Жандос жүргізушілерді жолда қалдырмайды

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,  «Ońtústik Qazaqstan».

Жандос тұрақты жұмыс таппай біраз жыл жүріп қалды. Түрлі жұмыстың басын шалды.  Құрылысшы да болды, егін де екті. Жүкші болып көрді. Былай бір, олай бір шапқылай берген соң «тұрақты бір жұмыс тауып алсам ғой» деген ойға қалды.

Бір күні Жандос үйіне келе жатты. Алатау батыр ауылы күре жолдың бойында жатқандықтан, түрлі автокөліктер әрі-бері ағылып жатады.  Бір көлік өзіне жақындап келіп тоқтады. Кабинадан түскен жүргізушісі: «Бауырым, көлігімнің бір дөңгелегі жарылып қалып еді, балон ауыстыратын орын қай жерде?» деп сұрады. Осы сауал Жандосқа ой салды. «Неге мен осы ауылдан желімдеу орнын ашпаймын?» деп ойлап келе жатты. Мұнан соң Жандос көрші ауылдағы вулканизация деп аталатын шағын ұжымда жұмыс істеп жүрген жігіттерді жағалайтын болды. Осында еңбек етіп, біршама тәжірибе жинады. Содан соң жігіттердің ырзалығымен өз алдына жеке бөлініп шықты.
Биыл Жандос Кішібаев мемлекеттен қайтарымсыз  грант алды. Оған жұмыс орнына керекті құрал-жабдықтар әкелді. Қазір Жандосты іздеп келетіндер қатары тіптен көп. Жарылған кәмірді жамап береді, балонға жел толтырады, тепе-теңдікті қояды, дөңгелек ауыстырады,  әйтеуір таңертеңнен қара кешке дейін бір тынбайды. 
– Маған Алатау батыр ауылдық округінің барлық адамдары келеді. Тіптен, велосипедінің кәмірін жамату үшін балалар да соғып тұрады. Үлкен жолдың бойында тұрғандықтан алыс сапарларға шыққан ауыр жүк көліктері де аялдайды. Оларға да сапалы қызмет көрсетуге тырысамын. Өйткені, кім де болсын жолда қалмауы тиіс. Кәмірін желімдеп, балонын орнына салып берсеңіз, рахметін айтып кетеді. Жүргізушілер осы жолмен әрі-бері мың қайтара өтеді. Сонда саған рахметін жаудырады емес пе? Алғыс алудың өзі бір қуаныш, – дейді бізге азырақ уақытын бөлген Жандос.
Жандос Орынбасарұлы осы орынды жалға алыпты. Бір ғана бөлме. Бірақ, керектінің бәрі бар. Алайда, келушілер көбейген сайын бөлмесі тарлық ете бастайды. Оның үстіне тынымсыз жұмыс істегендіктен бір мезгіл тынығып алуы да керек. Әсіресе, жаздың қапырық күндері, қыстың қаһарлы аязында жұмыс істеу қиын.
– Егер жол бойынан шамалы ғана жер берсе, үш-төрт бөлмелі жай тұрғызып, келушілерге де, өзіме де қолайлы жағдай жасап алар едім, – дейді ол.
Несі бар, оның бұл тілегі орындалып та қалар. Өзін-өзі жұмыспен қамтып, талайлардың кәдесіне жарап отырған оған көпшіліктің айтар алғысы көп. Сол алғыстар Жандосқа еселеніп қайтпас деймісіз?
  
Шардара ауданы.
Пікір қалдырыңыз