«Мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам»

Дүние жүзіндегі демократиялық мемлекеттердің қайсысын алып қарасақ та, адам құқығын қорғау мәселесі бірінші орынға қойылады. Біздің елімізде де дәл солай. Ата Заңымызда «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп жазылуы осы сөзімізді қуаттай түседі. Осы орайда, Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауы да ел азаматтарының әділетті қоғамда өмір сүруіне негізделген құнды құжат деп сеніммен айта аламыз. 

Ел Президентінің Қазақстан халқына арнаған бұл Жолдауы күн тәртібінде тұрған экономикалық саясат, ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция, нақты секторды дамыту, мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғырту, заң мен тәртіп салаларын қамтыды. Соның ішінде экономикалық және саяси реформалармен қатар, адам құқықтарын қорғау мәселесі басым бағыттардың бірі болды. Бұл өзгерістер билік пен бұқара арасын жақындатып, әрбір азаматтың теңқұқықты, жайлы қоғамда өмір сүруіне ықпал етеді деп ойлаймын.
Атап өтсек, Мемлекет басшысы Жолдауда Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының тең жартысын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды қамтитын «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын ұсынды. Аталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін ғана шешіліп, олардың баспана және жоғары білім алуына жұмсалмақ. Яғни бұл бастама перзентінің болашағына алаңдап отырған әрбір ата-анаға қуаныш сыйлады деп айта аламыз. Сонымен қатар, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын еліміздің жарқын болашағы үшін салынған инвестиция деп бағалауға болады.  
Бүгінде елімізде денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөлініп келеді. Тиісінше, жаңа Жолдау жүктеген міндеттер шеңберінде 32 аудандық аурухана жаңарып, фельдшерлік пункттер салынбақ. Сонымен бірге, Мемлекет басшысы айтқандай, ең төменгі жалақы мөлшері артып, азаматтарды жұмыспен қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар атқарылады. Жолдауда қоғамдық қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалмады. Атап айтсақ, Қасым-Жомарт Кемелұлы нашақорлықпен, есірткі саудасымен күрестің кешенді жоспарын әзірлеуді және отбасындағы зорлық-зомбылықты зерделеп, аталған проблемалармен күресті күшейтуді тапсырды. Түптеп келгенде, мұның барлығы тұрғындар үшін жайлы өмір сүру ортасын құру саясатына сай жұмыс болғалы тұр. Әрі кезекті Жолдау – Әділетті, Жаңа Қазақстанды құру мақсатындағы нық қадам болды десек, қателеспеспіз. 

Ерлан НҰРМАХАНОВ,
Түркістан облыстық мәслихатының депутаты.
Пікір қалдырыңыз