Мемлекет басшысы Сенат төрағасын қабылдады

ҚазАқпарат. Қасым-Жомарт Тоқаевқа 14-15 қыркүйекте елордада өтетін әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне дайындық барысы туралы мәлімет берілді.
Парламент Сенатының Төрағасы, Съезд Хатшылығының меңгерушісі Мәулен Әшімбаев дінаралық форумға 50-ден аса елден 100-ден астам делегат келетінін жеткізді. Аталған жиынға Рим Папасы Франциск, Әл-Азһардың Жоғарғы имамы шейх Ахмад ат-Тайеб және басқа да діндер көшбасшылары қатысады деп жоспарланып отыр.
Сенат Төрағасының айтуынша, алдағы іс-шара әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарының қызығушылығын тудырып отыр. 200-ден астам шетелдік және 300-ден астам қазақстандық БАҚ өкілдері аккредитациядан өткен.
Съезд аясында декларация қабылданбақ. Бұл қорытынды құжат форумға қатысушылардың өркениетаралық және конфессияаралық, сондай-ақ, жаһандық дамудың өзекті мәселелеріне деген ұстанымын білдіреді.  
Президент қазіргі жағдайда съезд өткізудің маңызы жоғары екеніне тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық диалог мәдениетін ілгерілету қажеттігін және Қазақстанның осы үдеріске қатысуы маңызды екенін атап өтті.
Сонымен қатар Мемлекет басшысына Сенаттың алдағы уақытқа арналған жұмыс жоспары баяндалды.

Пікір қалдырыңыз