Жай мереке емес — татулықтың мерекесі

Бауыржан ЕРМАН, «Ońtústik Qazaqstan».

Биыл Түркістан облысында Наурыз мерекесі кең ауқымда тойланып жатыр. 10 күнге жоспарланған бағдарламаға сәйкес, әрбір мереке күні арнайы тақырыптар аясында іс-шаралар өткізілуде. Сәйкесінше, кеше Түркістан қаласындағы «Этноауыл» кешенінде облыстық қоғамдық даму басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен «Наурыз – татулықтың түпқазығы» атты мерекелік шаралар өтті. Атап айтсақ, қала тұрғындары мен қонақтар ұлттық спорт түрлері бойынша ұсынылған ойындарды көріп, қазақтың салт-дәстүрлерімен танысып, этномәдени бірлестіктер өнерпаздарының концертін тамашалады.

Ұлттық құндылықтарды насихаттау, мақсатында ұйымдастырылған жиынға облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев қатысып, көпшілікті Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады. Ол өз сөзінде Мемлекет басшысы Түркістанға «Рухани елорда» мәртебесін беру бастамасын көтергенін, тиісінше сол мәртебенің мән-маңызын арттыру мақсатында Әз Наурыз мерекесі аясында түрлі іс-шаралар өткізіліп жатқанын айтты.
– Наурыз – өзара түсіністік, мейірімділікті, бірлік, татулық пен келісімді бейнелейтін айрықша мереке. Адамдардың бір-біріне деген бауырмалдығын арттыратын қасиеті бар. Бүгінде Түркістан өңірінде 2 миллионнан астам халық тұрады. 50-ге жуық этнос өкілдері татулықты сақтап, берекелі күн кешуде. Облыс бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы жанында 11 облыстық этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Бүгін қазақ тарихында айрықша орны бар Түркістан төрінде сіздермен жүздескеніме қуаныштымын. Баршаңызға мереке құтты болсын. Қазақстанымыз өркендей берсін! – деді Бейсенбай Дәулетұлы.
Сондай-ақ, мереке барысында ақсақалдар, зиялы қауым өкілдері, этномәдени бірлестіктер мен құрылымдардың төрағалары сөз кезегін алып, Наурыз мерекесінің мән-мағынасы, этнос өкілдері арасындағы татулықты сақтаудың маңызы жайында өнегелі ойларын жеткізді.
Мереке аясында қазақ халқы және этномәдени бірлестіктер өкілдерінің қолөнер бұйымдары мен ұлттық тағамдарының көрмесі қойылып, көпшілік назарына «Наурыз бата» дәстүрі ұсынылды. Келушілер наурыз көжеден дәм татып, ұлттық ойын түрлерінен сайысқа қатысқан белсенді этнос жастарына қазақи нақышта жасалған қолөнер бұйымдары үлестірілді. Сонымен бірге, түркістандықтар Алматы облысына «Қош келдің, Әз Наурыз» атты құттықтау челенджін жолдады.

Пікір қалдырыңыз