Министр проблемалармен бетпе-бет танысты

Бауыржан ЕРМАН, «Ońtústik Qazaqstan».
Түркістанға Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин арнайы іссапармен келді. Ол өңірдегі коммерциялық емес ұйымдармен, бизнес-қоғамдастықпен және қоғам өкілдерімен кездесіп, азаматтарды әлеуметтік қолдау, негізгі азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін Үкіметте қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.
Министрдің мәлімдеуінше, елімізде соңғы екі жылда 19 денсаулық сақтау нысаны, яғни 18 аурухана мен 1 емхана салынса, қазір 10 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Ал, 2025 жылға дейін тағы 19 аурухана мен 1 емхана, 160 дәрігерлік амбулатория, 242 фельдшерлік-акушерлік пункт, 253 медициналық пункт салынып, 32 көп бейінді орталық аудандық ауруханалардың жаңғыртылуы жоспарланған.
– Өңірде 2025 жылға дейін 190 орынға лайықталған Түркістан облыстық балалар ауруханасын, Сарыағаш қаласы мен Темірлан ауылында екі перинаталдық орталық, Арыс қаласында жедел жәрдем стансы мен қалалық емхана, облыс бойынша 20 дәрігерлік амбулатория, 23 фельдшерлік-акушерлік пункт, 6 медициналық пункт және 570 орынға арналған көп бейінді аурухана салу жоспарланып отыр. Соңғы екі жылда Түркістан, Кентау, Бәйдібек, Қазығұрт, сондай-ақ, облыстың басқа да аудандарында 35,4 мың орынға арналған 62 балабақша, 39 мектеп пен 23 қосымша ғимарат ашылды. Бұдан бөлек, 30 мыңға жуық оқушыға арналған 79 жекеменшік мектеп, 7 жоғарғы оқу орны мен колледж жатақханалары пайдалануға берілді. 2025 жылға дейін 141 400 орынға арналған 30 балабақша, 99 мектеп, 13 қосымша ғимарат пен жоғарғы оқу орнының 3 жатақханасы салынады, – деді министр.
Содан соң, Серік Мұқашұлы әлеуметтік әмиян тақырыбына тоқталды. Оның айтуынша, 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында еліміздегі табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі 5,1 пайызды құраған және 135 800 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Ал, Түркістан облысында бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі 10,4 пайызды құраған. Бұл Қазақстан бойынша ең жоғарғы көрсеткіш екен. Жалпы, өңірімізде шамамен 33,5 мың отбасы атаулы әлеуметтік көмек алып келеді.
– Атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтар мемлекеттен қолдау алу үшін қандай құжаттарды қайда тапсыру керектігін білмей жатады. Әлеуметтік салада, сондай-ақ, денсаулық сақтау, білім беру салаларында мемлекеттік қолдау шараларын тағайындаудың проактивті форматына көшу үшін «отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесі әзірленуде. Жүйе азаматтар туралы барлық мәліметтерді әртүрлі мемлекеттік органдардан бірыңғай базаға біріктіреді. Осы арқылы азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатының деңгейін айқындауға және оларға проактивті форматта кепілді мемлекеттік қолдау көрсетуге мүмкіндік туады. «Әлеуметтік әмиян» смартфондағы мобильді қосымша арқылы мемлекеттен алуға тиесілі әлеуметтік жәрдемақыны алу құралы. Әлеуметтік әмиян азаматтың жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) негізінде автоматты түрде құрылады және оған мемлекеттен бөлінетін ақша түседі. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін «әлеуметтік әмиян» модулі eGov mobile қосымшасына қосылады. Ол үшін бар болғаны «әлеуметтік әмиян» қосымшасын жүктеп, авторизациядан өту қажет, – деді Серік Мұқашұлы.
Министрдің сөзіне сүйенсек, 2023 жылдың басынан бастап әлеуметтік әмиянның үш түрлі цифрлық сервисін кезең-кезеңімен іске қосу жоспарланған. Олар мектептердегі тегін және ыстық тамаққа, дәрі-дәрмек беруге арналады. Сондай-ақ, әлеуметтік төлемдер мен
жәрдемақылардың барлық түрлерін «әлеуметтік әмиянға» қосу мәселесі пысықталып жатыр.
Сонымен қатар, аталған жиынға қатысқан ауыл шаруашылығы саласы мен бизнес өкілдері министрге көкейде жүрген сұрақтарын қойып, түйіні тарқатылмай келе жатқан проблемаларды көтерді. Оның ішінде суармалы жерлерге ағынсу жеткізу, ауыл шаруашылығы саласына арналған субсидияны көбейту, мақта өндірісі, жүн мен тері өңдеу кәсібі, жеміс-жидектерді сақтайтын қойма салу мәселелері кеңінен талқыланып, проблемаларды шешу жолдары қарастырылды.
– Бүгінгі сапардың басты мақсаты – түркістандық кәсіпкерлердің не айтарын тыңдап, ағымдағы жағдайымен танысу. Тиісінше, жиында өзекті мәселелер көтерілді. Жақында Өзбекстанға үлкен сапар жоспарланып отыр. Осыған орай қандай ауқымды шаралар атқару қажеттігі туралы да ұсыныс түсіп жатыр. Мәселен, мақта өңдеуге қатысты Өзбекстан өңірлерімен кооперациялық жоба жасауға болады. Кездесуге осы саланың ардагерлері де қатысып, ақыл-кеңестерін айтты. Осы орайда жұма күні Астанада уәкілетті органдардың басын қосып, үлкен жиналыс өткіземіз. Себебі, бұл іссапардан оң нәтиже шығару керек, – деді кездесуді түйіндеген Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин.
Айта кетейік, алдағы уақытта тұрғындармен кездесулері мен қабылдауларының нәтижелері бойынша мемлекеттік органдардың басшылары көтерілген проблемаларды шешу жұмыстарымен айналысады. Сонымен бірге, салалық бағдарламалық құжаттар мен нормативтік құқықтық актілерге түзетулер енгізе отырып, сарапшылардың ұсыныстарын және барлық өңірлерге ортақ жүйелік проблемаларды талдайды. Тиісінше, әрбір министрліктің өңірлердегі кездесулері мен азаматтарды қабылдау қорытындылары жартыжылдық негізде Үкімет отырыстарында қаралатын болады.