Жанармай бекетіне жем болып жүрген жоқсыз ба?

Жанармай құю бекетінің кейбір қызметкерлері тұтынушыларға отын сату кезінде қулық жасап жіберуі мүмкін. Мұндай жағдай өте жиі кездеседі. Әсіресе, бұл «қақпанға» туристер жиі түсіп қалады екен. Оларға қатысты «резеңке бензин багы» деп аталатын әдіс қолданылады. Бұл қандай әдіс және жанармай құюшылар автокөлік жүргізушілерін тағы қалай алдайды? Айтайық. 

Жанармайды өндіру және тасымалдау кезеңдерінде бақылау күшті болатындықтан, теріс пиғылдылар жымысқы әрекеттерін тұтынушыларға бензин құю кезінде іске асырады. Көбіне мұндай әрекеттерді жиі-жиі кезек ауыстырып тұратын жанармай құюшылар орындайды екен. Дегенмен, мұндай заңбұзушылыққа бекеттегі қызметкерлердің барлығы қатысып, тапқан пайданы өзара бөліседі. 
Енді «резеңке бензин багы» әдісіне тоқталсақ. Бұл өте қарапайым технология. Егер жүргізуші бакты толтыра құюды сұраса, есептегіш шектеусіз іске қосылады. Сосын, қызметкер бензин түтігін бак қақпағына салып, тетікті басады. Ал, жанармай ыдыс толғанша ағады. Осы орайда біз әрбір бензин багында ауа шығатын желдету арнасы болатынын білуіміз керек. Тиісінше, жанармай құюшы сол арнаны бекітеді де, ауаның бак аузынан шығуына тура келеді. Ал, тікелей бак қақпағынан шығатын ауа түтікшеден ағатын бензинмен қарсы келіп, оның ағуына жол бермейді және автоматты құрылғыдан бензин ағуы тоқтайды. Дегенмен, мұндай кезде түтікшенің тетігін қайта бассаңыз, бакқа тағы бірнеше литр жанармай құйылуы керек. Бірақ, оны алаяқтар пайдаланады. Яғни бензин құйылып бітті дейді де, сіз кеткесін құйылмай қалған бірнеше литр жанармайды өз ыдыстарына құйып алады. Мұндай кезде тіпті 10 литрге жуық бензинді пайда қылуы мүмкін екен. Сіздің есебіңізден, әрине. 
Сондай-ақ, кассадағы қызметкер «сіздің көлігіңізге артық жанармай құйылып кетті, ақшасын төлеңіз немесе бензинді құйып аламыз» десе, оның айтқанына көне салмаңыз. Мұндай жағдайда дауласудың да керегі шамалы. Өйткені, олардың бұлай істеуге құқығы жоқ. 
Алдаудың тағы бір кең тараған технологиясы – жанармай құймау. Бұл әдіс әсіресе, аппараты ескі бекеттерде жиі орын алады. Мысалы, жанармай құюшы өздері дайындап қойған сымдарды ажырату арқылы түтікті өшіре алады. Дегенмен, қазір мұндай құрылғылар көп емес. Алайда, «адамнан айла артылмас» демекші, су жаңа технологияны да қашықтан істен шығарып, қайта қосудың амалын тауып алғандар бар. Бұл әдіс негізінен бағдарламалық жасақтама арқылы реттеледі. Көбіне жаңа құрылғы мен оның бағдарламасы іске қосылған басқару тетігі операторда болады. Нәтижесінде өзіңіз айтқан көлемдегі бензинге ақша төлейсіз, бірақ, жанармай бірнеше литр аз құйылады. Бұл алаяқтықтың бір жаман жері – аппараттың дұрыс жұмыс істемей тұрғанын дәлелдей алмайсыз. Себебі, түймені қайта басқаннан кейін бағдарлама қайтадан іске қосылады және жанармай босату жүйесі бензинді қалыпты күйде шығара береді. Негізі, бұл алдау әдісі тұрақты түрде қолданылмайды. Және танымал жанармай бекеттері мұндай қадамға бара бермейді. Керісінше, маркасын танымал компанияларға ұқсатып жасайтын жеке кәсіпкерлер осындай әдіспен пайда табады. Яғни олар да жанармайды басқалар сияқты бір бағамен сатады, бірақ, көлемі аз болады. Сонымен қатар, бейтаныс жанармай бекеттерінің бензині сапасыз болатыны да қаперіңізде жүрсін.
Пікір қалдырыңыз