Еліміздегі ең биік ескерткіш

Биыл ауданның құрылғанына торқалы 90 жыл толуына үлкен тарту жасалып отыр. Халқымыздың тарихында аты қалған көрнекті тұлғалардың бірі Төле би бабаның ескерткіші тұғырына қойылды. Ескерткіштің биіктігі — 15 метр. Постаментімен қоса есептегенде 23 метрді құрайды. Бұл аудан орталығы — Леңгір қаласына кіре берістегі биік жотаға қойылды. Аумағы ат шаптырым алаңды алып жатқан аумақта саябақпен көмкерілген. Жалпы, салмағы
25 тонна тартатын мыстан жасалған Төле бидің ескерткіші еліміздегі ең биік нысандардың бірі болмақ. Оң қолын көтеріп, еліне сәлемін жолдап тұрған еңселі ескерткішті бірнеше мүсіншіден құралған шығармашылық топ жасап шықты.
Алдағы уақытта аудан ақсақалдарының ақылдасуымен бабаның айтқан сөздері ескерткіштің құлпытасына қашалып жазылады. Суретші Сұлтан Ілияев пен қырғыз мүсіншісі Мирлан Османалиевтің қолынан шыққан ескерткішті орнату меценат, «Сити-Строй» корпорациясының директоры Әсет Қайыпбековтің бастамасымен жасалды.
Еңселі ескерткіш өткен демалыс күндері тұғырына қойылғанымен саябақ аумағындағы толыққанды жұмыстар алдағы уақытта аяқталады. Ауданнның мерейтойында салтанатты түрде ашылады.
С.МӘТҚАЛИҰЛЫ.