Мектепке директор болғыңыз келе ме?

Түркістан облысында 100-ден астам мектепте директордың орны бос тұр. Бұл туралы Түркістан облыстық білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының міндетін уақытша атқарушы Жанар Қасымова мәлімдеді. 

Жалпы, өңірімізде 2556 білім беру ұйымы бар. Оның ішінде орта мектептер саны – 1012. Соның қазір 100-ден астамы басшысыз отыр. Білім беру жөніндегі заң талаптарына сәйкес білім беру ұйымына 3 ай ішінде басшы тағайындалуы керек. Оны аудандық білім бөлімдері мен облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы бірігіп ұйымдастыруы тиіс. 
– Осы уақытқа дейінгі тексерістердің нәтижесінде осыншама орта білім беру ұйымы басшысыз отырғаны анықталған. Ол туралы жауапты мекемеге ескертілген. Облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы директорларды тағайындау қағидаларына сәйкес конкурс өткізіп, басшы тағайындауы керек. Әзірге бұл кемшіліктер анықталған мектептерде директор тағайындалғаны жөнінде дерек келіп түспеді, – дейді Жанар Қасымова.
Жанар Сатыбалдықызы білім беру ұйымдарында анықталған өзге де кемшіліктерге тоқталды. Мәселен, өңірдегі 4 мектепте директордың үстінен әкімшілік іс қозғалған. Олар педагог мәртебесі туралы заңды бұзған екен. Яғни педагогтарды оның функциялық міндетіне кірмейтін жұмыстарға тартқан. Үстінен әкімшілік іс қозғалған директорлар әзірге айыппұл төлеумен құтылды. Егер бұл жағдай тағы қайталанатын болса, қызметінен шеттетіледі. 
Орта мектептердегі проблема директор тағайындау ісінде ғана емес. Мәселен, департамент басшысының сөзіне сенсек, былтыр 366 педагог конкурс арқылы жұмысқа қабылданса, оның 322-сін қабылдау кезінде конкурстық ережелер сақталмаған. Осыған байланысты 90 мектептің директоры тәртіптік жауапкершілікке тартылған. 
Жалпы өңірімізде 100-ден астам мектеп директоры креслосының неліктен бос тұрғаны енді мәлім бола бастағандай. Білім беру саласындағы проблеманың ең үлкен «таяғы» дәл осы директорларға келіп тиеді екен. Оның үстіне мектеп директорының жалақысы 16 сағатты иеленген мұғалімнің жалақысынан да аз. Сондықтан да директор болуға ұмтылатындар азайып кетті, тіпті, жоқтың қасы. 
Өңірімізде тіпті бірнеше жылдан бері басшысыз отырған білім ошақтары бар. Мәселен, Отырар ауданындағы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепке басшы тағайындалмағанына 3 жылдан асқан.

«Оңтүстік»-ақпарат.
Пікір қалдырыңыз