Қауіпсіздік шаралары күшейтіледі
Облыс аумағындағы су тасқынының алдын алу мақсатында өңір басшысы Дархан Сатыбалды Сырдария өзені бойында орналасқан Отырар, Сауран аудандары мен Арыс қаласының аумағына аэровизуалды шолу жасады. Шолу барысында өзен бойына жақын орналасқан елді мекендер мен су нысандарының жай-күйі бақыланды. Төтенше жағдай департаменті басшыларымен кеңесіп, көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстарын кезекті рет пысықтады.
– Ауа райының күрт жылынғаны қиындық тудырады. Сондықтан су қоймаларының жағдайы қатаң бақылауға алынып, кезекшілік тұрақты атқарылуы керек. Өзендер мен көлдер, арық-атыздар қадағалауда болады, – деді облыс әкімі.
Тексеру нәтижелері бойынша облыстағы су қоймаларының деңгейі қалыпты жағдайда екені анықталды. Қазіргі таңда барлық су нысандарының жағдайы мен деңгейін бақылау мақсатында облыстық су тасқынына қарсы комиссия құрылған. Өңір басшысы жауаптыларға су қоймаларының деңгейі қалыпты жағдайда болса да қауіпсіздік іс-шараларын күшейту жөнінде тапсырмалар берді.
Бұдан бөлек, өңір басшысы әуеден бақылау барысында «Көксарай» су реттегішіне барып, судың деңгейін тексерді.
«Көксарай» су реттегішінен тасталып жатқан 600 текше метр су кедергісіз өтуде. Қазіргі таңда ауа райының жылынуына байланысты сең бұзылып, төмен қарай ағып кетуде, жағдай қалыпты.