Рүстемнің кешенді «мехотряды»

Сайрам ауданына қарасты Қарамұрт елді мекенінің тұрғыны, механизатор  Рүстем Хайтметовтің бригадасын жұрт осылай атайды. Расында, ол басқаратын механикаландырылған отрядта техниканың түр-түрі бар. Астық жинайтын комбайн, доңғалақты трактор, «Газ-53» жүк автокөлігі және «Нива» жеңіл көлігі дейсің бе, бәрі бар. Бригада құрамында Рүстемнің  Ашурмат және Тахир атты ұлдары қажырлы жұмыс істеп жүр. «Әкеге тартып ұл туар» демекші, жастайынан еңбекпен ысылған балаларының үлкені комбайн штурвалында отырса, екіншісі тракторды ұршықтай үйіреді. Жақын ағайыны Фахруддин Икрамов механизаторлардың басшысы. Жүргізуші Хайтуар Атамқұлов та қара жұмыстан қайтпайды. Жігіттердің бәрі дерлік бесаспап. Әрқайсысы кез келген техниканы басқара біледі. Бұдан басқа жер жыртатын, танапты малалайтын, дән себетін, шөп оратын, оны престейтін агрегаттары, тағы басқа да ауыл шаруашылығы техникалары жетерлік. Арнайы тележканы жабдықтап, жылжымалы асхана жасапты. Олар кешке үйіне қайтпай, қоста демалады.  Бір сөзбен айтқанда, жылжымалы кешенді механикалық отряд көктемнен қара күзге дейін бір тыным таппайды. Алдымен жер жыртады. Сосын алқапты тырмалап,  оны егіске әзірлейді, дән сепкіш сеялкамен тұқым себеді. Жасыл орақ  кезінде жоңышқа мен табиғи шөпті оруға кіріседі. 
Өткен жылы қуаңшылық болуына байланысты бастапқыда жоңышқа пресінің бағасы 1000-1200 теңге аралығында болса, кейін оның бәсі 1500-1600 теңгеге шарықтап шыға келді.  Биыл тайланған экспарцеттің әрбірі 400-500 теңгеге төмендесе, жоңышқа пресінің әрқайсысын 500-600 теңгеге саудалап алғандар аз болмады. Бидайдың гектар берекелілігі де былтырғыдан жоғары. Өйткені, биыл жауын-шашын мол болды. Әр гектардан орта есеппен 15-20 центнерден дән бастырған шаруалар еңбектерінің еш болмағанына шүкіршілік етеді.
Жылдағы дәстүр бойынша Рүстем Хайтметовтің бригадасы егін орағын өз ауылынан бастап, мұнда 200 гектар дәнді дақылдан мол өнім алды. Сосын көршілес Төлеби ауданына қарасты Көксәйек ауылдық округіндегі елді мекендерге көмекке келді. Мұнда оларды асыға күтетін диқандар мен фермерлер көп. Қазірдің өзінде аталмыш бригада 700 гектардың астығын жинап үлгерді. Бұл бригаданың бір ерекшелігі, 2 комбайнның соңына сабан топанын жинайтын «ПУН» тележкасын тіркеген. Ал, ұнтақталған бидай сабаны малға таптырмас азық. Сондықтан тұрғындар тарапынан бұған  сұраныс та жоғары. Шаруа өзіне қажеттісін үйіне түсіріп алады, артылғанын өзгелерге сатады. Р.Хайтметовтің мехотряды мұнан кейін Тасарық, Қаратөбе ауылдық округтеріндегі елді мекендерге қарай жылжиды. Ақсу өзенінің арғы жағында да егістік алқаптар күтіп тұр. Сондықтан осы аймақтағы жиын-терімді аяқтамай, олар үйлеріне қайтпайды. Бидайдан кейін мақсары оруға кіріседі. Күзде қайтадан келесі жылдың өніміне негіз қалау үшін жер айдау науқаны кезек күтіп тұр.
– Әрине, шаруаның бәрінде бірдей техника жоқ. Ал, шағын өндірістік кооперативтер алдымен өздерінің астығын жинайды. Олардың жеке шаруа қожалықтарына көмектесуге мүмкіндігі бола бермейді. Сол себепті, көбісі  бізден көмек күтеді, – дейді Рүстем Хайтметов. – Біз қолжетімді бағада егінін орып, астығы мен сабанын үйлеріне жеткізіп береміз. Осылайша халыққа қызмет көрсетіп, алғысын алып жүрген жайымыз бар. 
Саналы ғұмырының 25 жылын ауыл шаруашылығы саласында өткерген қарапайым механизатор іске қолбайлау 
болатын кедергілерді де жасырмай айтты. Мәселен, күн өткен сайын белең алған қымбатшылық қос бүйірден қыса түсуде. Әсіресе, босалқы бөлшектердің бағасы аспандап барады. Диқан соған 
қынжылады.
– Бұрын 300 теңге тұратын комбайнның бір подшивнигі биыл 1 800 теңгеге көтерілген, яғни 6 есе өскен. Былтыр солярканың литрі 170-180 теңге аралығында еді, қазір 220 теңгеден босатылады. Тракторлардың доңғалағын 60 мың теңгеден алатын едік, енді олар 160 мың теңгеге шарықтап шыққан. Ал, комбайнның үлкен баллоны 300 мың теңгеге көтерілген. Астық жинайтын агрегаттың ремені жиі жарамсызданады. Оны бұрын 16-18 мың теңгеге табуға болатын. Қазір оны сатып алу үшін 42 мың теңгені санап беруге тура келеді. Басқасын айтпағанда, литрі 500 теңге тұратын автолды 1200 теңгеден сатып алуға мәжбүрміз. Қымбатшылық қамыты механизаторлардың мойнына түскен қылбұрау сияқты. Осы бетімізбен кете берсек, қайда барамыз? Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы,  Ауыл шаруашылығы министрлігінің не ойлағаны бар осы?! Қымбатшылыққа тұсау салынатын уақыт бола ма? – деп ашынады Рүстем.
Осындай қиындықтарға қарамастан өсірілген дәнді дақылдарды ысырапсыз жинап алып, ел ырысын еселеп жүрген механизаторлардың еңбегіне тәнті 
боласың. 
                                                                                           
С.МӘТҚАЛИҰЛЫ.

Пікір қалдырыңыз