Мектептердің инфрақұрылымы басты назарда

Түркістан облысы аумағында құрылысы кешеуілдеген және құрылыс жұмыстарын қажет ететін білім, спорт, мәдениет нысандарының жағдайы назарда тұр. Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Сайрам ауданына жұмыс сапарымен барып, проблемалары қордаланған нысандарды аралады. Мемлекет тарапынан қолдау көрсету жолдарын талқылап, жоспарларды саралады. 

– Өңір басшысы Дархан Сатыбалды білім саласының, деңгейін көтеру, білім нысандарын талапқа сай ету, материалдық базасын жақсарту жөнінде тапсырма берген болатын. Әрбір нысан сапалы салынып, уақтылы берілуі тиіс. Біздің аудандардағы күрделі нысандарды аралауымыздың мақсаты – ондағы проблеманы шешіп, алдағы жұмыстарды жоспарлау. Сала мамандарымен пікір алмасу. Әрбір өтініш пен ұсыныс назарға алынып, тиісті жұмыс жүргізіледі, – деді Бейсенбай Дәулетұлы. 
Сайрам ауданындағы М.Сапарбаев атындағы №14 жалпы орта мектебі 400 оқушыға арналған. Бірақ, қазіргі таңда мұнда үш ауысымда 1231 оқушы білім алуда. Алпыс жылдай бұрын салынған ғимараттың едендері шіріп, қабырғаларына сызат түсуіне байланысты 2019 жылы қосымша 200 орынды оқу корпусы, спорт зал, акт залы, асхана және шеберхана құрылысы қолға алынған. 2023 жылы мектепке қосымша салынған жаңа ғимараттың құрылыс жұмыстары толық аяқталғанымен, қазіргі таңға дейін іске қосылмаған. Себебі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, дренаждық жүйені орнатқанымен жертөледе судың толуы тоқтаған жоқ. Электр жарығы бойынша да ақаулар бар. Мердігер кемшілікті толық жоюға уәде етіп, іске кірісті. 
«Шаттық» бөбекжайындағы кездесуде де түйткілдер тарқатылды. Аудандағы 27 білім беру мекемесін газбен жылыту жүйесіне өткізу үшін 800 млн. теңге қажеттілігі анықталған. «№6 негізгі орта мектеп интернаты» коммуналдық мемлекеттік мекемесі де қолдауға мұқтаж. Мектеп-интернат ғимараты ескі болғандықтан жаңа мектеп салу керек, компьютерлер жеткіліксіз. Қазандықты ауыстыру, жиһаздармен қамту да өзекті күйінде тұр. Ал, Ақсукент ауылындағы «Қайрат» стадионының ойын алаңын жазғы уақытта сумен қамтамасыз ету үшін су шығаратын құбыр орнату қажет. Ұңғыма орнату үшін  оның жобалық-сметалық құжаты әзірленген. 
Облыс әкімінің орынбасары бұл мәселелердің бақылауға алынғанын айтып, шешімін табатынын жеткізді. Бірқатар проблемалар бойынша заң аясында жұмыс жүргізіліп, ұсыныстар берілмек. Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлына нақты тапсырмалар беріліп, әрбір нысанның түйткілі қадағалауға алынды. 
Әсіларық ауылындағы Ш.Уәлиханов атындағы мектеп ғимаратының тозығы жеткен. Қабырғалары жарылып, апатты жағдайға түскен. Жергілікті тұрғындар, ата-аналар тарапынан бұл мәселе көтерілген. Облыс әкімінің орынбасары аталған білім ұясының жай-күйі ескеріліп, таяу арада жөнделетінін айтты. Аталған ауылда 2024 жылы «Жайлы мектеп» жобасы арқылы 600 орынды мектептің құрылысы басталады.
Осы күні Сайрам ауданындағы мектеп және колледж директорларының қатысуымен мәжіліс өтті. Ұстаздар білім сапасын жақсартуға бағытталған өз ұсыныстарын білдірді. Өзекті мәселелер көтерілді. 
Білімнің даму көкжиектерін кеңейту бағытындағы пікірлерді тыңдаған облыс әкімінің орынбасары жиынды қорытындылады. Сабақтан тыс уақытта мемлекет тарапынан қолға алынған спорт, өнер, білім бағытындағы үйірмелерді жандандырып, оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруды тапсырды. Жастарға кәсіптік білім беру, оларды жұмыспен қамту керектігіне тоқталды. Жиында айтылған барлық ұсыныс-тілектер мен проблемалардың басты назарда екенін айтып, әкімдік тарапынан тың жобаларды қолдайтынын жеткізді.
Бейсенбай Дәулетұлы осы сапарында өңірдегі қоғамдық-саяси ахуал және этносаралық тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмыс тобымен және Сайрам, Түлкібас, Төлеби аудандарының құзырлы және жергілікті атқарушы органдарының басшыларымен өткізілген мәжіліске қатысты. Жиында өзекті мәселелер талқыланып, жоспарлар сараланды. 
Пікір қалдырыңыз