Жылыжай иелерін кім жарылқайды?

Бауыржан ЕРМАН, «Ońtústik Qazaqstan».

Биылғы қыс өңір тұрғындарының біразын әбігерге салғаны рас. Табиғи құбылыстарды қоспағанда, әдепкіде тұрғын үйлерді жылумен қамтамасыз ету жұмыстарынан шикілік шықса, бүгінде көмір тапшылығының салдарынан жылыжай шаруашылығымен айналысатын шаруалар да шырылдап отыр. Бірер күн бұрын өңір басшылары  жылыжайын жылыта алмай, суық ұрған өнімін далаға тастаған диқандармен кездесті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы, жауапты басқарма басшылары, қаржы ұйымдарының жетекшілері мен фермерлер қатысқан. Ал, онлайн қосылған теміржол тасымалдаушылары сұрақтарға жауап берген. Әкімдік ақпаратына сүйенсек, облыс әкімінің тапсырмасымен жылыжайларға көмек көрсету мәселесі жан-жақты қарастырылып жатыр. 
– Кездесуде жылыжай шаруашылықтарының қазіргі жағдайы және оның өндірісін дамытуға байланысты ұсыныстар ортаға салынды. Әкімдік тарапынан тауар өндірушілердің мүлкіне келтірілген нұқсан жөнінде акт ұсынылған жағдайда қаржы ұйымдары алдындағы берешектерінің (несие қаржы) өтеу мерзімдерін 1 жылдық мерзімге кейінге шегеру жөнінде ұсыныстар жолданды. Ірі жылыжай кешендері мұндай жағдайға дайын болғандықтан шығынға ұшырамағаны белгілі болды. Оның үстіне бизнесі сақтандырылғандықтан, шығындарды заң жүзінде өтеу жағы қаралған. Зардап шеккендер – шағын жылыжайлар. Оларды қаржы ұйымдары арқылы жеңілдетілген несиемен қамтамасыз ету жұмыстары атқарылуда. Алайда, жылыжайлардың 90 %-дан астамының құжаттары жоқ не түгел емес болып шықты. Яғни заң аясында қаржылай қолдау жағы қиынға түседі. Бұл тұста өңірдегі жылыжайларды жаппай заңдастыру мәселесі көтерілді, – деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, жиын барысында көмір тасу мәселесін шешу үшін шаруа қожалықтарын операторлармен тікелей байланыстырып, жұмыс бастау мәселесі талқыланған. Бұл тұрғыда көмір өндірушілер «көмірдің қаражаты алдын-ала және толық берілуі тиіс» деген талап қойыпты. Бұл бір жағынан қарапайым шаруалардың қалтасына сай келмесе, екіншіден оларға алдын-ала сатылып алынған көмір қорын сақтайтын қоймалар қажет болатын көрінеді. Одан бөлек, өңірге жеткізіліп жатқан көмір жеке кәсіпкерлерге емес, тұрғындар, аурухана, емхана, мектептер мен әлеуметтік нысандарға арналған арзандатылған көмір екендігі де ескерілді. 
Ресми ақпаратқа сүйенсек, қалың қардың салдарынан құлаған жылыжайлардың басым бөлігінде егін егу жұмыстары әлі басталмаған екен. «Жалпы шағын жылыжайлар тұтастай жеңіл конструкциядан жасалған. Бүгінде 167 тауар өндірушінің 36 гектар жылыжайы қар салмағын көтере алмай, жарамсыз күйге түскен. Осылайша, жеке кәсіпкерлер қаржылық шығынға ұшырады. Облыс әкімдігі тарапынан жылыжай иелеріне қолдау көрсету жолдары жан-жақты зерделеніп жатыр. Барлық тараптардың ұсыныстары сараланғаннан кейін заң аясында көмек көрсетіледі. 

Пікір қалдырыңыз