Су тасқыны: нәтижелі жұмыстар үлкен апаттың алдын алды
Түркістан облысында бірнеше айдан бері жүргізілген апаттың алдын алу жұмыстарының нәтижесінде толассыз жауған жауыннан келуі мүмкін алапат апатқа жол берілген жоқ. Жауапты орган басшыларының штаб отырысында сарапшылар осындай қорытындыға келді. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы шығын көлемін анықтау үшін Кентау мен Сауран ауданында жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жариялау туралы ұсыныс көтерді.
Жалпы, жыл басынан бері облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен барлық аудан, қалада су тасқынына қарсы жұмыстар күшейтілген болатын. Мәселе тұрақты талқыланып, әрбір аудан, қала әкіміне нақты міндеттер жүктелді. Ауа райының алдын ала болжамы назарға алынып, қауіпсіздік шаралары күшейтілді, арықтар мен атыздар, каналдар тазаланды. Техника мен төтенше жағдай департаментінің мамандары, жергілікті әкімдіктер дайындыққа келтірілді. Соның арқасында үлкен шығындар мен апаттарға жол берілген жоқ.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Сауран ауданы мен Кентау қаласындағы су басқан бірнеше елді мекенді аралап, тұрғындармен кездесті. Ораңғай, Құсшы ата ауылдарын аралау барысында көшелерден су қашырту жұмыстарын көрді. Төтенше жағдай департаментінің өкілдерімен бірге жергілікті тұрғындармен жүздесті.
– Жауын-шашынның мөлшерден тыс көп түсуі, ауа райының күрт жылынып, қардың еруі бүгінгі жағдайға әкелді. Тұрғындардың қауіпсіздігі мен амандығы маңызды. Бұл жағдайда сабыр сақтау керек. Ең бастысы, адамдар аман. Барлық аудан, қалалардағы жағдай бақыланып, тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Ирригациялық жүйелер ашылып, каналдар тазартылған. Жағдай бақылауда, – деді облыс әкімі.
Қарнақ ауылында қарғын суды бөгеп, бағытын бұру жұмысы жүріп жатыр. Тұрғындар өздеріне арнайы келіп, жағдайын сұрап, халықтың арасынан табылған облыс әкіміне ризашылықтарын білдіріп, су тасқыны зардабын жою жұмыстары бойынша ұсыныстарын жеткізді.
Дархан Сатыбалды Сауран ауданындағы Шаға ауылындағы бірнеше аумақты аралап көрді. Жауын-шашынның тоқтауына байланысты су деңгейі төмендеген. Дегенмен, қауіпсіздік шаралары күшейтіледі.
Жауын-шашын көп түсуіне және қардың еруіне байланысты Бәйдібек, Сауран, Ордабасы аудандарындағы бірнеше ауылдағы үйлердің аулаларын су басты. Еріген қар суы мен жаңбыр суы 19 елді мекендегі көшелер мен аула учаскелері арқылы ағып өтті. Қазіргі таңда 21 көше, 234 аула, 1 тұрғын үйге су кірген. ТЖД күшімен су басқан аула аумағынан 200-ден астам адам эвакуацияланған. Ол адамдар туыстарының үйлеріне жайғасты. Халықты эвакуациялау және уақытша орналастыру үшін Сауран ауданында 4 эвакуациялық пункт дайындалды. Су тасқыны салдарын жоюға барлығы 300-ден астам адам, 100-ге жуық техника, 28 мотопомпа жұмылдырылды. Сонымен бірге басқармалар мен кәсіпкерлер арқылы ондаған техника көмекке келіп отыр.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісовтің айтуынша, жаңа жылдан бері су тасқынының алдын алу бағытында жүйелі жұмыс жүргізілген. Әкімдіктер мен департаменттің бірлескен іс-әрекеті арқылы жағдай бақылауға алынып отыр.
Бүгінде Түркістан облысының су басу қаупі бар аймақтары мен су нысандарында 24 сағаттық кезекшілік ұйымдастырылған. Судың деңгейі және елді мекендерді қарғын судан сақтау жұмыстары тұрақты қадағалауға алынған.