Саяси жаңғырудан – экономикалық жаңғыруға

Баян Дарғожина, «Ońtústik Qazaqstan».
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы наурыз айында Қазақстан халқына арнаған «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында еліміздің саяси жүйесін кешенді жаңғырту бағдарламасын ұсынатынын мәлімдеген болатын.
Қазақстанда бүгінде өткізіліп жатқан саяси реформалар саяси жүйені, сондай-ақ мемлекеттік басқаруды жетілдіруге бағытталған. Осы реформаның нәтижесінде мемлекеттің іс-әрекетке қабілеттілігі нығаяды, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары қолға алынады.
Дерек көздеріне сүйенсек, «саяси жаңғырту» тіркесі саяси ғылымға ХХ ғасырдың ортасында енген. «Саяси жаңғырту» ұғымы «саяси даму» терминімен органикалық байланыста, бірақ онымен барабар емес. Саяси даму – бұл саяси жүйенің қоғамдық ортаға икемді бейімделуі, оның сапалы жетілуі және өзінің қызметін жүзеге асыруда жаңа деңгейге өтуі, әлеуметтік мүдделердің қанағаттануы.
Ал, саяси жаңғырту – саясаттың өзгерістерге, инновацияларға төзімділігінің, оның икемділігінің маңызды көрсеткіші, уақыт талаптарын қабылдай білу және оларға жауап беру. Сонымен қатар, саяси жаңғырту – саясатты дамыту мен жетілдірудің қайнар көзі, табысты, нәтижелі саяси қызметтің міндетті шарты.
Президент ұсынған еліміздің саяси жүйесін кешенді жаңғырту бағдарламасында зерттеушілер мен қоғам қайраткерлерінің, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың ұсыныстары мұқият зерделенген. «Бұл бастамалар екі өзекті міндетті шешеді. Біріншіден, қоғамды дәйекті түрде демократияландыруға септігін тигізеді. Екіншіден, мемлекеттің орнықты әрі басқаруға икемді болуын қамтамасыз етеді. Бұл ел ішінде болып жатқан іргелі қоғамдық өзгерістер мен шиеленісе түскен геосаяси тартыс кезінде айрықша маңызды» деген еді Мемлекет басшысы.
Жалпы алғанда, ел Президентінің «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауындағы саяси жаңғыру мен реформалауға бағытталған жаңа ұсыныстар мен бастамаларды жүзеге асыру үшін ел Конституциясына 30-ға жуық өзгеріс енгізілуі тиіс екен.
Осыған орай елімізде былтыр өткен республикалық референдум Ата Заңға өзгерістер мен толықтырулар жобасын ұсынды. Яғни конституциялық реформа – Президенттің аталған Жолдауында айтылған саяси реформалар бағдарламасын жүзеге асыру үшін қолға алынған маңызды іс-шара. Республикалық референдум 9 964 сайлау учаскесінде дауыс беру арқылы өтті. Онда дауыс беру құқығы бар 11 734 642 азаматтың 7 985 769-ы дауыс берген. Оның ішінде азаматтардың 77,18 пайызы (6 163 516 адам) Конституцияға өзгеріс енгізуді қолдап, дауыс берген. Түзетулерге азаматтардың 18,66 пайызы (1 490 470 адам) қарсы болған. Бюллетеньдердің 2,58 пайызы жарамсыз деп танылған.
Референдумда ел азаматтары қолдаған Конституциядағы негізгі өзгерістер: жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Президенттің жақын туыстарының саяси мемлекеттік қызметші, квазимемлекеттік сектор субъектісі басшылары лауазымдарын атқаруға құқығы жоқ. Қазақстандықтар өз бетінше Конституциялық сотқа жүгіне алады. Өлім жазасына тыйым салынады. Ешкімнің адам өмірін қиюға құқығы жоқ. Мәжілістің депутаттық корпусы аралас сайлау жүйесі бойынша құрылады. Сенаттағы президенттік квота қысқарады, Мәжілістегі ҚХА квотасы жойылады. Мажоритарлық жүйе депутатты сайлаушылардың қалауы бойынша шақыртып алуға мүмкіндік береді. Тұңғыш Президенттің ерекше рөлі мен артықшылықтары туралы ережелер алып тасталады. Президенттің осындай саяси шешімдері баршаның көңілінен шығып, жалпықоғамдық қолдауға ие болды. «Сайлау жүйесін жетілдіру. Депутат сайлау алдында берген уәдесін орындамаған жағдайда Парламенттен кері қайтару. Сайлау үдерісін жаңғырту». Міне, бұл өзгерістер де азаматтардың саяси белсенділігін арттырып, саяси жүйені жаңғыртуға өз серпінін тигізгені анық.
2022 жылы 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің қос палатасының бірлескен отырысында Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жолдады. Ол «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» деп аталды. Жолдауда Мемлекет басшысы еліміздің алдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттарын жария етті.
«Биыл біз жаңа кезеңге қадам бастық. Халқымыз жалпыұлттық референдумда саяси жаңғыру бағдарын қолдады. Конституциялық реформа Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы аса маңызды қадам болды. Еліміздегі саяси жаңғыру енді экономикалық өзгерістерге ұласуға тиіс. Мемлекет, ең алдымен, бәріне бірдей мүмкіндік беріп, әділдік орнатады. Қоғам игілігіне арналған қызмет деңгейі жоғары болуына кепілдік береді. Әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтарға қолдау көрсетеміз. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да көмектесеміз» деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы ұсынған Жолдаудың маңызды бағдарлары – жаңа экономикалық саясат, нақты секторды дамыту, ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция, мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғырту, заң және тәртіп үстемдігі.
Еліміздегі жүргізіліп отырған Конституциялық реформаның негізгі бағыты – саяси -әлеуметтік жүйені жаңғырту арқылы әділетті Қазақстанды құру, халықтың әл - ауқатын арттыру, тұрмысы төмен отбасылардың жағдайына көңіл бөліп, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жағдайын жақсарту, шағын және орта бизнесті дамыту, макроэкономикалық жүйені тұрақтандыру, жаңа салық саясатын енгізу.
Әсіресе «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы Әділетті Қазақстан құру жолындағы аса маңызды бастама болып отыр. Бұл – ел ертеңіне негізделген стратегиялық инвестиция, ұрпақ қамын ойлаған ұтымды бағдарлама.
Қазіргідей геосаяси жағдайда мемлекеттілігімізді біртіндеп нығайтып, реформалар мен жаңару бағдарын нық ұстануымыз қажет екеніне тоқталған Президент алдағы сайлау кезеңдерін тиімді жоспарлау қажет екенін айтып, былтыр күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынды. «Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік. Сондықтан мен өкілеттік мерзімімді қысқартуға және кезектен тыс Президент сайлауына баруға дайынмын. Сондай-ақ, мен көп ойланып, Президент өкілеттігі мерзімдерінің санын және ұзақтығын қайта қарау қажет деген байламға келдім. Президент мандатын ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынамын. Бірақ қайта сайлануға тыйым салынады. Бір жағынан, 7 жыл – кез келген ауқымды бағдарламаны жүзеге асыру үшін жеткілікті кезең. Екінші жағынан, Президент мандатын бір мерзіммен шектеу Мемлекет басшысының жалпыұлттық дамудың стратегиялық міндеттерін шешуге барынша жұмылуын қамтамасыз етеді. Саяси кадрларды жаңарту – әлдекімнің ермегі емес, өмірлік қажеттілік. Мен ұсынып отырған конституциялық жаңалық билікті монополизациялау қаупін айтарлықтай азайтады» деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Сонымен қатар Президент Мәжілістің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауын өткізуді ұсынды, осы арқылы көпшіліктің мүддесін білдіретін депутаттардың жаңа құрамы жасақталмақ.
Осылайша, былтыр Президент сайлауы өтті. Биыл 19 наурызда Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді. Содан кейін Үкімет құрамы жасақталады. Соның нәтижесінде 2023 жылдың ортасында Президент, Парламент, Үкімет сияқты негізгі саяси институттардың бәрі қайта жаңғырып, жаңарады.