Ең бірінші теміржол апаты... Келесте орын алған

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Ońtústik Qazaqstan».
Тура қазіргі кездегідей Кеңес Одағы тұсында да Еуропа мен Азияға ортақ автожол, теміржол секілді логистикалық нысандардың маңызы зор еді. Ресейдің «қарт құрлықта» жатқан бөлігі мен Орта Азияны жалғайтын «Орынбор–Ташкент» теміржолы осындай қажеттіліктен салынды. Теміржолды салуға 19 жыл (1887-1906 жж) уақыт кетті. Ал, 1906 жылы енді пайдалануға берілген теміржолдағы алғашқы апат «Келес» бекетінде тіркелді...
Алдымен тарихқа сәл шегініс жасап, Қазақстанның дамуы үшін де аса маңызды рөл атқарған теміржол құрылысына тоқталып өтейік. Алып логистикалық нысанның алғашқы қадасы Самарқандағы Зиаддин бекетінде қағылды. 1889 жылы құрылыс Урсатов–Әндіжан арасында жүрсе, 1905 жылы Орынбор–Қандыағаш–Қазалы бекеттерінің арасына шойын жол түсті. Ал, 1906 жылы Қазалы–Қармақшы–Арыс–Ташкент арасын жалғайтын бекеттер пайдалануға берілді.
«Орынбор–Ташкент» теміржолының ең үлкен стансасы Қандыағаш бекеті болғанын айта кеткен жөн. Ал, 1905 жылы ең алғашқы локомотив депосы Қазалыда ашылды.
Ал, енді осы теміржолдағы ең алғашқы апатқа оралайық. 1906 жылы Орынбордан Ташкентке бағыт алған пошталық поезд апатқа ұшырады. Апат «Дарбаза» мен «Келес» стансаларының арасында орын алды. Бір қуанарлығы, адам шығыны болмаған. Бірақ, Ресейден Ташкентке жіберілген жүк бүлініп, жарамсызданды. Апат кезіндегі бұл фотосурет Ташкент қалалық ішкі істер департаментінің архивінде сақталған.
Айтпақшы, өткен жексенбіде облысымызда дәл сондай теміржол апаты орын алды. Желіде тараған бейнематериалға сенсек, жүк артқан поезд теміржол бойындағы электр сымына тиіп, вагондардың арасы үзіліп кеткен. Соның салдарынан бірнеше вагон рельстен шығып кетіпті.
«Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясының мамандары апаттың «Манкент» стансасында болғанын хабарлады.