Орман – ел байлығы, жер көркі

Қазіргі таңда дүние жүзінде орман аумағы 3 млрд. гектардан астам жерді алып жатыр. Бұл құрлықтардың 27-28 пайызын құрайды. Дегенмен, адамдардың немқұрайдылығы, ағаштарды бей-берекет пайдалану, өрт, сел жүру сияқты табиғи апаттардың  салдарынан орман көлемі жыл өткен сайын азайып барады.
Орман өрті көбінесе адами фактор салдарынан орын алады екен. Сондықтан өрт қауіпсіздігі ережелерін үйрететін үгіт-насихат жұмыстарын тек өрт сөндіру қызметкерлері ғана емес, қоғамдық мекемелер де жүргізуі тиіс. Орман шаруашылығының жұмысында өрт қауіпсіздігі – бірінші кезектегі мәселе.
Орманға барар жолдарда, демалатын жерлерде, орман жұмыстары жүріп жатқан жерлерде аншлаг паннолар, хабарламалар арқылы өрттен сақтандыру шаралары жасалады. Алайда, осыларды орман маңында демалушылар ескере бермейді. Әр адам мұндай ескертулерге байыппен қараса, ол орманды өрттен қорғауға, аман сақтауға ықпалын тигізетіні анық.
Орман өрттерінің себептері көп. Көбіне сөндірілмеген шылымнан не аңшылық салдарынан орын алады. Аңшылар атқан оқтан шөп жанып тұтанады. Сонымен қатар механизаторлар да орманда өрт қауіпсіздігін сақтай бермейді. Тұтануға бейім майланған материалды қай жер болса, сол жерге тастап кетеді, техника қауіпсіздігін сақтамайды, көліктің жанында шылым шегеді.
Орманға келген демалушылар, ауыл шаруашылығының жұмысшылары кепкен шөп, кесілген ағаш қалдықтары бар жерлерге от жағады, орманға жақын жерлердегі егістің орнын өртейді. Мұның бәрі орман өртіне әкеліп соғады. Сонымен қатар күннің сәулесі мол түсетін жерлерге шынының сынығын тастап кетеді. Ал, ол жандырғыш линза тәрізді күн сәулесінен қуат алып, құрғақ шөптерді тұтандырады.
Орман өртін сөндіру оңай емес. Сондықтан оған жол бермеудің алғышарттарын қатаң сақтау қажет. Көктем, күз мезгілдерінде өрт шығу қаупі жоғарылайды.
Орман-тоғайларда өрт орын алса оңайлықпен сөнбейді, айналасындағы бірнеше метр жерге дейінгі өсімдік ағаштарын, аң-құстардың ұяларын жояды. Сонымен қатар бау-бақша егу мақсатында егістік жерлерді дайындау кезінде өрт қауіпсіздігі шараларына онша мән бермей, шөп-шаламды бей-берекет жағудың соңы орман-тоғай өртіне әкелуі мүмкін.
Сол себепті табиғат берген байлықты сақтап, орман қорын қорғап, өсімін молайтуға көпшілік болып атсалысуымыз керек. Орман-тоғай өрттері орын алған жағдайда 101 немесе 8 7252 43-11-69 телефонына хабарласыңыздар.

     Н.СҮГІРОВ,
    «Бадам орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі
мемлекеттік мекемесі»
КММ-нің өрт сөндіру
бөлімінің бастығы.
Пікір қалдырыңыз