ТАҒДЫРШЕШТІ СӘТТЕН ТЫС ҚАЛМАҒАНЫМЫЗ ЖӨН

Бір жағынан бұл сайлауды саяси модернизацияның көрінісі ретінде бағалауға болады.

20 қараша күні болатын Президент сайлауы тек саяси науқан емес, мемлекет тағдырына тікелей әсер ететін маңызды оқиға. Қоғам тынысын аңдап отырсақ, дүйім ел бұл кезекті сайлаудан тың деп, соны серпін күтіп отырғандай. Бұл сайлаудың жөні де, жосығы да бұрынғы сайлаулардан өзгерек деген сарындағы пікірлер жоғарыдағы сөзімізді қуаттай түседі. Мұның себебі де жоқ емес. Өйткені, алдағы аламан додада 12 үміткер бақ сынауға бекініп отыр. Олардың дені қоғамның түрлі салаларында еңбек етеді.

Бір жағынан бұл сайлауды саяси модернизацияның көрінісі ретінде бағалауға болады. Халықтың бастамасымен Ата Заңымызға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, жаңа бастамалар мен жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды. Бұл өз кезегінде еліміздегі демократиялық үрдістердің кеңінен қанат жаюына қолдау болмақ. Президенттің сөзіне сенсек, көп ұзамай көшіміз түзеліп, түйіні шешілмеген түйткіл қалмайды. Қазірдің өзінде қоғамдық ұйымдардың белсенділігі анық байқалады. Сондықтан әрбір сайлаушы мемлекет дамуындағы тағдыршешті сәттен тыс қалмауға тиіс. Қалғанын уақыт көрсетеді...

Аманғали АЙМҰРЗАЕВ,

еңбек ардагері.    

Пікір қалдырыңыз