Партияларды тіркеуге қатысты құжаттар мақұлданды

ҚазАқпарат. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Конституциялық Заңның жобасы 7 конституциялық заңға түзетулер енгізуді көздейді. Заңның жобасында 51 заңға, оның ішінде 15 кодекске түзетулер енгізу қарастырылған.
ҚР Әділет министрі Қанат Мусиннің түсіндіруінше, Президентке қатысты түзетулер ескерілген. Жоғарғы Сот Кеңесіне қатысты жекелеген өкілеттіліктерді, Сенаттағы «Президенттік квотаны» қысқарту, Парламенттің бірқатар жаңа өкілеттіктері бойынша түзетулер бар. 
Сонымен қатар сайлау заңнамасына қатысты да түзетулер бар. Сайлау жүйесінің аралас моделіне көшуіне байланысты сайлауды өткізудің жүйесі толығымен қайта құрылады. «Сайлау процесі заманның талаптарына сай жетіліп келеді. Депутаттық мандатты кері қайтарып алу жаңа институты енгізіледі. Ауыл және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлау кезең-кезеңімен енгізіледі» деді ведомство басшысы.
Заң жобаларында саяси партияларды тіркеу тәртіптеріне қатысты түзетулер қамтылған. Саяси партияларды тіркеу үшін оның сандық межесі 20 мыңнан 
5 мың адамға дейін, саяси партиялардың аймақтардағы өкілдіктерінің саны 600-ден 200-ге дейін, саяси партияны құру кезіндегі бастамашыл топ азаматтарының саны 1 мыңнан 700-ге дейін қысқартылады.
Пікір қалдырыңыз