Мен үшін от сезімсің қанда ойнаған!

Түркiнiң түгендесем үлгiлi iсiн, 
Түрiлер Тұранымның түндiгi шын.
Төлеби – өркениет бастауындай,
Мен үшiн Жердiң алтын кiндiгiсiң.

Төлеби – туған мекен, сүйiктi өлкем, 
Көксеңгiр көрдiм сенi биiктерден,
Мәңгiлiк Меккем сенсiң Құбыладай,
Жүрекке жылы ағыстар құйып келген.

Аяулы арда мекен, ар ма десiп,
Жетемiн айдарымнан арман есiп.
Туған жер, құт берекем, 
дәл өзiңдей
Әлемде алтын ұя, бар ма бесiк?!

Тарихтың бiрге туған сыңарындай,
Төлеби – бұл фәнидiң жұмағындай.
Ер көңiл Елсау ханби дұға қылған,
Ұлы Жiбек жолының тұмарындай.


Табиғат төгiп берген бар асылын,
Күн сүйген қасқа белiн, дара шыңын.
Күмбезi көк тiреген асқар таулар,
Мекенi дүйiм қазақ баласының.

Заңғар тау – таң ұясы, зерлi күнгей,
Тұлғасы көк түрiктiң өрлiгiндей.
Селбесiп қатар өскен қалың жыныс,
Ен тоғай – ақбас шыңның белдiгiндей.

Таудағы тiршiлiктi таң қозғамақ
Төбеңде қалықтайды ән қаз қанат.
Теңiзден төрт шақырым биiктiкте,
Сайрамшың мұздағы тұр маңғаз қарап.

Арманның қанатында самғайды адам.
Туған жер, тасыңды айтып таңдай қағам.
Басқаның барқын төсiн не қылайын,
Мен үшiн от сезiмсiң қанда ойнаған!

Темірғали КӨПБАЕВ,
ақын, халықаралық «Алаш» 
әдеби сыйлығының лауреаты.
Пікір қалдырыңыз