«Біз Қазақстанның территориялық тұтастығын сақтауына қолдау білдіреміз»

Осы аптада Қазақстанға Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин келді. Қытай басшысының елімізге сапары алдында «Ол Қазақстанға не үшін келе жатыр?» деген сауал біраз жұртты алаңдатқан сыңайлы. Сондықтан сарапшылар басылымдарда түрлі пікір, болжамдарын ортаға салып жатты. Сарапшылардың дені бұл сапардың экономикалық тұрғыдан өте маңызды екенін айтып отыр. «Қытайдың Қазақстанның екінші ірі сауда серіктесі екенін ескерсек, бұл сапар екі ел үшін де тиімді болмақ» дейді мамандар. 

Мысалы, белгілі экономист Мақсат Халық ҚХР төрағасының елімізге келуі әсіресе экономикалық тұрғыдан маңызды екенін атап өтті. Оның сөзінше, қазіргідей геосаяси жағдай шиеленісіп тұрған кезеңде тауар тасымалдау мәселесі өзекті, кезек күттірмейтін мәселе. Қазақстан арқылы өтетін «Батыс Еуропа–Батыс Қытай» дәлізі тауар тасымалдауда маңызды. «Алайда, одан да маңызды мәселені естен шығармауымыз қажет. Кез келген іскерлік екіжақты кездесулердің саяси астары болады. Сондықтан Қазақстан осы тұста экономикасы мен өзінің ұлттық қауіпсіздік мәселесін бірінші орынға қоюы керек» дейді экономист.
Тағы бір қазақстандық экономист Арман Байғанов та Қытай басшысының Қазақстанға сапарының экономикалық және саяси сипаты бар екенін тілге тиек етті. Оның пайымдауынша, екінші қуатты әлемдік держава көшбасшысының елімізге келуі ел экономикасының дамуына үлкен серпін бермек. «Экономика тұрғысынан Қытай Қазақстан экономикасына көбірек инвестиция құйғысы келеді. Менің ойымша, Шығыстағы көршіміз әсіресе, шикізат және аграрлық секторларға басымдық беруді мақсат етіп отыр» деді А.Байғанов.
Сенімді ақпарат көздері хабарлағандай, 2021 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша, Қазақстанның Қытайға құйған инвестициясының көлемі 4 324 млн. долларды құрады, бұл Қытайдың Қазақстанға жинақталған инвестиция көлемінің үштен бірі (12 918 млн. доллар).
Ал, Қытай және Орталық Азия бойынша сарапшы, халықаралық Карнеги бейбітшілік үшін қорының қызметкері Темур Омаров Си Цзиньпиннің сапарын Қытайдың Қазақстандағы позициясын жақсартуға талпыныс деп бағалайды. «Бұл Қытай үшін өте маңызды: қос мемлекеттің ұзын құрлық шекарасы бар, Қазақстан – Пекиннің қауіпсіздік саласындағы маңызды серіктесі»  дейді ол.
Қазақстанның қоғамдық даму институтының сарапшысы Олжас Түсіпбекұлы биыл Қытай Халық Республикасы мен Орталық Азия елдері арасында дипломатиялық қатынастың орнауына 30 жыл толғанын айтады. Ол қазіргідей саяси реформалар жүріп жатқан кезде Қытай мен Қазақстан арасында толық түсіністік бар екендігін, өйткені, Орталық Азиядағы бес мемлекеттің ішінде табиғи ресурстарға бай, шекарасы шектесіп жатқан Қазақстан Қытай үшін өте маңызды екендігін тілге тиек еткен. Қазақстанда 55 инвестициялық жобаның қолға алынып жатқаны белгілі.
ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға сапарына байланысты өзінің Facebook парақшасында: «Кездесу барысында көлік-логистика, азық-түлік өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы салаларының мәселелері мен трансшекаралық өзендер жайы талқыланды. Президент Қазақстан мен Қытай арасында жаңа «алтын 30 жылдық» кезең басталды деді. Бұл мәлімдеме екі ал арасындағы қарым-қатынас жоғары деңгейде екеніне дәлел. Себебі, халықаралық дипломатияда әрбір сөздің құны бар»  деп жазды. Өз кезегінде Қытай басшысы «Қытай Қазақстанмен қарым-қатынастарға ерекше мән береді. Біз қандай жағдай болса да, Қазақстанның тәуелсіздігін, мемлекеттілігін, территориялық тұтастығын сақтауына қолдау білдіреміз. Қазақстан мен Қытайдың достығы жаңа деңгейге шығатынына кәміл сенемін» деп елімізге деген құрметін аңғартты. Сондай-ақ, баспасөз хатшысы екі ел арасындағы байланысты нығайтуға үлес қосқаны үшін Президент ҚХР төрағасы Си Цзиньпинді еліміздің ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденімен марапаттағанын атап өтті.  «Алтын Қыран» ордені 1995 жылы бекітілген. Ол Қазақстан мемлекеттілігінің құрылуына елеулі үлес қосқан көрнекті тұлғаларға, оның ішінде Қазақстанмен сыртқы достық қарым-қатынаста оң нәтижелерге қол жеткізуге ықпал еткен шетел мемлекет басшыларына табысталады.
Си Цзиньпин Қазақстанға алғаш рет 2013 жылы «Белдеу және жол» бастамасын жариялаған кезде келген. «Жібек жолы» экономикалық белдеуі жайында жария еткен Қытай үшін транзиттік аймақ, шекаралас мемлекет ретінде Қазақстанмен көлік-логистикалық, сауда-экономикалық қарым-қатынас өте маңызды еді.
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері Вячеслав Додоновтың айтуынша, Қытай компаниялары мен ұйымдарының қатысуымен Қазақстан экономикасының жетекші салаларында көптеген ірі жобалар жүзеге асырылуда, көптеген бірлескен кәсіпорындар құрылуда. Жыл басында Қазақстанда Қытай капиталының қатысуымен 2959 заңды тұлға тіркелген, олардың көпшілігі сауда және құрылыс саласында жұмыс істейді. Бас ғылыми қызметкер, Қазақстан мен Қытайдың экономикалық ынтымақтастығы, әсіресе, көлік және транзиттік әлеуетті іске асыру, энергетика, сауда және логистика, қаржы сияқты салаларда Қазақстан экономикасын дамытудың өте маңызды факторы болып табылатынын айтады. 
Келіссөздерден кейін екі мемлекеттің басшылары Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Президенттің баспасөз хатшысы айтқандай, бүгінгідей күрделі геосаяси жағдайда көрші елдермен ынтымақта, достық байланыста болу аса маңызды іс екені даусыз. Кездесуден кейін президенттер Самарқанда өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) саммитіне қатысты.

Саясат бөлімі.


Пікір қалдырыңыз