Өңірімізде 1000-шы мектеп пайдалануға берілді

 Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл халқының 85 пайызы тұратын келешегі бар тірек елді мекендерді дамыту қажеттігін айтып, бұл елді мекендер жол, интернет, білім беру және денсаулық сақтау нысандарымен, мәдениет, спорт кешендері сияқты инфрақұрылымдармен қамтамасыз етілуі тиіс деген болатын. Президент тапсырмасына орай демографиялық өсімі жоғары Түркістан облысында ауқымды-ауқымды жұмыстар қолға алынуда. Соның бір дәлелі ретінде таяуда Сарыағаш ауданында облыс бойынша бір мыңыншы мектеп ашылды.  Білім ұясының ашылу салтанатына облыс  әкімі Дархан Сатыбалды арнайы  қатысып, оқушылар мен ұстаздарды, жергілікті тұрғындарды құттықтады.   

– Мемлекет басшысы балаларға жағдай жасауды ерекше тапсырды. Өнерлі, білімді, спортқа бейім балаларды жан-жақты дамыту керектігін айтты. Бұл тапсырманың біздің өңір үшін маңызы өте жоғары. Себебі, еліміздегі сәбилердің бестен бірі Түркістан облысында дүниеге келеді. Облысымызда қазіргі таңда 700 мыңнан астам бала бар. 2400-ге жуық білім беру ұйымы жұмыс істейді. Облыста 2023-2025 жылдары кезең-кезеңімен 96 мектептің құрылысын салу жоспарланды. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан бұл қолдаулар ұстаздарға шабыт береді және жас ұрпақтың сапалы білім алуына оң ықпал етеді деп санаймын. Біз бүгін облысымыздағы 1000-шы мектептің ашылу салтанатына қатысып отырмыз. Мұндағы оқушылар ата-аналарының және ұстаздардың, елдің үмітін ақтайды деп сенемін, – деді Дархан Амангелдіұлы.
Сарыағаш қаласы, «Самал» шағынауданында орналасқан  №78 жалпы орта мектебінің құрылысы 2020 жылы басталған болатын. 900 оқушыға арналған мектепте оқушылардың алаңсыз білім алулары үшін барлық жағдай жасалған. Есік алдына асфальт төселген және көгалдандырылған. Мектептегі суық су мен жылу және санитарлық байланыс құбырлары орталықтандырылған. Білім ұясында 1 оқу залы мен 1 медиа зал бар. Үлкен спорт залы, 300 орынға арналған асхана жұмыс істейді. Екі бөлме арнайы медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Өртке қарсы дабыл қаққыш, 17 сыртқы және 60 ішкі бейнебақылау камералары орнатылыпты. Жаңа мектептің жалпы құны 1646,979 млн. теңгені құраған. Облыс әкімі білім ұясын толықтай аралап көріп, мектептегі тілек кітапшасына өз  қолтаңбасын қалдырды.  
Жоғарыда атап өткендей, Түркістан облысы туу көрсеткіші, демографиялық өсім бойынша елімізде көшбасшылар қатарында тұр. Ел тұрғындарының 10,7%-ы осы өңірде тұрады. Өткен  жылдың желтоқсанында Түркістан облысы халқының саны  – 2116 450 адамға жеткен. Оның 75,5%-ын ауыл халқы құрап отыр. 
Жалпы, өңірімізде мектеп тапшылығы мәселесі кезең-кезеңімен өз шешімін табуда. Өткен жылы 21 мектеп пайдалануға берілді. Оның ішінде үш ауысымды 2 мектептің проблемасы шешілді. Биыл 20 мектепті пайдалануға беру жоспарлануда. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Түркістан облысында 63 мектептің құрылысы жоспарлануда. Биыл 31 мектептің құрылысын бастауға қаржы бөлінді.

Гүлдана Айходжаева. 
Сарыағаш ауданы.
Суреттерді түсірген Қайсар ШЕРІМ. 


2 пікір

  • Жұманәлі Айшабибі
    Жұманәлі Айшабибі

    Бәрінен де Жанғазы Көшербаев ағай керемет еді????❤️????

  • Қалдыбай Мереке Нұржанқызы
    Қалдыбай Мереке Нұржанқызы

    Мен бұрын осы мектепте оқып 3 - інші сыныпты үздік бітіріп шыққан болатынмын.Оның барлығы осы мектептің және Орманова Забира апайымның арқасы!☺️

Пікір қалдырыңыз