«Даму үшін ортақ мүдде қажет»

Өзбекстанның Самарқан қаласында 15-16 қыркүйекте Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) 27-саммиті өтті. Саммитке 15 мемлекеттің басшысы және ШЫҰ-мен ресми байланыс орнатқан онға жуық халықаралық және өңірлік ұйымдардың, атап айтқанда, БҰҰ, ЭСКАТО, ЮНЕСКО, ТМД, ҰҚШҰ, ЕАЭО, АӨСШК және ЭЫҰ мен Араб мемлекеттері лигасы жетекшілері қатысты.
Қазіргі таңда ұйымға 8 ел мүше. Атап айтқанда, Қазақстан, Қырғызстан, Пәкістан, Үндістан, Өзбекстан, Тәжікстан және екі ядролық алпауыт – Ресей мен Қытай бар. Төрт ел бақылаушы және тағы алты мемлекет диалог жөніндегі әріптес.

Ұйымға мүше елдер арасында неге жік шықты?
Дәл саммит басталар алдында ШЫҰ-ға мүше елдер арасынан жік шықты. Бұған сыртқы күштердің қандай да бір әсері болды ма, әлде өзара келісе алмайтын геосаяси мәселесінің ушығуы дәл осы мезетке сәйкес келді ме – бұған жауап табу қиын. Қырғызстан да, Тәжікстан да ұйымға әу бастан мүше. Көршілес орналасқан қырғыз-тәжік елдері тұрғындары мен шекарашылары арасында суға, жерге талас жиі болып тұрады. Кейде жанжал барысында қару қолданылып, адам өліміне ұласады. Мұның себебі екі ел арасындағы 970 шақырым шекараның 519 шақырымы келісілген, қалған бөлігі әлі нақтыланған жоқ. Қырғыздың Баткен облысы мен Тәжікстанның Соғды облысы арасындағы даулы жерде ауылдар, кей тұсында екі елдің тұрғындарының үйлері қоңсы орналасқандықтан ол жерде шекараны нақтылап, белгілеу қиындық туғызған. 
Осыдан бірнеше күн бұрын шекарада атыс болғаны хабарланған. Тараптар оқиғаға бір-бірін кінәлады. Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі ұсынған мәлімет бойынша, қақтығысқа Баткен облысының Бұлақ-Башы ауданында Тәжікстанның шекара жасағының пайда болуы себеп болған. 
«Қырғыз тарапының аумақты тастап кету туралы заңды талаптарын елемей, тәжік шекарашылары оқ жаудырды. Бұған жауап ретінде Қырғызстан ҰҚК ШҚ шекарашылары да қару қолданды. Шекара жасақтары арасында атыс басталды, оның барысында тәжік тарапы минометтер қолданды» делінген сенімді ақпарат көздерінде. 
Кейінірек Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында атыс тоқтағаны хабарланды. Алайда, ертеңіне Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасындағы жағдай қайта ушықты. Екі ел билігі шекарадағы қақтығыс кезінде қаза тапқан адамдары туралы мәліметтерді жариялады. Қырғызстан жағынан қақтығыс құрбандары 59 адамға жеткен, ал, 144 адам жараланып, ауруханаға түскен. Сондай-ақ, 140 мың адам қауіпті аймақтан көшірілген. Тәжікстан сыртқы істер министрлігі Тәжікстанның 60-тан астам адамы өлді, оның көпшілігі бейбіт тұрғындар деп жариялады. Қырғызстан 19 қыркүйекті жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. 

Қытай Ресеймен бірігуге ұлы держава болуға дайын 
Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитінде кездескен Владимир Путин мен Си Цзиньпиннің арасы тым жақындап кеткен сыңайлы. Ресей президенті Қытайдың Украинаға қатысты бейтарап саясат ұстанғанына ризашылығын білдірді. Сонымен қатар Қытайды қолдап, АҚШ-тың Тайвань бұғазындағы арандатушылықтарын айыптады. Ал, Қытай басшысы Ресеймен біріге отырып, ұлы держава болып, әлемде көшбасшылық етуге құмбыл екен. Сонысын ашық айтыпты. Сарапшылар бұл екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жалпы бағыты, стратегиялық мүддесі Батысқа қарсылық екенін айтады. Айта кету керек, Қытай көшбасшысымен кездесу Путиннің әлемдік аренадағы беделін сақтау үшін тиімді болмақ. Украинадағы соғыс салдарынан салынған санкциялар Ресейдің ахуалын тым нашарлатып жіберген-ді. Сондықтан олардың Қытайдың инвестициясына, технологиясына және екі жақты саудасына қызығушылық танытатыны айтпаса да түсінікті. Мұнан бөлек Батыс Ресей мұнайы мен газына тәуелділікті азайтуға тырысып отыр. Ал, Мәскеу оны Шығысқа, соның ішінде Қытайға жеткізуді қайта бағыттауға тырысады. 
Си Цзиньпин үшін де Путинмен кездесу үлкен маңызға ие. Мұның себебі де жоқ емес. Келер айда, 16 қазанда Қытайда елдің Коммунистік партиясының 20-шы Ұлттық съезі өтеді. Онда Си Цзиньпин билікке үшінші мерзімге қайта сайлануды көздеп отыр деседі. Белгілісі, Ресей соғыста жеңсе де, жеңілсе де Қытай Ресеймен қарым-қатынасты одан әрі дамыта бермек.

Тағы қандай мәселелер көтерілді?
Әрине, әлемде геосаяси жағдай ушығып, экономика кері кетіп жатқанда тығырықтан шығар жол іздеу кезек күттірмейтін мәселе екендігі даусыз. Сондықтан ұйымға мүше елдердің басшылары жиналып, осы өзекті проблемаларды талқылады. 
Мемлекет басшысы шағын құрамдағы отырыста ШЫҰ қызметінің қазіргі кезеңдегі басым бағыттары туралы көзқарасын білдірді. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, әлем қазір қауіпті кезеңге аяқ басты. Елдер арасында қысым көрсету, санкция салу тәрізді тәсілдер белең алып барады. Қауіпті еңсеру үшін алдымен бірлікті бекемдеу қажет. «Осындай жағдайда өзара сенімге, тең және ашық диалогқа негізделген, өзіне тән бірегей «Шанхай рухын» нығайту міндеті өте маңызды болып көрінеді. Біздің алдымызда ШЫҰ әлеуетін толық ашу міндеті тұр, Ұйым қызметінің тиімділігін арттыру және әртүрлі салалардағы көпжақты ынтымақтастықты дамыту барлық қатысушы мемлекеттердің мүдделеріне сай келеді» деді Президент. 
Әрине, даму үшін ортақ мүдде қажет. Өйткені, ұйым құрамында болғанымен, жік-жікке бөлініп, әртүрлі әрекет ету құрдымға жібереді. Сондықтан Шанхай құрылымын жаһандық экономикалық платформаға айналдыру қажеттігі сөз болды. Ұйымға мүше мемлекеттер жер шары халқының тең жарымы, яғни ресурс та, технологиялық мүмкіндік те жеткілікті. Соны толыққанды пайдаланатын кез келді. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үлесі әлемдік жалпы ішкі өнімнің шамамен төрттен бірін құрайды, энергетикалық ресурстардың, көмірдің, сирек металдардың және жаңартылатын энергия көздерінің ең бай қоры бар. Оның үстіне бұл мемлекеттер – әлемдегі ең ірі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші әрі экспорттаушы елдер. Сондықтан ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасын арттыру қажет. Бірақ, ірі державалардың текетіресі мен санкциялар соғысы алыс-берістің азаюына, қымбатшылыққа алып келді. Осы ретте көлік-транзиттік әлеуетті арттыруға және Қазақстанның мүмкіндігін пайдалануға шақырды Президент. 
«Әңгіме «Қытай – Еуропа» бағыты және Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша теміржол тасымалы, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай шекарасында үшінші теміржол өткелінің құрылысын салу жоспары туралы болып отыр. Осыған орай, мен ШЫҰ-дағы серіктестерді жаңа мүмкіндіктерді пайдалануға шақырамын. Шығыс Азиядан Парсы шығанағы елдеріне ең қысқа жол саналатын «Қазақстан-Түрікменстан-Иран» теміржолының әлеуеті зор» деді Қ.Тоқаев. 
Бірақ, тұрақты даму үшін аймақта қауіпсіздік болу керек. Сондықтан әскери салада да ынтымақтастық артады. Өйткені, экстремизм, терроризм мен сепаратизм секілді үш зұлымдық тұтас өңірге қауіп. Оның үстіне тәліптер күшпен басып алған Ауғанстанның шекарасы ұйым елдерімен шектесіп жатыр. Қала берді Ресей–Украина, Қырғызстан–Тәжікстан, Армения–Әзірбайжан арасындағы қақтығыстар ұйымның ілгері басуына кедергі. Тағы бір белгілі болған жәйт, саммитте Илхам Әлиев Арменияны арандатушы деп айыптап, шүріппені бірінші болып басқанын мәлімдеген.
Саммит қорытындысы бойынша, 40-тан астам құжатқа қол қойылып, Самарқан декларациясы қабылданды. Қысқасы, ынтымақтастық сан салада жанданбақ. Сондай-ақ, ұйымның географиясы кеңейді. Иран толыққанды мүшелікке қабылданды. Енді Беларусьті қосу процесі жүріп жатыр. Ал, ұйымға төрағалық ету тізгіні енді Үндістанға өтті.

Дайындаған Б.ДӘРІҚОЖА.
Пікір қалдырыңыз