Жол қауіпсіздігі – басты назарда

Жолдардағы қауіпсіздік жағдайы – басты назарда. Жыл басынан бері қабылданып жатқан шаралар нәтижесінде облыстағы жол-көлік оқиғаларының саны – 3,5 пайызға, олардың салдарынан қайтыс болғандардың саны – 7,8% пайызға төмендеген. Жол апатын азайту бойынша жасалып жатқан жұмыстар барысы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен жиналыста баяндалды.

Түркістан облысы республикада бірінші болып жол қозғалысы ережелерін қасақана бұзушыларды қашықтықтан анықтау үшін «ДРОН» пилотсыз ұшу аппаратын қолдана бастады. Бейнебақылау камераларының саны 100-ден 141-ке дейін көбейтілді. Облыстық маңызы бар жолдарға 26 камера орнатылды. Олардың көмегімен 255 мыңға жуық құқықбұзушылық фактілері анықталған.
Патрульдік автомобильдерде жылдамдық режимін автоматты тіркеудің бес мобильді «Кибер-Шериф» кешені іске қосылды. Олармен 300-ден астам құқықбұзушылық фактілері анықталды. Жыл басынан бері полиция департаменті облыстың көше-жол желісіне 3 мыңнан астам тексеру жүргізген. Оның қорытындысы бойынша жол қозғалысының қауіпсіздігіне теріс әсер ететін 11 583 ақау анықталды. Анықталған кемшіліктерді жою бойынша 3 253 нұсқама берілді (3 172 нұсқама бойынша кемшіліктер жойылды).
Түркістан облысындағы жолдарда көктайғақтың алдын алуға қажетті инертті материалдар аудан, қалалардағы қоймаларға толық жеткізілді. Жүзден астам арнайы техника жасақталған. Автомобиль жолдарының жай-күйін күнделікті бақылау күшейтілген. Қыс айларында автомобиль жолдарында автокөліктердің қауіпсіз және үздіксіз жүруін қамтамасыз ету және төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстары облыс басшылығы тарапынан қатаң бақылауға алынды.
Өңірімізде облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 4 мың шақырымнан асады.

Пікір қалдырыңыз