Отандық нөмір барлығына жетеді. Егер...

Бәріміз білетіндей, бір жеті бұрын елімізде шетелдік көліктерді тіркеу науқаны басталған болатын. Сол сәттен бастап 6 тәулік ішінде өңірдегі халыққа қызмет көрсету орталықтарына үш мыңға жуық тұрғын өтінішпен келген. Оның ішінде 827 автокөлік деректер базасы бойынша тексеруден өткізіліп, барлық талапқа сай келген 396 көліктің иесі қазақстандық нөмірге қол жеткізген. Олардың 393-і Ресейден әкелінген болса, қалғаны армениялық көліктер. Осы және науқанға қатысты өзге де ақпараттарды облыстық полиция департаментіне қарасты әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Алмасхан Тастанбеков айтып берді.

Оның айтуынша, аталмыш акция осы жылдың 1 шілдесіне дейін жалғасып, тұрғындар елімізге 2022 жылдың 1 қыркүйегінен дейін әкелінген шетелдік көліктерді рәсімдей алады. Әлбетте, барлық талапқа сай болса. Тіркеу үшін көлік иесінен өтініш, өтініш берушінің жеке куәлігі, көлік құралының паспорты немесе көлік құралын тіркеу туралы куәлік және көлік құралына меншік құқығын растайтын құжат қажет.
– Көліктерге қазақстандық нөмір беру барысында бірқатар проблемалар да туындап жатыр. Оның ішінде көліктердің шетелдегі тіркеуден шықпай қалуы жиі кездесуде. Ал, кейбір көліктердің шет мемлекеттер тарапынан бұғатталғаны анықталып жатыр. Меншік иелері осы проблемаларды шешіп келсе, 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген көліктер ешқандай кедергісіз тіркеледі. Тіркеу құны 200 мың теңге болып белгіленген. Одан бөлек, мемлекеттік нөмір мен техникалық құжат үшін 13 171 теңге төленуі керек. Көліктерді тіркеу барысы онлайн режимде, барынша жылдам жүргізіледі, - дейді Алмасхан Тастанбеков.
Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, рөлі оң жақтан сол жаққа ауыстырылған шетелдік көлігі бар азаматтар да бұл акцияның игілігін көре алады. Дегенмен, ол үшін көліктерін еліміздегі арнайы лабораторияларға тексертіп, рұқсат алуы қажет.
Сондай-ақ, шанақ не қозғалтқыштағы нөмірі мен техникалық құжаттағы нөмірі сәйкес келмейтін көліктер анықталса, оларға арнайы шара көріліп, меншік иелеріне қатысты қылмыстық іс қозғалады. Себебі, бұл – жалған құжат дайындау болып саналады екен. Сонымен бірге, дәл қазір тіркеуге өтініш білдірген көліктер қысқы маусымға арналған шиналармен жабдықталған және толықтай техникалық талаптарға сай болуы қажет.
Тағы бір айта кетерлік жағдай – электрондық база жұмыстарынан оқтын-оқтын кемшіліктердің туындап жатқандығы. Мәселен, кейбір көліктерді тіркеуге бастапқыда рұқсат берілсе, біршама уақыттан соң өтініш қанағаттандырылмай қалатын жәйттер орын алып жатқан көрінеді. «Мұндай жағдайда азаматтардан түсіністік танытуын сұраймыз»  дейді полиция департаментінің өкілдері. Одан бөлек, науқанның келесі кезеңдерінде мемлекет тарапынан тіркеуге рұқсат берілмей қалған көліктердің келешегіне қатысты мәселелер қаралуы мүмкін екендігін де айтты. Жалпы, отандық нөмір барлығына да жетеді. Егер, шетелдік көлік талапқа сай болса.

Пікір қалдырыңыз