Ақпанның алғашқы күндері осылай басталды
Сауран: тиісті жұмыстар жүргізілуде
Сауран ауданы, Бабайқорған ауылдық округінде ауа райының қолайсыздығы мен жауын шашынның шамадан тыс жаууына, сондай-ақ, жауған қар мен мұздақтардың еруіне байланысты төтенше жағдай орын алған болатын. Аталған оқиғаға байланысты Сауран ауданының әкімдігі мен төтенше жағдайлар бөлімі бірлесіп, 12 жергілікті қызметкерді жинап, жедел штаб құрылды. Атап айтар болсақ, 2023 жылдың 2 ақпан күні таңғы сағат 4.30-5.00 шамасында таудан келген су тасқыны Абай елді мекеніндегі 65 тұрғын үйдің ауласына кірді. Сонымен қатар, осы ауылдық округіне қарасты Үлгілі елді мекеніне 14 тұрғын үй мен Бабайқорған елді мекеніндегі 42 тұрғын үйдің ауласын су басқан.
Бүгінгі таңда Сауран ауданы әкімдігі тарапынан төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Эвакуацияланған халықты орналастыруға «Бабайқорған», «Абай», «Үлгілі» мектептері дайын тұр. Аулаларын су басқан тұрғындарды туысқандары алып кетуде. Сондай-ақ, аталған жұмыстарға аудандық полиция бөлімінен 28 қызметкер, ауылдық округтен 88 ерікті жасақшы, ауылдық әкімдіктен 8 азамат көмек қолын созды. Су басу қаупі бар Майдантал ауылдық округі бойынша 15 жеке азамат және ауыл әкімдігі мен аудан әкімі аппаратының қызметкерлері алдын алу жұмыстарын жүргізуде.
Шаға елді мекені бойынша 287 үй бар. Қазір 30 үйдің адамдарын көшіру жұмыстары жүргізілуде. Аталған елді мекендерге тартылған техникалардың жалпы саны 42-ге жетті.
Ордабасыда жағдай тұрақты
Түркістан облысындағы төтенше жағдайға байланысты су басу қаупі бар аудандардың бірі Ордабасы ауданында жағдай бүгінде тұрақты. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің мәліметіне сәйкес, 2023 жылдың 2 ақпан күні таңғы уақыттан бастап жауын-шашынның көп түсуіне және таулы жерлерде қардың еруі салдарынан Құртай, Найман, Бозшымыр, Теспе каналдарында су деңгейінің көтерілуі орын алған. Қазіргі таңда аудандық төтенше жағдай бөлімі мен жергілікті атқарушы орган тарапынан ағын суларды тазарту жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек, 3 жеке тұрғын үй аумағы, 2 көше бойындағы жиналған көлшіктерді сору жұмыстары жүргізілді.
Аудандық әкімдіктің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, ауданда жағдай тұрақты. Су басқан үйлер мен зардап шеккендер тіркелген жоқ. Жалпы, алғанда, ауданда су тасқынына қарсы 10 техника, 4 мотопомпа, 68 адам жұмылдырылған. Ауданда еріген қар мен жаңбырдың сулары сай-салалар арқылы қашыртқыларға, каналдарға түсіп, қалыпты жағдайда ағып жатыр.