«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тоқтамайды»

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды биылғы жылға жоспарланған халықпен кездесуін облыс орталығынан бастады. Ел алдында есеп беру жиынында өңір басшысы алдымен өткен жылы атқарылған жұмыстарды баяндап, халықпен кездесулердің нәтижесімен бөлісті.

– Ең алдымен қоғамдағы өзекті мәселелерді бірлесіп талқылауға уақыттарыңызды бөліп, бүгінгі кездесуге келгендеріңіз үшін алғыс айтамын. Біздің ең басты мақсатымыз – тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан өңіріне жасаған жұмыс сапарында Түркістан қаласына ерекше мәртебе беруді тапсырған еді. Бұл бағытта тиісті жұмыстар басталып кетті. Бүгінде «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заң жобасы дайындалып жатыр. Осы заң қабылданған соң, қала әкімдігі мен мәслихатына қосымша құзыреттер беріледі. Бұл тұрғындардың күрделі мәселелерін жедел шешуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік және автомобиль жолдары, сәулет, қала құрылысы, сауда және қызмет көрсету салаларындағы маңызды мәселелер қала деңгейінде дербес шешілетін болады, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды. 

Былтыр Түркістан қаласында екі есепті кездесу өткен болатын. Онда қаланың дамуы үшін маңызды мәселелер көтеріліп, басым бөлігі шешімін тапты. Әкім проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірді. 

«Ақжайық» саз мектебінде өтіп жатқан әкімнің халыққа есеп беру кездесуіне 500-ден астам түркістандық келді. Оның 100-ге жуығы – жастар. Сұрақ-жауап форматында өтіп жатқан кездесуде өңір басшысы Түркістанның еліміздің рухани және тарихи орталығына айналу жолында жүзеге асатын маңызды шараларға тоқталып, дамудың түрлі салалары бойынша көрсеткіштерді мәлім етті.

Облыс әкімінің тұрғындармен кездесуінде маңызды-маңызды мәселелер көтерілді. Кездесуге келгендер еркін пікір алмасып, өтініштері мен ұсыныстарын жеткізді. Сауалдарын ашық қоюға мүмкіндік алды. 

Түркістандықтар жолдардың сапасын жақсарту, жөндеу, қоғамдық көлік бағыттарын реттеу, көшелерге тас, асфальт төсеу, көпір салу, тұрғын үй, сыбайлас жемқорлықпен күрес және тағы басқа мәселелер жөнінде ойларымен бөлісті. Атап айтсақ, тұрғындардың бірі өзі тұратын аймақта балалар ойын алаңшасын салу жөнінде өтініш айтты. Облыс әкімі өтініш орындалатынын, бұл бағытта жоспар бар екенін жеткізді.

– Арнайы мамандар шақырылып, жер телімдері бөлінуде. Балалар алаңшаларын салу жұмысы қолға алынады, – деген өңір басшысы жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, мемлекеттік гранттар бөлуде сыбайластықтың алдын алу, көп балалы отбасыларды баспанамен қамту жөнінде ой қозғаған тұрғындардың  ұсыныстары мен сұрақтарына тегіс жауап берді. 

– Облыста сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірінші адам – менмін. Азаматтардың заңға сай өмір сүруіне біз де мүдделіміз. Жемқорлыққа жол берген басшылар мен мемлекеттік қызметшілер міндетті түрде жұмыстан босатылады. Нақты дәлел керек. Ал, жалпы жемқорлықпен қоғам болып күресуіміз керек. Параны алушы да, беруші де заң алдында жауап беретінін білесіздер. «Арт­-

спорт» бағдарламасы бойынша, сосын балабақшаларды қаржыландыруда кейбір кәсіпкерлер заңды бұзып, қаржыны мақсатсыз жұмсағаны анықталып жатыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тоқтамайды. Көп балалы отбасыларға баспана беру мәселесіне келсек, Түркістан қаласының тұрғын үй қорынан 2023 жылы 720 пәтер беру көзделген. Оның ішінде көп балалы 500 отбасыға пәтер беруді жоспарлап отырмыз, – деді Дархан Амангелдіұлы. 

Облыс әкімі былтырғы кездесулерде тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің басым бөлігі шешілгенін мәлімдеді. Нақты айтсақ, Түркістанның ескі бөлігінде де инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары жүріп жатыр. Былтыр «Отырар» шағын- ауданындағы 68 көпқабатты тұрғын үйдің аумағында 5,3 гектар жерге гүлзар салынды. Үйлердің сыртына сәулеттік жарық шамдар орнатылды. Сонымен қатар шаһардағы 17 шақырымды құрайтын 18 көшені орташа жөндеу үшін бюджеттен 1,6 млрд. теңге бөлінді. 64 шақырымды құрайтын 54 көшеде аяқжол салу үшін 1,4 млрд. теңге бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Былтыр І, ІІ шағынаудандарда 34 үйдің ауласын абаттандыру жұмыстары басталды. Биыл бұл жұмыстар толық аяқталады деп жоспарланып отыр. Кәріз жүйелерімен қамтамасыз етуге арналған 9 жобаға, қаланың 272 көшесін жарықтандыруға қаржы қаралған.

Өңір басшысы тұрғындар тарапынан қойылған өзекті сұрақтарға жауап берді. Жеке қабылдауда да бірқатар мәселе қозғалып, оны шешу жолдары сөз болды. Кездесу аясында жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар беріліп, орындалу мерзімдері белгіленді. 


Пікір қалдырыңыз