Алақандай ауылдан – 17 суретші! Бұл – әлемдік құбылыс!

Төлеби ауданы десе көз алдыңызға тұмса табиғат, таудан сылдырап аққан бұлақ, шың басындағы аппақ қар келе қалады. Елімізде осыншама әсем табиғатты шығармаларына арқау еткен ақындар да, жазушылар да аз болған жоқ. Десе де, мынадай көркем табиғатта дүниеге келіп, суретші болмау мүмкін емес еді. Республика бойынша тұңғыш рет «Суретшілер үйі» Төлеби ауданында ашылғанын біреу білсе, біреу білмес. Оны елімізге белгілі суретші Құттыбек Жақып ашқан екен. 
«Жақсыны көрмекке» деп былтыр ғана ашылып, лентасы қиылған Суретшілер үйін көру үшін Төлеби ауданына арнайы бардық. Шынын айтайық, ол ғимаратты мұнша түкпірде болар-ау деп мүлде ойламаппыз. Мұнда жету үшін бірнеше ауылды артқа тастадық. Суретшілер үйі таудың етегіне салынған екен. 
– Суретшілер үйінің ашылуы қарсаңында халықаралық симпозиум ұйымдастырылды. Алыс-жақын шетелдерден келген атақты суретшілер осында болып, ауылымыздың, өңіріміздің әсем табиғатын бейнелеп, полотноға түсіріп, сыйға тартып кеткен болатын. Содан бері бұл үйге бірнеше атақты суретші ат басын бұрды,  – дейді Құттыбек Жақып.
Төлеби ауданының суретшілер отаны деп аталуы да тегін емес. Мұнда қылқалам шебері Молдағали Қалдыбаев, кескіндеме шеберлері Тоқболат Тоғысбаев, Ерболат Төлепбай, Құрасбек Тыныбеков, Бексейіт Түлкиев сынды есімдері елге, әлемге белгілі таланттар дүниеге келген. Төлебиден шыққан 37 қылқалам шебері ҚР Суретшілер одағының мүшесі болса, оның 17-сі бір Қасқасудың өзінен. Бір ауылдан 17 суретшінің мұндай дәрежеге жетуі еліміз тұрмақ, әлемде сирек кездесетін құбылыс! 
Құттыбек Жақып ағамыздың айтуынша, Суретшілер үйінің аумағы әлі де үлкейеді. Мұнда қазір сурет қоятын галерея жоқ. Болашақта Құттыбек аға осы мәселені қолға алып, сурет галереясын ашпақ. Суретшілер үйі ауыл тұрғындарының да ерекше назарын аударған. Балаларын сурет үйірмесіне бергісі келетін ата-аналардың бүгінде қарасы қалың көрінеді. 

Ерболат АЙНАБЕКОВ.
Пікір қалдырыңыз