Түркістанда көк ту желбіреді

2022 жылы Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күнін қайта мемлекеттік мереке ретінде қалпына келтіруді сондай-ақ, 25 қазанда Ұлттық мереке ретінде атап өтуді ұсынған болатын. Сол уақыттан бері ұмыт қалған республика күні қайта жаңғыра бастады. 25 қазан күні аталған мерекеге орай Рәміздер алаңында Мемлекеттік Туды ресми көтеру рәсімі өтті. Ұлттық мереке күніне қала тұрғындары мен қонақтары, жалынды жастар жиналды. Салтанатты рәсімге Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды арнайы келіп, мемлекеттік туды көтеру рәсіміне қатысты.
Мерекелік шараның ашылуында Әнұран шырқалып, патриоттық әндер әуелете орындалды. Қаланың көркін келтіріп тұрған тұғырдың биіктігі – 62,5 метрді құрайды. Ал, көк тудың ені 12 метр болса, ұзындығы – 24 метр. Бүгінде бұл еліміздегі ең биік тутұғыр мен тудың қатарына кіреді.
Биыл 25 қазан – Ұлттық мереке ретінде аталып өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мерекелік құттықтауында Республика күнінің мән-маңызына айрықша тоқталды.