Жерлестермен кездесу бойға шуақ сыйлайды

«Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» дейді халық даналығы. Сол айтқандай,  атамекенін аңсамайтын адам аз шығар. Туған жер – тірегіміз, біз әрдайым арқамызды соған тірейміз. Жырақта жүрсек, лезде сағынып қаламын. Ел іші – алтын бесік. Біраз уақыт елге бармасам, асыл затымды жоғалтып алғандай алаңдап тұрамын. Ару Алматыдан ауылға асығамын. Төркіндеп келген қызды құшақ жая қарсы алатын ағайын-туғандар, туыс-жекжаттар, сыныптастар, достар баршылық. Құрметтеп, қошемет жасап, төрін ұсынып жатады. Бұған да шүкір, мың бір тәуба! Гастрольдік сапармен Шымкент және Түркістан қалаларына жол түссе, туған жерім Төлеби ауданына бір соқпай кетпеймін. Жерлестермен жүздескен, ауыл адамдарымен кездескен қандай ғанибет!  

Кіндік қаным тау етегіндегі Майбұлақ ауылында тамған. Табиғаты қандай ғажап өлке десеңізші! Әсіресе, көктем, жаз айларында ерекше құлпырып кетеді. Қыста да қызық таусылмайды. Шанамен сырғанап, аққала жасап, күнұзақ далада  ойнайтынбыз.  Мұнда 5-сыныпқа дейін оқыдым да, кейін Бірінші Мамыр ауылындағы мектепке ауыстым. Анам кеңшардың тауарлы-сүт фермасында сауыншы болып жұмыс істейтін. Соған қолғанат болып сиыр саууға жәрдемдесетінмін. Жаспыз ғой, жұмыстан шаршамайтынбыз. Ән салып жүріп, тобымдағы 20 сиырды  сауып та, сауылған сүтті фермаға өткізіп те үлгеретінмін. Алғашында әнді ермек үшін айтатын едім. Бойымда әжептеуір өнер бар екенін басқа адамдар байқапты. Кейін осы ауылдағы Соболевтердің отбасылық ансамбліне қабылданып, киелі сахнада ән салуды бастадым. Алғашқы ұстазым да сол кісі. Түрлі мерекелік іс-шараларда ауыл клубында ән салып, өнерімді ұштай түстім. Кейін Шымкент қаласындағы облыстық филармонияға ауыстым.  Алматыдағы «Гүлдер» ансамблінің әншісі болып қабылданғаным күні кеше ғана сияқты еді. Содан бері қырық жылдан астам уақыт өтіпті-ау.
Қыз тілеулес қой. Төле би бабамыздың атын иеленген ауданның жыл өткен сайын экономикасы дамып, өркендеп, өсіп келе жатқанына қуанамын. Барлық әлеуметтік мәселелер оңды шешіліп келеді. Төлеби ауданының құрылғанына 90 жыл толуы құрметіне қазан айының ортасында Леңгір қаласындағы Мәдениет сарайында үлкен концерт қойып, жерлестерімнің алдында есеп бергендей болдым. Әсіресе, сыныптастарымның көпшілігі келді. Іс-шараның басы-қасында өздері жүріп, табандарынан тік тұрып, қызмет жасады. Құшағым гүлге толып, мерейім тасыған күн болды.
Тойға біз де шақырылдық. Әннен шашу шашатын боламыз. Мереке құтты болсын, жерлестер! 

Гүлнәр СИҚЫМБАЕВА,
Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген әртіс.
Пікір қалдырыңыз