Жаңғырту жұмыстары жалғасады

Түркістан облысында тұрғындарды кәріз жүйесімен қамту көрсеткішін арттыру мақсатында бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Биыл облысқа қарасты қалаларды су бұрумен жабдықтау саласы бойынша 9 нысанға бюджет есебінен 7,1 млрд. теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Келер жылы ондағы  құрылыс жұмыстары аяқталады. Кәріз тазарту құрылыстарын салу және жаңғырту мәселелері облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен жиында күн тәртібіне шығарылды.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Сәкен Далиевтің баяндауынша, Түркістан, Кентау, Арыс, Леңгір, Жетісай, Шардара қалаларының тұрғындары 33,2%-ға кәріз жүйелерімен қамтылған. Түркістан қаласында 27 дана кәріздік-сорғы стансасы мен кәріз-тазалау имараты бар.
Халық санының өсу қарқынын, сондай-ақ құрылыстың жоғары қарқынын ескере отырып, рухани астанада қосымша су жабдықтары қуатын арттыру көзделген. Түркістан қаласында әкімшілік-іскерлік орталығы мен мәдени-рухани орталығында көпқабатты тұрғын үйлердің, әлеуметтік нысандардың және бюджеттік мекемелердің көптеп салынуына орай, жаңадан қуаттылығы 75 мың текше метрді құрайтын кәріз-тазалау имаратының құрылысын салу жоспарлануда. Бүгінгі таңда нысанның жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде.
Облыс әкімі құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізуді қатаң бақылауға алуды тапсырды. Әрбір жобаны іске асыру кестесін бекіту және олардың орындалу барысы туралы жүйелі түрде есеп беруді міндеттеді. Жаңа жобаларды уақтылы іске асыру үшін қажетті техникалық құжаттамаларды жедел әзірлеу мен бекітудің, сондай-ақ халықаралық тәжірибені зерделеуді және тазарту құрылыстарының қалдықтарын одан әрі өңдеу жөнінде ұсыныстар енгізудің маңызын атап өтті.
Биыл Ұлттық қор есебінен
6,4 млрд. теңге бөлініп, тоғыз шағынауданды толық қамтитын
6 нысанның құрылысы жүргізілуде. Кентау қаласы 80 пайызға жуық кәріз жүйелерімен қамтылған. Қалада жаңадан қуаттылығы тәулігіне 8,5 мың текше метр кәріз-тазалау имаратының құрылысын салу жоспарлануда. Жоба бойынша 3,5 шақырым магистральды кәріз коллекторы сарқынды суларды жинақтау тоғанының құрылысын салу қарастырылған. Сонымен бірге, Леңгір, Арыс, Жетісай және Шардара қалаларында орталықтандырылған кәріз жүйелері жұмыс істейді. Оларды жаңарту жұмыстары көзделуде.

Пікір қалдырыңыз