Былтыр жұмыссыз еді...

Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының бастамасымен Наурыз мерекесін ерекше дәстүрмен атап өту мақсатында аптаның дүйсенбі күнінен бастап Төлеби ауданы әкімдігінің мемлекеттік қызметшілері жұмыс орнына ұлттық нақыштағы киім үлгісімен келуді қолға алды. Ауданда ұлттық киімді насихаттау бағытындағы бұл үрдісті одан әрі жалғастыру көзделуде.

Ұлттық құндылығымызды дәріптеуге аудан кәсіпкерлері де өз үлестерін қосып жатыр. Қала тұрғыны Бекмұратова Гүлнәр былтыр жұмыссыз ретінде Төлеби ауданының халықты жұмыспен қамту орталығына тіркеліп, «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздері бойынша онлайн негізіндегі оқу курсын аяқтаған. Гүлнәр Бекмұратованың биыл мемлекеттік грант алу комиссиясында «Мүгедектігі бар азаматтар» санатымен «Ұлттық киімдер тігу шеберханасын ашу» бизнес жобасы мақұлданды. Соның арқасында ол 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі мемлекеттік грант иегері атанды. Қазіргі таңда кәсіпкер ұлттық киімдер тігу бойынша өз жеке кәсібін ашып, жұмыс жүргізуде. Бүгінде ұлттық оюлармен өрнектелген костюм, қамзолдарға деген сұраныс артқан. Ісмерлік анасынан дарыған кәсіпкер бүгінде екі ұл тәрбиелеп отыр. Сондай-ақ, салт-дәстүрімізді жетілдіріп, рухани байлығымызды дәріптеп отырған Г.Бекмұратова шәкірттер де тәрбиелеуде. 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Пікір қалдырыңыз