«Әлемде әділетті қоғам құру бәрімізге ортақ міндет»

Елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі жұмысын бастады.
Екі күнге созылатын съезге 50 елден 100-ден астам делегация, оның ішінде ислам, христиан, буддизм, иудаизм, индуизм, даосизм, зороастризм, синтоизм діндерінің өкілдері, сондай-ақ саяси және қоғам қайраткерлері, халықаралық ұйымдар мүшелері келген.

Діни форумға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, Рим папасы Франциск, Әл-Азхардың жоғарғы имамы Ахмед Мохаммед Ахмед ат-Тайеб, Иерусалим патриархы III Теофил, Ашкеназдың бас раввині Давид Лау, Израильдің бас сефард раввині Ицхак Иосиф және басқа да діни жетекшілер, сондай-ақ бірқатар халықаралық ұйымның өкілдері қатысуда. 
Дін көшбасшысы Францисктің елімізге мемлекеттік сапары Рим папасы Иоанн II Павел Қазақстанға 2001 жылы келгеннен кейін алғаш рет өтіп жатыр. Оның елордада өткізетін мессасына 3 мыңға жуық адам қатыспақ.
Биылғы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі әлем үшін тарихи және бірегей оқиғаға айналады деген сенім бар. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев бұл съездің рухани көшбасшыларға тікелей сұхбат құруға, дінаралық және өркениетаралық диалогты нығайтудың маңызды мәселелерін бірлесіп қарауға, сондай-ақ әлемді алаңдатқан өзекті проблемаларды шешу жолдарын талқылауға үлкен мүмкіндік беретінін айтады.
Бүгінгі таңда әлемде геосаяси шиеленістер мен қақтығыстар артып келе жатқаны белгілі. Форум сол қайшылықтарды жеңіп, қақтығыстарды тоқтатуға және бейбітшілікке қол жеткізуге шақырады. Жер бетіндегі ұлттар мен ұлыстар бір мақсатқа ұйысқанда ғана әлемде береке орнайды. 
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі әлемдегі қақтығыстар мен шиеленістерді тоқтату үшін үнсіз дұға жасаумен басталды. «Халықтар арасындағы келісімді нығайтып, пандемиядан кейінгі әлемде әділетті қоғам құру бәрімізге ортақ міндет. Осы орайда ашық диалог орнату өте маңызды. Дін көшбасшыларының VII съезі тың идеяларға жол ашып, баршамызды биік белестерге жеткізеді деп сенемін. Біздің мүддеміз және ниетіміз бір. Бәріміз де бейбіт әрі берекелі болашаққа қадам басуды қалаймыз. Осы игі мақсатқа бірге жетейік. Съезд жұмысына табыс тілеймін. Дұға-тілектеріңіз қабыл болсын!» деді Қазақстан Президенті Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері VII съезінің ашылуында сөйлеген сөзінде.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымы бастаған халықаралық ұйымдардың басшыларына, саясаткерлер мен сарапшыларға Қазақстанның съезд өткізу туралы бастамасына қолдау білдіргені үшін ризашылық білдірді. Сондай-ақ, Президент аталмыш съездің мәні мен маңызына тоқталды. «Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі бүгінде жаһандық деңгейдегі өркениетаралық диалог алаңына айналды» деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 
Мемлекет басшысы дін көшбасшыларының диалогы адамзат баласына қазіргі текетірес ахуалынан шығу жолын көрсете алатынына сенімді. Бүгінде бейбітшілік үшін жаңа жаһандық қозғалыс қажет. 
Рим Папасы Франциск съезде Қазақстанға арнап өз тілегін айтты. «Қазақстан  бір-бірінен алшақ орналасқандардың басын қосатын, татуластыратын мекенге айналсын. Қазақ жерінде адами қарым-қатынасты басшылыққа ала отырып, маңызды кездесулер үшін жаңа жолдар ашыла берсін. Бұл тұрғыда өзара сыйластық пен шынайылыққа екпін қойылған» деді Понтифик.
Қазіргі таңда Қазақстанда 100-ден астам этнос өкілі татулық пен үйлесімде өмір сүріп жатыр. 18 конфессияның 4 мыңға жуық діни бірлестігі еркін қызмет етуде.   
Съез отырысында 4 секция болып, онда руханияттағы діндердің рөлі, бейбітшілік пен келісімдегі білімнің рөлі, экстремизм мен терроризм мәселелері және әйелдің әлеуметтік мәртебесіндегі діни қауымдастықтың рөлі талқыланады. Бұл секциялар 15 қыркүйекте Тәуелсіздік сарайында өтеді деп жоспарланған. 
Айта кету керек, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының бірінші съезі 2003 жылы Қазақстанның астанасында өтті. Кейінгі съездер үш жылда бір рет 2006, 2009, 2012, 2015 және 2018 жылдары ұйымдастырылып, тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ірі халықаралық іс-шаралардың біріне айналды. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының келесі VIII съезі 2025 жылы өтеді.  

  Саясат бөлімі.
Пікір қалдырыңыз