АҒАЙЫНМЕН ҚАУЫШҚАН ЖЫЛ

Ұрпақтар сабақтастығы

Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ,

«Оңтүстік Қазақстан».

Келес ауданындағы Біртілек ауылдық округіне қарасты Көлтоған елді мекенінде тұратын Бижан ата ұрпақтары үшін Барыс жылы құт жылы болды. Себебі, олар осыдан жүз жылдай бұрын мінәйі себептермен жат жерге үдере көшкен ағайындарымен қауышып, үзіліп қалған туыстық қарым-қатынасты қайта жандандыруға мүмкіндік алды.

Бижанның інісі Бекжан ақсақал кезінде тағдыр тәлкегімен Өзбекстанға қоныс аударуға мәжбүр болыпты. Ақыры Ташкенттің маңайында орналасқан Шыршық ауылында тұрақтап қалған көрінеді. Қазір Бижан ата да, Бекжан ақсақал да дүниеден өткен. Бекжан атамыз көзі тірісінде атақонысы туралы балаларының құлағына құйып баққан екен. - Аталарымыз «түбіміз – Келестен, Көлтоған жердің тумасымыз. Бабаларымыздың бейіті сол жерде», - деп үнемі айтып отыратын. Құдайдың берген бақыты шығар, атақонысты көріп, бабамыз су ішкен бұлақтан бетімді шаюды менің маңдайыма жазыпты. Ағайын-туыспен қауышып жатырмыз. Аллаға мың шүкір! – дейді Өзбекстаннан келген Құлажан ағамыз.

Құлажан ағамыз Келеске бүкіл ағайын-туысын, бала –шағасын, жалпы, отызға тарта адамды ерте келіпті. «Балалар бабаларының өсіп-өнген жерін көрсін. Тамырларының осында екенін түйсінсін. Атамекенімізді, мұндағы туыстарымызды көрсін, аралассын деген ниет қой», - дейді ағынан жарылып,

Бекжан ата ұрпақтары жүз жылдан бері Шыршық қаласын мекендеп келеді. Бүгінде бір қауым елге айналған. Бірі диқаншылықпен айналысса, енді бірі сауда-саттықтың тізгінін ұстап жүр.

-Атамыздың Келес өңірі жайлы үнемі айтып отыратыны есімде. Бірақ, жас болғасын көп нәрсеге мән бермеппіз. Өзі дүниеден өткесін қарым-қатынас үзіліп қалғанға ұқсайды. Ол заманда ата-тегіңе үңіліп, тамырыңды іздеу деген жоқ еді ғой. Кейін есімізді жиып, жан-жағымызға қарай бастадық. Қариялардың айтқан әңгімелерін жадымызда жаңғыртуға тырыстық. Ата-бабаларымыз жайлы айтылған деректерге құлақ түре жүретін болдық. Сөйтіп жүргенде ойда-жоқта іздегенімізді тауып, ағайындармен қауыштық. Әуелі олар келді, сосын бұндағы ағайындармен бірге біз қонаққа бардық. Міне, осылайша атақонысымызға табанымыз тиді. Әуелі Бижан атамыздың басына барып, құран оқыдық. Мұндағы ағайын-туысқа дән ризамыз. Құшақ жая қарсы алып жатыр. Енді арамыз үзілмегей деп тілейміз, - дейді Бекжан атаның тағы бір ұрпағы Қожахмет ағамыз.

Бижан атадан тараған ұрпақтар бүгінде олқылықтың орны толғандай күй кешуде. «Қанша жылдардан бері Бекжан бабамыздың ұрпақтарын жоғалтып алып жүр едік. Міне, қауышып отырмыз. Өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілді, - дейді Бижан атадан тарайтын Нұрмағанбет ағамыз.

Бір кездері артына қарай-қарай Өзбекстанға аттанған Бекжаннан тараған бір қауым ел, осылайша қазығын тауып, кіндігін бабалар рухына байлады.    

Пікір қалдырыңыз