Шаруалар сайлауалды бағдарламамен танысты

Ашықтық пен жариялылық – кандидаттың басты ұстанымы.

ҚР Президенттігіне кандидат Қ.К.Тоқаевтың Сарыағаш ауданындағы сенімді өкілдері "Дарбаза" шаруа қожалығының ұжымымен кездесті. Сайлауалды бағдарламаны насихаттаған Ш. Жарылқасымов, Ә.Баратов көпшілікті алдағы уақытта жүзеге асатын жұмыстармен таныстырып өтті.

 

«Мемлекеттік қызметшілер жалынды ұран мен жалаң сөзге үйір болмай, барынша өнімді әрі тиімді жұмыс істеуі талап етіліп отыр. Халыққа әдемі жоспарлардың қажеті жоқ. Жұрттың күтіп отырғаны нақты шешімдер және нәтижелі жұмыс. Сондықтан, барша халықтың әл-ауқатын арттыру шенеуніктің басты міндетіне айналуы тиіс. Кандидатымыз бағдарламасында осы мәселелерге басты назар аударып отыр», - деді, Ш. Жарылқасымов.

 

Сондай-ақ, жиынға қатысушыларға кандидат Қ.Тоқаев штабының жұмысын насихаттауға арналған сайт жөнінде ақпарат беріп, электронды түрде ұсыныс пен тілек жіберу тәсілдері түсіндірілді.

 

Үгіт-насихат жұмыстары Отырар ауданында да өтті. Штаб мүшелері М.Ерубай мен А.Ибрагимов аудандағы М.Шаханов атындағы жалпы орта мектебінің ұжымымен кездесті. Кандидаттың сайлауалды бағдарламасында білім саласына басымдық берілгендігін жеткізді. Педагогтардың мәртебесін көтеру, олардың жайлы ортада қызмет істеуін қамтамасыз ету жұмыстарының жалғаса беретінін айтты.

 

«Екі жастан 6 жасқа дейінгі барлық балаларды сапалы мектепке дейінгі біліммен қамту, мемлекеттік балабақшаларға орын бөлетін бірыңғай және ыңғайлы ақпараттық жүйе құру, барлық бастауыш сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету, балаларға арналған 50 сауықтыру лагерін ашу ісі қолға алынатын болады», - деді М. Ерубай.

 

Жиын соңында  қоғамдық штаб мүшелері алдағы Президент сайлауы – еліміздің ертеңіне ықпал ететін маңызды науқан екеніне тоқталып, халықтық коалиция кандидаты Қ.К.Тоқаевты қолдап дауыс беруге шақырды.

 

Ал, Жетісай ауданындағы кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың сенімді өкілдері Атамекен ауылдық округінің тұрғындармен кездесті. Сайлауалды бағдарламаны кең көлемде түсіндіріп, ондағы бағыттар бойынша атқарылатын жұмыстарға тоқталып өтті. Ұсыныс-пікірлерлі тыңдап, сұрақтарға жауап берді. Алдағы Президент сайлауында  Қ.К.Тоқаевқа қолдау білдіріп, дауыс беруге шақырды. Үнпарақшалар таратты. Сайлаушыларға кандидат Қ.Тоқаев штабының жұмысын насихаттауға арналған сайт жөнінде ақпарат беріліп, электронды түрде ұсыныс пен тілек жіберу тәсілдері түсіндірілді.

Пікір қалдырыңыз