Қайран, ауылдың келіндері-ай!

Айында, жылында ауылға бір барғаныңда алдымен іздейтінің жеңгелерің ғой. Өйткені, жолыққан сайын «біз келін болып түскенде кіп-кішкентай бала едің» деген жылы сөзі сені еріксіз балалық шаққа жетелейді. Шынында, ағаға бұрынғыдай еркелей алмадық. Ал, жеңгеңнің қас-қабағы, ақ көңілімен жадырап қарсы алуы өз алдына бір әлем. Көрпешесін қалыңдап салып, шайды сүтпен қоюлап құйып беретін де осы Гүлнәр жеңгем. Тіпті, інісінен ешнәрсені аямайтын, бірақ өзіне жалтақтай қараған ағамызға:
– Неғып отырсың, ағасы-ау? Наурыз мерекесі ғой, мырза бала келіп қалыпты. Жас ет жесін, малыңды сой, – дейтін де сол асыл жеңгеміз. 
Жеңгемізден нақты бұйрық келгенше бүгжеңдеген ағамызды несін кінәлайын?! Өмірдің өзі солай! Мал сойылып, қазанға ет салынып, оның иісі бұрқырап шыққанда ағаң да жадырап, әңгімесін әріден шірене бастайды. Ағалық ақылын айту да осы сәтте басталады. Ағаңа қарап сен де 
марқаясың. 
Осы жеңгеміз ауылға келін болып түскенде біз қандай қуанған едік, шіркін?! Мақсұт, Талғат үшеуміз Әшір көкенің үйінен бастап, Нұрлыбай көкенің үйіне дейін ауылды түгел аралап, беташар тойға  шақырып шыққанымыз әлі күнге есімізде. Қолымызда сексеуілдің шырпысына түйреп алған ыстық бауырсақтарымыз бар. Жалаң аяқ топырақты борпылдата жүгіретінбіз. Қай үйде той-томалақ, жиын, ас болсын басында  орамалы желбіреп, өзі үкідей үлбіреп, қазан-ошақ басында осы жеңгеміз жүретін. 
Арада жиырма жыл өтіпті. Көктемнің көкорай мерекесінде ауылға барсам қазан- ошақ басында тағы да сол баяғы Гүлнәр жеңгем жүр. Ойпыр-ай, одан бері ұл туылып, келін түспегендей. Қазан-ошақ басында арлы-берлі жүгіріп жүретін қызыл, көк халат киген жеңгелердің ізін басқан келіндер некен-саяқ. Баяғы жеңгем сол баяғы қалпында, заман өзгерсе де мінезін, көркін, қимылын өзгертпеген. Өзгерткені – тек қасына келінін қосып алыпты. Артық ауыз сөзбен жұмысы жоқ томпақ жеңгем томпылдап жүр. Келінімен бірге ауылда әлі келін болып жүрген қайран жеңгем-ай! Барған үйіне «қайнағаның үйі», «қара шаңырақ» деп төр баспай, қайныларына ат теріп жүрер осындай жеңгелерден бүгінгі жаңа түскен келіндердің үйренері көп-ақ. Киімің мен тиыныңа, құзіретің мен қызметіңе қарамай, «айналайын, қайным-ау» дейтін жеңгелеріміздің қатары сиремесін.  Ағаларымызбен арадағы сыйластықтың дәнекеріне айналып, ауылдың ауызбіршілігіне, абысынның татулығына талғажау болар жеңгелерімнің жеңі сөгілмесін. 
Бұл жолы да жеңгем сүйіп қарсы алып, күліп шығарып салды. Кеше ғана келін болып түскен сияқты еді. Ауылдың қарайып тұрғаны, мектептің іші балаға толып, думанға бөленгені осы жеңгелеріміздің арқасы. 
Бүгінде «Құрметті азамат» деген атақты артына түсіп жүгіргеннің бәрі алатын болды ғой. Ендігі жерде  елдің аузында жүрген атына заты сай жеңгелерге Наурыз мерекесі кезінде «Ауылдың асыл келіні» деген атақ беріп ардақтасақ, одан ұтылмасымыз анық. Ұлттық салт-дәстүріміздің, әдеп-ғұрпымыздың мәңгілік  жалғастырушысы қайран жеңгелер, қайықтай ауылдың қаймағы, ынтымағының ұйытқысы болып жүре беріңдер!   

Мақсат ҚАРҒАБАЙ.
Созақ ауданы.

Пікір қалдырыңыз