Ең қауіпсіз автомобильдер анықталды

Жуырда EURONCAP ұйымы апаттық сынақтар арқылы ең қауіпсіз автомобиль модельдерін анықтады. Тізімде Mazda, Mercedes-Benz, Skoda, Lexus және басқа да брендтердің жаңа көліктері бар. Еуропадағы тәуелсіз ұйымның сынағына 14 көлік үлгісі қатыстырылған. Сынақ нәтижесінде біршама көлік бес жұлдызды қауіпсіздік ұпайын жинай алған. Осы орайда бүгінгі күннің ең мықты көліктеріне тоқталып өтпекпіз. 

Апаттық сынақтарға қазір көптеп сатылып жатқан қытайлық Омода С5 кроссовері қатыстырылып, ең жоғары баға алған. Сарапшылар бұл көліктердің ересектер мен балаларды қорғау қабілетін 87 пайыз деп бағалаған. Сонымен қатар, жүргізушіге көмек көрсетіп, қауіпсіз жүргізуді қамтамасыз ететін жүйелері 88 пайыз ұпай алған. Бұл көліктің негізгі проблемасы – қозғалмайтын кедергімен соқтығысқанда алдыңғы орындықтағы жолаушының аяғынан ауыр жарақат алу ықтималдығы жоғары екен. Ал, бүйірден болған соққы кезінде жүргізуші кеуде жарақатын алуы мүмкін. Жаяу жүргіншілер үшін көліктің алдыңғы тіректері мен жарықшамдар аймағы аса қауіпті. Сынақ ұйымдастырушыларының айтуынша, көлік соқтығысудың барлық түрлерінде балаларды қорғаудың жоғары деңгейін көрсеткен. 
Бұл сынақта жапондық Lexus RX кроссовері де жоғары бағаға ие болған. Сарапшылар жүргізуші мен жолаушыларды қорғау деңгейін 90 және балаларды қорғау деңгейін 87 пайыз деп бағалаған. Ал, электрондық «көмекшілері» 91%-дық көрсеткішке жеткен. Сонымен бірге, сынақтарда қолданылатын манекендер арқылы қозғалмайтын кедергіге соқтығысу кезінде жүргізушінің кеуде жарақаттарын алу қаупі жоғары екендігі анықталған. Дегенмен, көлікке қатысты басқа шағымдар бола қоймаған. 
Mercedes-Benz GLK кроссовері де бес жұлдызға ие болды. Тиісінше, жүргізуші мен ересек жолаушылардың қауіпсіздігі – 92, балалардың қауіпсіздігі – 90, ал, көмекші құрылғылардың жұмысы 84 пайызға бағаланған. Сарапшылар соқтығысудың барлық түрлерінде автокөлік жүргізушісі мен жолаушыларды қорғаудың жоғары деңгейде екенін атап өтті. Дегенмен, бүйірден тиген соққы кезінде кеудеге ауыр жарақат алу ықтималдығы байқалған. Жолаушылар үшін көліктің алдыңғы тіректері мен жарықтандыру аймағы қауіп төндіреді екен. 
Қауіпсіздік бойынша ең жоғары ұпай Skoda Octavia көлігіне де берілген. Алайда, сарапшылар алдыңғы тұстан соқтығысу және бүйірлік соқтығысу кезінде жүргізушінің кеуде қуысының зақымдану ықтималдығы жоғары екенін атап өткен. Сынақ ұйымдастырушыларында көлікке қатысты басқа сұрақ болмаған. Нәтижесінде көліктің жүргізуші мен ересек жолаушыларды қорғау қабілеті 86 және балалардың қауіпсіздігі 84 пайыз деп бағаланса, қауіпсіздік жүйелерінің жұмысы 
81 пайыз ұпай алған. 
Сондай-ақ, апаттық сынақтарға Land Rover Discovery Sport көлігі де қатыстырылды. Жол талғамайтын көліктегі жүргізуші мен ересек жолаушылардың қауіпсіздігі – 84, балалардың қауіпсіздігі – 89, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі – 71 және электронды көмекші жүйелердің жұмысы 85 пайыз деп бағаланған. Жүргізуші үшін ең үлкен қауіп – бүйірлік соққы. Мұндай соқтығысу кезінде автокөлік жүргізушісі кеудеден ауыр жарақат алуы ықтимал. 
Апаттық сынақтардың нәтижелері бойынша Volkswagen Amarok пикабы да қауіпсіздік бойынша ең жоғары ұпай жинай алды. Сарапшылар ересектердің қауіпсіздігін – 84, балалардың қауіпсіздігін – 90, қозғалыстың басқа қатысушыларының қауіпсіздігін 74 пайыз деп бағаласа, электронды көмекшілерге 84 пайыз ұпай берген. Сонымен бірге, соқтығысу кезінде алдыңғы орындағы жолаушының аяғынан жарақат алу қаупі жоғары екенін атап өткен. Мұндай апат кезінде артқы орындықтағы жолаушы да кеуде тұсынан қатты соққы алуы мүмкін. Жарықшамдар, капот және алдыңғы тіректер аймағы жаяу жүргіншілер үшін қауіп төндіреді. 
Апаттық сынақтарға қатысқан тағы бір пикап – Ford Ranger. Американдық модель сынақ ұйымдастырушыларының өте жоғары бағасына ие болды. Атап өтсек, ересектерді қорғау дәрежесі  – 84, балаларды қорғау дәрежесі – 90, ал, электронды көмекшілердің жұмысына 84 пайыз ұпай берілген. Сондай-ақ, сенімді көліктердің қатарында Lucid Air, MG 4 Electric, Volkswagen ID. Buzz, Maxus MIFA 9, Ford Pumа, Volkswagen Touran, Peugeot 408 секілді модельдер де бар.
Пікір қалдырыңыз