Бұл – кітапқа оралудың басы болса, қанеки!

Ысқақ САДЫҚ, «Ońtústik Qazaqstan».
Облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен, облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен «Кітап Travel–2023» «Шежірелі өлкеден – рухани Темірқазыққа» атты акция өтті.
Аталған шараны өткізудегі мақсат – өңірлік кітапханалардың қызмет көрсету бағытындағы озық идеяларды анықтау, бүгінгі оқырманның сұранысын қанағаттандыру арқылы кітап оқудың жаңа тетіктерін қарастыру сондай-ақ кітапханалар арасында әріптестік байланысты нығайту болып табылады.
Акцияны іске асырудың негізгі бағыты электронды сандық сирек қорды ұлғайтуға негізделген. «Тарихтан жеткен аманат» әдісі авторлық құқықты сақтай отырып, өңір тұрғындарымен, кітапхана қорымен, өңірлік өлкетану музейлерімен келісімшарт жасау негізінде сирек қор жинақталып «Фараб» кітапханасының кітап сканерін пайдалана отырып, сандық көшірме жасау. Осы бастама аясында облыстық кітапхананың сандық форматтағы және түпнұсқа қолжазбалар түріндегі сирек қорын көбейтуге қолдау көрсетіледі.
Акцияның ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Күзембаев, зиялы қауым өкілдері мен облысқа қарасты кітапханалардың басшылары қатысты.
Тағлымға толы шараны ашып берген облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев науқанның маңыздылығына тоқталды.
– Бұл акция арқылы кітапхананың кітаптар қорын 20 мыңға жеткізу жоспарланып отыр. Түркістан облысында танымал қаламгерлер, ақын-жазушылар, баспагерлер, бұдан бөлек Түркістан өңірінен шығып, өзге облыс-қалаларда еңбек етіп жатқан беделді қаламгерлер мен баспагерлер жеткілікті. Осындай акцияларды біз өңірімізде ғана өткізбей, арнайы уақыт бөліп, басқа да өңірлерге шықсақ, қаламгер ағаларды арнайы шақырып, үйлеріндегі том-том кітаптарды кітапхана қорына сыйға тарту мәселесін қарастырсақ дейміз. Сақтаулы тұрған кітаптардың игілігін халық көрсін. Биыл Мемлекет басшысы ауыл халқына ерекше көңіл бөлінетіндігі туралы айтты. Біздің облыс тұрғындарының 80 пайызы ауылда тұрады. Сондықтан да ауыл мәдениетіне көңіл бөлу үшін ауыл халқына «20 мың кітап сыйлайық» деген бастама көтеріп отырмыз. Аталмыш жобаны алдағы уақытта Астана, Алматы, Шымкент сияқты ірі қалаларда ұйымдастыру жоспарлануда, – деді ол.
Сонымен қатар шара аясында облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев кітапхана қорына 100 кітап сыйға тартса, дінтанушы-ғалым Досай Кенжетайұлы жақында ғана жарық көрген Ясауидің хикметтеріне арналған «Ясауи антологиясы» атты 9 томдық кітабы мен өз кітапхана қорындағы 80 кітапты сыйлады. Ал, қала әкімінің орынбасары Ерлан Күзембаев сирек кездесетін жазба мен кітапты тарту етті.
Шараның екінші жартысында облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев биыл өңірде кітапқа ерекше көңіл бөлінетінін тілге тиек етіп, өткен жылдың қорытындысы бойынша үздіктерді марапаттады. Атап өтер болсақ, «Ең үздік аудандық кітапхана» номинациясын Келес ауданының кітапханасы жеңіп алса, «Ең үздік ауылдық кітапхана» аталымын Түлкібас ауданы, Жабағылы ауылының кітапхан ұжымы жеңіп алды. Осы ретте басқарма басшысы кітапхана басшыларын облыс әкімі Дархан Сатыбалдының Алғыс хаттарымен марапаттап, арнайы сый-сияпат табыс етті.
Айта кетсек, аталған шара одан әрі жалғасын табады. Акцияға қызығушылық танытқан кітап жанашырларының аталған науқанға қатысуға мүмкіндіктері бар. Сондай-ақ, алдағы уақытта аудандық кітапханалар белгіленген кесте бойынша «Фараб» кітапханасында мәдени шараларын өткізеді.