелді әулеті ұрпақтарымен Шымкент қаласында орналасқан «Түркістан облыстық қоғамдық-саяси тарихының мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Гүлнар Сәдібекқызы Шардарбекованың жетекшілігіндегі жұмыс тобы мүшелері зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Зерттеулер әлі де жалғасуда. Әулеттің үлгілі еңбегімен елге танылған тұлғаларына «Түркістан облыстық қоғамдық-саяси тарихының мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде арнайы архивтік қор 2022 жылдың наурыз айынан бастап ашылған. Осы мақалада атап көрсетілген зерттеулер бойынша құжаттар өткізіліп, мемлекеттік тіркеуге алынды.
Қор иесі Имановтар әулетінің тікелей ұрпағы, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының ардагері Нұрақов Рақымбайдың 1926-2012 жж.,1951-2012 жж. «Өмірбаяндық құжаттары»,1981-2004 жж. «Марапаттары туралы құжаттары», 1945-2011 жж. «Фотоқұжаттары» №199 қор, №48 тізімдеме бойынша аталмыш мұрағатта сақтаулы.
Әулетте қазір 100-ден аса ұрпақ (бала, немере, шөберелер) тәрбиеленуде. Солтүстік аймақтағы туған-туыстарымен қатысулары өз алдына бір қуаныш, әрине. Баршасының өзегін өртейтін бір өкініштері – аштық жылдарында Өзбекстан елінде, өзбек отбасында тәрбиеленген батырдың бір ұрпағы – Рақымның өзінің де, ұрпақтарының да төлқұжаттары бойынша өзге елдің азаматы болып жазылып кеткендігінде болып тұр. Өзегін өртеген өкінішпен Рақым аға өзге елдің азаматы болып өмір сүрген, Елтаев Рахымқұл Есентайұлы (1928-2021 жж.) тоқсаннан асқан шағында өмірден озды. Ал, оның туған ағасы Нұрақов Рахым Есентайұлы (1926-2012 жж.) оңтүстіктің Жетісай аймағында бала-шағасымен берекелі өмір сүрді. Талай рет журналистерге сұхбат берген ағайынды бауырлар көздері тірісінде орындалмаған, яғни біздің елдің заңына сыйыспайтын бір армандарын соңғы рет жергілікті басылымға берген сұхбатында сол өзге ұлт боп жүрген бауырларының төлқұжатын «қазақ» етудің жолы табылса екен деп кейінгілерге аманат етіп, өмірден озыпты. Осындай аманатты артына қалдырған Нұрақов Рахымбайдың туған бауырының ұрпақтарына деген жанашырлық сезімін «Сана kz» газетінің 2008 жылғы №108 (192) санында Әлмахан Исаховтың авторлығымен жарияланған «Тағдыр толқындары» атты мақаласы арқылы білуге болады.
Рақымбай Нұрақов сол сұхбатында өзінің өміріне ризашылығы мен өткен шақтың орны толмас өкінішіне де тоқталып өтіпті.
– Мен тағдырыма ризамын. Шүкір, тоғыз ұл-қыздан тараған ұрпақ сексенге таяу болса, Рақымқұлдың да тоғыз ұл-қызынан тараған алпыстан астам немере, шөберелері бар. Өткен жылы қазақтың мақтаныш тұтар әр саладағы перзенттері мен мемлекет қайраткерлерінің суреті басылған қазақ фотожурналистика саласындағы ең алғашқы үлкен «Қас қағым сәт» деген кітап шықты.
Осы кітапқа Рақымқұл екеуміздің суретіміз басылыпты. Бұл, біріншіден, Аманкелдіге деген үлкен құрмет болса, екіншіден, оның ұрпақтарының мақтанышы. Армансыз адам жоқ қой. Әкем Есентай мен анам Балымның бұрынғы Мақтаарал ауданының «Коммунизм» кеңшарының «Жантақсай» бөлімшесінде сүйегі қалғанын білсек те, орны белгісіз болғандықтан, басына белгі қоя алмадық.
Әйтеуір, құранмен жоқтаймыз. Мен Нұрақов болып жазылсам, туған інім Шертай Елтаев ұрпақтарының төлқұжатында түгелдей дерлік ұлты өзбек болып жазылған. Ең болмаса шөберелердің тегін әкеміздің атына көшірсек дейміз. Бірақ оған заң бойынша мүмкін емес екен. Осы мәселе жөнінде Әділет министрлігі көмектессе екен деген тілек бар.
Иә, «Жақсылықтың ерте-кеші жоқ» деген осы екен. Бізді елге танытқан журналистерге ризамыз. Тәуелсіздік куәсі болдық, бауырлармен табыстық. Біз үшін бұдан артық байлық та, бақыт та жоқ, – деп аяқтаған екен сөзін Рақымбай Нұрақов.
Иә, біздің халқымыздың басынан кешкен зұлмат жылдар зардаптары Имановтар әулетіне де осындай ақтаңдақ іздерін қалдырған екен. Ал, тарихтың әрбір сәті кейінгі ұрпаққа, яғни бізге сабақ болуы тиіс.
А.Көздібаева,
«Өркениет» ақпараттық әдістемелік
орталығының жетекшісі.
Т.Наурызбай,
«Сенім» ақпараттық қызмет көрсету
орталығының директоры.