«Ең басты талап – сапа»

Түркістанда тұрғын үй саласына инвестиция салуға қызығушылық білдіргендер саны артып отыр. Жақын уақытта заманауи кешендер көбеймек. Түркістанның тұрғын үй нарығына кіруді жоспарлаған «BI Group» холдингі облыс орталығында заманауи тұрғын үй кешендерін салмақ. Дайын баспаналардың несиелік және мемлекеттік бағдарламалармен берілуі қарастырылады. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды «BI Group» холдингінің өкілдерімен кездесіп, бірқатар жобалармен танысты. Қажетті өзгертулер енгізіп, салынған үйлердің сапасына мән беруді басты назарда ұстауды міндеттеді.
Еуропалық брендтермен тығыз жұмыс істейтінін айтқан компания өкілдері инфрақұрылымға басты мән беретіндерін жеткізді. Құрылыста ең сапалы құрылыс материалдары пайдаланылатынын атап өтті. «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы бірлесіп жобаны іске асыру мәселесі қарастырылуда. Жаңа баспаналар қаладағы әкімшілік-іскерлік орталықта бой көтереді.
– Ең басты талап – сапа. Инфрақұрылымға баса мән беру керек. Абаттандыру да назардан тыс қалмайды. Балаларға арналған алаңшалардың қауіпсіздігіне үлкен көңіл бөлу керек. Сапалы, қолжетімді, халыққа жайлы баспана салу бағытында Түркістанда түрлі жоба-жоспарлар жүзеге асады. Оның барысы қатаң бақылауда болады, – деді облыс әкімі.

Пікір қалдырыңыз