Болашаққа нақты қадам

Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабы 1-тармағында: «ҚР Президенті Қазақстан халқына елдегі жағдай мен республиканың ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары туралы жыл сайын Жолдау арнайды» деп көрсетілген. Осыған орай биыл 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа парламенттік маусымның кезекті сессиясын ашып, халыққа Жолдауын жариялады. 

Жолдауда ел дамуының бес басым бағыты мен алдағы мақсат-міндеттері белгіленген. Жолдау республикалық референдумда халықтың қолдауына ие болған конституциялық реформаларды іске асыруға, сондай-ақ еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған. Ел экономикасын жүйелі түрде әртараптандыру, халықтың әл-ауқатын арттыру, саяси жүйені одан әрі реформалау бағыттарында жаңа бастамалар көтерілді. Бұл бастамалар Жаңа Қазақстанды құруға арналған нақты қадамдар. Атап айтқанда, бірінші бағдар – жаңа экономикалық саясат, екінші – нақты секторды дамыту, үшінші – ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция, төртінші – мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғырту, бесінші – заң және тәртіп.
Жолдауда әсіресе жұрт көкейіндегі мәселелер кеңірек қамтылған. Мысалы, жер қойнауын игеруге инвесторлар тарту, автожолдарды жөндеуді қолға алу, субсидия бөлуге және оның жұмсалуына жүргізілетін бақылауды күшейту, медицина саласына қажетті қаржыны бөлу, білім саласын жетілдіру, балабақшалар салу, студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету, білім гранттарын көбейту және білім сапасын арттыру, ең төменгі жалақы мөлшерін көбейту, сәби күтімі үшін төленетін төлемақы мөлшерін 1,5 жылға ұзарту, Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын 18 жасқа дейінгі балаларға арнаулы жинақтаушы есепшотына аударып отыру сияқты өзекті мәселелерді атап айтсақ болады. Осы бағыттар қолға алынып, медицина саласы дамыса – ол халықтың денсаулығын жақсартады. Ұлттық қордан 18 жасқа дейінгі балалар қорына ақша аударылатын болса, ол елімізде отбасылардағы ұрыс-керісті жойып, балаларды тұрғын үймен немесе жоғары оқу орнында оқуын қамтамасыз етеді, жалақының көбеюі және басқа да жоғарыда аталған инвестициялық жобалар халықтың тұрмысының жақсаруына, экономикамыздың дамуына ықпал етеді деп сенемін. Сондықтан, бұл бастамалар Жаңа Қазақстанды құруға арналған нақты қадамдар деп санаймын.
Барша қазақстандықтарды Мемлекет басшысының Жолдауына қолдау білдіріп осы бағытта бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара бірігіп, жұмыс атқаруға шақырамын.  

Өрісбай КӨПЕЕВ, 
Қазығұрт аудандық мәслихатының хатшысы.
Пікір қалдырыңыз