Банкроттық: кімге пайда,кімге зиян?

«Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңы наурыз айында күшіне енеді. Яғни жеке тұлғалар 3 наурыздан бастап банкрот болуға өтініш бере алады. Азаматтар «жеке тұлғаның банкроттығын» қолдану үшін оның үш түрлі нұсқасының бірін ғана таңдай алады. Біріншісі – соттан тыс банкроттық, екіншісі – сот банкроттығы және үшіншісі төлем қабілетін қалпына келтіру. 

Соттан тыс банкроттық

Оны мемлекеттік кірістер басқармасы қарастырады. Өтініш egov.kz электрондық Үкімет порталы арқылы беріледі. Бұл үшін қарыз алушының банк, микроқаржы ұйымдары, коллекторлық агенттіктер алдындағы берешегі 1600 айлық есептік көрсеткіштен (5,5 млн. теңге) аспауы тиіс. Атына тіркелген ортақ меншіктегі мүлкі (жылжымайтын мүлік, жер және автокөлік құралдары) болмауы керек. Өтініш берілген кезде соңғы 12 ай ішінде ол кредиторлар мен коллекторлардың алдындағы міндеттемелері бойынша төлем жасамаған болуға тиіс. Сонда ғана жеке тұлға соттан тыс банкроттықты пайдалана алады. 6 ай бойы атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алушылар үшін борышты өтемеу кезеңі бойынша талап ескерілмейді. Егер қарыз бес жылдан артық өтелмесе, жоғарыда айтылған шарттар талап етілмейді.   

Сот банкроттығы

Бұл үдеріс сот арқылы қарастырылады. Барлық кредиторлар алдындағы қарыздары бойынша борышкердің өтініші тұрғылықты жерінде беріледі. Мұндай жағдайда борышкер нені білуі керек? Сот банкроттығы барысында борышкердің мүлкі сауда-саттықта сатылады. Бұл – бір. Екіншіден, егер жалғыз тұрғын  үй кепіл нысаны болып табылса, онда кредитор оны сот банкроттығы барысында алып қоюға құқылы. Үшіншіден, жалғыз тұрғын үй кепіл болып табылмаса, ол мүліктік массаға енгізілмейді. Төртіншіден, қаржы басқарушысы тағайындалады. Бесіншіден, оның қызметтеріне ақы төлеу борышкердің мүлкі есебінен жүргізіледі.
Банкроттық үдерісін өткізу мерзімі – 6 ай. Қажет болған жағдайда оны тағы 6 айға ұзарта алады. 
Рәсімді қолдану барысында қандай шектеулер бар? Енді соған тоқталайық. Мүлікті иеліктен шығару немесе жаңа міндеттемелер қабылдау бойынша мәмілелер жасауға және рәсімді жүргізу кезеңінде шетелге шығуға тыйым салынады.

Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру

Бұл үдеріс те сот арқылы жүзеге асады. Борышкер өзінің тұрғылықты жері бойынша өтініш береді. Шарт бойынша қарыздың мөлшері тиесілі мүліктің құнынан аспауы керек. Сауықтыру шараларына мүліктің бір бөлігін сату, мүлікті жалға беру, құны төмен тұрғын үйді сатып алу үшін бұрынғы үйін сату, айырбастау және тағы басқа амалдар кіреді. Мұның соттан тыс және сот банкроттылығынан не айырмашылығы бар деген сауалға жауап іздесек, борышкерге «банкрот» мәртебесі берілмейді. Теріс салдары жоқ. Түсінікті тілмен айтқанда, қаржылық мониторинг жүргізілмейді. Яғни несие алуға шектеу жоқ. Қарыздарды (5 жылға дейін) бөліп төлей алады. Шетелге шығуға шектеу қойылмайды. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарын әзірлеуге қаржы басқарушысы көмектеседі. Қарыздың бір бөлігін есептен шығаруға мүмкіндік болады.

Банкроттықтың салдары

Банктер мен микроқаржы ұйымдарынан 5 жыл бойы қарыз алуға тыйым салынады. Қайта банкроттық 7 жылдан кейін ғана мүмкін болады. Банкроттықтан кейін 3 жыл ішінде мүлікті сатып алуды бақылау (мониторинг) жүзеге асырылады. 
Борышкердің өтінішіне қоса кредиторлар (банктер, микроқаржы ұйымдары, коллекторлық агенттіктер) тізбесі, банк, микроқаржы ұйымдарының борышты реттеу туралы құжаттары қоса беріледі.

У.ХАЛМУРАДОВ,
Ордабасы ауданы бойынша 
мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы.
Пікір қалдырыңыз