«Көріктің» табиғи шырыны бал татиды

Баян ДАРҒОЖИНА, «Ońtústik Qazaqstan».

Өткен аптада  Қазығұрт индустриалдық аймағында орналасқан бақша өнімдерінен табиғи шырын өндіретін «Көрік ШҚ» ЖШС-нің жұмысымен жақынырақ танысудың сәті түсті. Сарапхана ауылдық округіне қарасты Майлыошақ елдімекеніндегі индустриалдық аймақта екі гектар аумақты алып жатқан жобаның жалпы құны 589 млн. теңгені құрайды.  

Серіктестік директоры Бағлан Ақбердиевтің айтуынша, 2018 жылдың наурыз айында  жер телімін алып, құрылыс жұмыстарын жүргізуді бастаған. Қазан айында нысан толығымен аяқталып, кәсіпорын жұмысы іске қосылған. Қуаттылығы – тәулігіне 8 тонна шырын шығаруға толық қауқарлы. Қазіргі уақытта автоматтандырылған өндіріс орнында 21 маман тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Олардың орташа айлық жалақысы  100 мың теңге көлемінде. Жұмысқа негізінен жергілікті жастар тартылған.
Шағын зауыт заманауи технологиямен жабдықталыпты. Тікелей сығылған шырын шығаруға арналған құрал-жабдықтарды германиялық мамандар өздері әкеліп орнатып, жұмыстың жай-жапсарын үйретіп кеткен екен. Бүгінде зауыттың технолог және оператор жігіттері өз міндеттерін жақсы меңгеріп, кәнігі мамандарға айналып үлгерген. Сол себепті зауыт басшысы мұндағы жұмыс процесіне алаңдамай, тек шикізатты жеткізумен және дайын өнімді  өткізумен айналысатынын айтады. Әрі есепші, әрі кеңсе менеджері саналатын көмекшісімен бірге барлық істі тап-тұйнақтай өзі атқарып келеді. Әмбебап болуына өзі оқыған заңгер мамандығының да көмегі тиюде. 
Зауыттағы жұмысшылармен таныстық. Цех бастығы Нұрғазы Шалғынбайдың зауытқа келгеніне үш жыл болыпты. Қол астында 10 адам жұмыс істейді. Жас мөлшерлері шамалас, 21-22 жаста. Технолог Жантөре Төлтай 4 жылдан бері зауыттың ыстық-суығына күйіп келеді. Айтуларынша, алдымен жеміс-жидек шикізаты сұрыптаушылардың көмегімен іріктеледі. Содан соң шикізат түкті жуғышқа келеді. Ол жерде жеміс-жидек автоматты түрде өзі жуылып тазаланады. Тағы да сұрыптаушылардың іріктеуінен өтіп, ұнтақтағышта майдаланып, барынша ұнтақталады. Соңында сорғыш арқылы сыққышқа келген шикізат сығылған соң, одан шырын пайда болады. Ешқандай концентрат қосылмайды. Бұдан кейін шырын арнайы зертханада тексеріледі. Одан өткен соң барып операторларға ыдыстарға құюға жіберіледі. Құйғаннан кейін бір апта бойы тағы да тексеріліп, содан соң барып қаптама басталады. Міне, осы кезде тауар таратуға дайын болады.  Ал, жүзімнен шырын дайындалатын болса, сығылып алынған сұйықтық алты ай бойы арнайы 200 литрлік цистернада тұндырылады. Жүзімнің технологиясының өзгешелігі де осында, міндетті түрде тұндырылып барып тетра пакеттерге құйылуы тиіс. Қант қосылмайтындықтан, шырын үшін баудан алманың тәтті сорттары таңдалынып, аппаратпен тексеріледі, кез келген алма бұған жарамайды. Жұмыс аяқталған соң фильтрленген сумен құрылғылардың іштері күніге мұқият тазартылып отырады. Ал, ақаулы, жарамсыз боп қалған шырындар ыдыстарымен бірге қоқысқа тасталады.  
«Делис» сауда белгісімен шығатын алкогольсіз сусын химиялық қоспасыз дайындалатындығымен ерекшеленеді. Өндіріске пайдаланатын жеміс-жидектер аудан аумағынан табылады. Зауыт күніне 6 тонна шикізат қабылдайды. Мұндағы құрылғы сағатына мың литр шырын шығаруға қауқарлы. Осындай маусым кезінде сол алты тоннадан 3,5-4 тонна шырын алынады екен. Мұнда алма, алмұрт, қызанақ, жүзім, сәбізден шырынның түрлері жасалады. Дайын өнім еліміздің барлық аймағына таратылады. Сондай-ақ, көршілес Өзбекстан тарапынан да сұраныс жоғары. Бір айта кетерлігі, бұл жердегі бағасы қолжетімді. Шырынның сақталу мерзімі де сыртындағы ыдысына байланысты екен. Шыны ыдыстағы 2 жыл, ал, тетра пакеттегі 1 жыл ішінде пайдаланылуы тиіс. Қыста да шикізатсыз отырмайды, қоймада сақталған жеміс-жидектер кәдеге асады.
Кәсіпорын биыл қазан айында Астанада өткізілген «Алтын сапа» байқауына қатысыпты. Әзірге оның нәтижесі шықпаған. Дегенмен, бұл байқау жөнінде серіктестік директоры Бағлан 
Ержанұлы былай дейді: «Бұл жолы байқауға бізден басқа шырын шығаратындар қатысқан жоқ. Айта кету керек, біз өз саламызда өзгелерден әлдеқайда ерекшеміз, біріншіден, біздің зауытта ассортимент түрлері көп, жемістен де, көкөністен де шырындар жасаймыз. Бұл тұрғыдан бізге елімізде әзірге ешкім бәсекелесе алмайды. Екіншіден, шырындарымыздың сапасы өте жақсы. Табиғи жеміс шырынының қандай пайдасы бар екендігі онсыз да белгілі. Тұрақты тұтынушыларымыз бар». 
Бұл, әрине, іскер басшының сөзі. Еліміздің ертеңі осындай батыл да білікті, бірбеткей, бастамашыл жастардың қолында. Олар «Қазақстан ештеңе өндірмейді» деген құлақ әбден жауыр болған таптаурын сөздерді жоққа шығарып, өндіріс орындарын, зауыттарын ашып, ел экономикасын еселеп отыр. Әрине, олардың қатары әзірге аз болғанымен, келешекте көбейері анық. Ең бастысы, сең қозғалды. Ешкімге тәуелсіз кәсіпкерлер ғана халықты шетелдің қаңсығына таңсық қылмасы белгілі. Бұл бізді ертеңгі күнге сеніммен қарауға үйретеді. Біз зауыттан осындай позитивті оймен шықтық. 
Пікір қалдырыңыз